ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы №456 Жарлығына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссиясы бүгінде белсенді жұмыс істеуде. Тарих беттеріндегі ақтаңдақтарды ашып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында құрылғанМемлекеттік комиссия жұмысының өзекті бағыты — оқиғаның куәгерлерінен, олардың ұрпақтары, сонымен қатар сол қайғылы оқиғалардың мән-жайын білетін адамдардан өткеннің шынайы бейнесін жаңғыртуға көмектесетін ауызша деректерді жинақтау болып табылады.
Осыған сәйкес, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде қуғын-сүргінге ұшыраған дәстүрлі дін қызметкерлерінің өкілдері, ишан-молдалардың ұрпақтарымен өткізілетін сұқбат жалғасып жатыр. Сұқбат барысында жинақталған материалдар алдағы уақытта шығатын«Халық жады» атты естелік кітапқа енгізілетін болады.
Сондай сұхбаттардың бірін ҚР мәдениет қайраткері, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның Шымкент қалалық жұмысшы тобының Дәстүрлі дін өкілдері — саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін зерттеу, қорытынды және ұсыныстар дайындау жөніндегі бағыттың жетекшісі Серікбаева Гүлмира Алдоңғарқызы алды.
Бұл жолы сұқбат беруге сталиндік қуғын-сүргінді басынан кешірген Кенбаевтар әулетінің ұрпағы Бураханов Қайрат Нысанбайұлы, қуғын-сүргінге ұшыраған ишан, молда Ишанханов Гүлтөреханның ұрпақтары Гултураев Изатулла және Гултураев Хайрулла, қуғын-сүргін құрбаны Әлікеұлы Ерменбектің ұрпағы Ерменбеков Берік, қуғын-сүргінге ұшыраған Артыққожа Жүсіпқожаұлының ұрпағы Артыкова Пакизат келді.
Тарихи әділеттілік орнату үшін көпшіліктің белсенділігі аса қажет. Егер діни қызмет өкілдері бойынша қызыл қуғындауға түскен құрбандардың ұрпақтарын білетін болсаңыз немесе өзіңіздің ата-әжелеріңіз саяси қуғын-сүргінге ұшыраса тарихынан сыр шертіп, естелік айту мүмкіндігі бар.
Сіздер айтқан естеліктер ең алдымен мемлекетіміздің тарихын толықтыруға қосқан үлесіңіз болады, сіз де тарихта қаласыз. Сондай-ақ, қуғын-сүргінге түсіп, бір ғасыр бойына іздеу-сұраусыз қалған ата-әжелеріңіздің рухына тағзым етесіз. Отбасы тарихынан отанның тарихы құралады.
Байланыс телефондары:
8 (702) 875-02-42,
8 (771) 896-76-36.
Leave a Reply