Президент Қасым-Жомарт кемелұлы еліміздегі оқу-ағарту саласын дамыту жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарды әрдайым өз назарында ұстап келеді. Осы орайда Шымкент қаласының білім басқармасының тапсырмасына сәйкес шаһарымыздың білім беру ұйымдарының цифрлық білім беруді жетілдіруді, ұстаздардың біліктілігін көтеруді, оқушылардың сапалы тегін білім алуына жағдай жасауды бірінші орынға қойып отыр. Президентіміздің тапсырмаларына сәйкес мемлекет тарапынан бұл салаға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекет бас шысы екі күн бұрынғы ұстаздар күнінде былай деген болатын:
– Менің тапсырмаммен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде білім саласындағы үздік мамандарды, яғни нағыз көшбасшыларды іріктеу жобасы жүзеге асырылып жатқанына тоқталды Қазірдің өзінде аталған жобаға қатысқан 134 педагог мектеп директоры болып тағайындалған. Бұдан бөлек, Президент білім сапасын арттыру, балаларды үйлесімді және жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған жүйелі шараларға назар аударды.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында келесі жылы 460 мыңнан астам балаға арналған 217 жаңа мектеп салу жоспарланған. Олар заманауи талаптарға сай жабдықталған озық білім ошағы болады. Мектептерде ерекше қажеттіліктері бар балалардың кедергісіз білім алуына қолайлы жағдай жасалады. Аталған ауқымды жоба үш ауысымды мектептер мәселесін шешуге, қала мен ауыл мектептеріндегі білім алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, елімізде жыл сайын кемінде мың мектептің ғимаратына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Білім беру процесін цифрландыруға баса назар аударылады. Барлық мектепті жылдамдығы жоғары интернетке қосу бойынша кешенді жұмыс қолға алынады. Қосымша білім беруге ерекше мән беріледі. Оның аясында үш миллионнан аса адамды қамту жоспарланып отыр. Биыл отандық мектептердің оқушылары халықаралық олимпиадалардан 360-тан астам медаль жеңіп алды. Бұл – ұстаздарымыздың жанкешті еңбегі мен кәсібилігінің жемісі, – деді Мемлекет басшысы. Президент ұлағатты ұстаздар тұтас ұлтты тәрбиелейтінін атап өтіп, жастардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру өте маңызды екенін жеткізді
– Оқушыларды білімпаздыққа, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа баулу қажет. Әрине, қазіргі заманда бұл оңай шаруа емес. Соңғы кезде интернеттің теріс бағыттағы шырмауына түскен жастар көбейіп кетті. Біз балаларды түрлі қатерден қорғай білуіміз керек. Осыған байланысты нақты шаралар қабылданып жатыр. Менің тапсырмаммен «Біртұтас тәрбие» атты арнайы бағдарлама дайындалды. Бұл құжатта Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілді. Мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне ұстаздармен бірге ата-аналар да атсалысуы қажет деп санайды. Бұл орайда, Президент мұғалімдердің пандемия, су тасқыны кезінде оқу үдерісін тоқтатпай, міндетін адал атқарып, елге жанашырлық танытқанын мысал етті.
– Мұғалімнің мәртебесі қашанда бәрінен биік. Ұлы тұлғалардың өзі ұстазының алдында шәкірт болып қала береді. Бір сөзбен айтсақ, барша жетістіктің бастауында ұстаз тұр. Ұлттың болашағы – ұстаздың қолында. Менің мақсатым – ұстазды қоғамымыздың басты кейіпкері ретінде дәріптеу. Себебі сіздер бала оқыту арқылы келешектің кірпішін қалайсыздар. Қазақстанның дамыған ел болуына зор үлес қосып жүрсіздер. Сіздердің табанды еңбектеріңіз ерекше құрмет пен жоғары марапатқа лайық, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбегі ерен мұғалімдер жеткілікті екенін атап өтіп, алдағы уақытта олар да назардан тыс қалмайтынын айтты.
– Ұстаздар әулетіне айрықша мән беріледі. Бүгін мен білім беру ісінде 350 жыл еңбек өтілі бар Асылаевтар отбасы туралы мақаланы оқыдым. Олар Абай облысында тұрады екен. Мұндай өнегелі әулеттер елімізде көп деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»… . Иә, бұл мектеп мұғалімі – ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мақтауларды жалғастырсақ, даналық сөздер тізбекбегі шексіздікке ұласады. Ұстаз мектептің жүрегі іспеттес. Өйткені, олар әрбір баланы жете зерттеп, олардың алда қандай маман болатынына бағдар жасаушы, бәйгеге ат қосатын атбегі сияқты.
Ұстаздар жайында қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлы атамыз: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… . Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» — деген екен…
Олай болса, бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім екенін ұмытпауымыз қажет. Яғни, өз ісіне берілген, кез келген жаңалықты жатсынбай қабылдайтын Ұстаз кез-келген балаға, тұла бойындағы барлық адамгершілік пен сүйіспеншілік қасиетін дарыта білуі керек…
«Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын — мұғалімдікі» демекші,
Ұлт ұстазы, қазақтың өткені ғасырдағы руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы:
«Мектептің жаны – Мұғалім» деген екен!
Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі — білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім»- депті.
Арада бір ғасыр өтсе де, Алаш арысының бұл сөзі әлі күн тәртібінен түскен жоқ.
Отанымыздағы миллиондаған балаға білім үйретіп, тәрбие тағылымын дарытып келе жатқан мыңдаған мұғалім қауымын төл мерекесімен құттықтаймыз! Өзінің ісімен, өзінің сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгері сіздерсіздер! Ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан мұғалімдердің ата — анадан кейінгі атқарар рөлі ерекше, Тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы — білімді адам. Тек өз Отанымыздағы білім үрдісімен шектеліп қалмай, әлемдік білім кеңістігіне шығу жолындағы қадамдарыңыздың өзі бәсекелестіктің жолын ашарына көзіміз жетік… Әл Фараби бабамыздың тәрбиесіз берген білімнің нәтижесіз болатынын көрегендікпен айтқан, тәрбие мен білім беру ісін таразының басындай тең ұстауды ұмытпаңыздар! Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Себебі, ұстаздық өнер — тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермейді. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек. Дүниедегі сыйлы адам да ұстаз. Себебі, шәкірт өнер, білім, әдеп тәрбие, кәсіп үйреткен адамының алдында өзін өмір бойы қарыздармын деп санап, ұстазының көзі тірісінде өзін, өлгеннен кейін аруағын сыйлап, ардақтап өтеді. Шын ұстаз — ұстаз болуды балалық шағынан армандайды. Қиындығымен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан өтеді. Қиын дейтінім: әр сабағыңа жете дайындалып, балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім — тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту оңай шаруа емес. Ал олармен сырласу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңдерін бірге бөлісу, бұл бір сәтке өзіңді бала сезінетін ерекше бір қызық шақтар. Балаларға ұрысып, жекіп, кейімей ақ, олармен сырласа отырып жан дүниесін ұғынуға болады. «Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайды. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады, осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек екенін ұмытпауымыз керек. Ұстаз бала алдында өзінің жүріс тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, дауыс ырғағымен яғни барлық жағынан үлгі болуы қажет. Қазіргі жас жеткіншектер мұғалім болудан қашады, яғни үлкен жауапкершіліктен, қиындықтан қашады. Ал қиындықсыз іс болмайды. Сонымен қатар қазіргі заманда жүрегінің қалауынсыз жоғарғы оқу орнын бітіріп кеп, мектепте жұмыс жасап жатқан жас мамандар да баршылық. Жаңа заманға сай жігерлі де намысты ұлдарымызды, инабатты да ибалы қыздарымызды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қазақы болмысымызбен тәрбиелеуге атсалысайық.
Қызмет ақпарат
Leave a Reply