«Суды аз сұрайтын дақылдар егіңдер дейді»: Түркістан облысындағы шаруалар су тапшылығының зардабын тартып отыр

«Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» мемлекеттік кәсіпорны Түркістан облысында су тапшылығының салдарынан егін шаруашылығына қауіп төніп тұрғанын болжайды. Қазгеодезияның 6 мамыр күнгі жарияланған зерттеуінде Шардара су қоймасының асты шөлге айналып, таязданып кеткені айтылған. Осының салдарынан Өзбекстан жағынан келетін суды тұрғындар жеткілікті ала алмай отыр, дейді мамандар. Stan.kz тілшісі су тапшылығы төніп тұрған аймақтың шаруаларымен тілдесіп, мәселенің мән-жайын сұрады.

 

Қазгеодезия мәліметіне сүйенсек, салынғанына 54 жыл болған Сырдария өзеніндегі Шардара су қоймасында айтарлықтай морфометриялық өзгерістер болған. Су астының таяздануы салдарынан су қоймасының көлемі өзгеріп, көлденең ағысы ұлғайған. Су қоймасының бір бөлігі Өзбекстан аумағында орналасқандықтан тұрғындар суды қажетті көлемде ала алмай отыр.

«Су қоймасының жалпы көлемінің нақты деректері мен жобалық деректерінің айырмашылығы 1 625 млн текше метрді құрайды. Су қоймасының пайдалы көлемінің нақты деректерінің жобадан ауытқуы 908 млн текше метр суды құрайды. Түбіндегі шөгінділердің көлемі 600 млн текше метрден асады», – делінген Қазгеодезия таратқан ақпаратта.

Сырдария өзені – Түркістан және Қызылорда облысы тұрғындарының басты тіршілік көзі саналады. Ал халықтың басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатындықтан, жергілікті шаруалар биыл бұл мәселенің өте өзекті болып тұрғанын айтады.

«Мен мал шаруашылығымен айналысамын. Өңірімізде су мәселесі жылда туындайды. Биыл да қазір кейбір аймақтарда су көзін жауып тастады. Жергілікті билік өкілдеріне, жауаптыларға барып базынамызды айтқанбыз, олар шешеміз деп уәде берді. Бірақ әзірге ешқандай хабар жоқ», – дейді Түркістан облысында тұратын шаруа Мұратбек Бектөреев.

«Қазірден су жоқ болса, қырық күн шілдеде қайтеміз?!»

Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында тұратын Берік Төлегенов егін шаруашылығымен қоса мал шаруашылығымен де айналысады. Шаруаның сөзінше, тапшылық суды халыққа дұрыс бөліп бере алмайтын мекемелердің кесірінен болып отыр.

«Біздің ауданымызда Көксарай су қоймасы бар. Осы қоймадан Түркістан қаласына дейін су Арыс – Түркістан каналы арқылы барады. Су тапшылығы жыл сайын болады, мысалы үшін былтыр тамыздың біріне тоқтап қалды. Негізі тапшылық қоймадағы су таусылғаннан кейін басталады. Осы орайда қоймадағы суды халыққа таратып беру жұмысы ақсап тұр. Бір мекеме дұрыс бөліп берсе, екіншісі дұрыс бөле алмайды. Айналып келгенде зардабын жергілікті халық тартады. Биылғы келген мекеме мысалы үшін, бағаны судың әр гектарына 3 500 теңгеге көтеріп жіберген. Ал бұл қарапайым халық үшін қымбат», – дейді Төлегенов.

 

Шаруаның айтуынша, Отырар ауданыны тұрғындарының 100% егін шаруашылығы мен мал шаруашылығымен айналысады. Ал жергілікті су тапшылығы жайында шаруаларға ескерту жасаған. Бірақ олар мәселенің шешу жолымен айналысудың орнына, егіншілікті қысқартуды ұсынды, дейді ол.

«Су аз болады, сондықтан суды көп талап етпейтін дақыл егіңдер деп айтылған. Бірақ халық бір нәрсені ғана егіп, соған қарап отырмайды ғой. Қауын-қарбыз екпе дейді, мақта, күріш екпе дейді. Керісінше, өнім түрлерін азайтпай, су тапшылығын шешудің жолын табу қажет. Кеше 10 мамыр күні қоймада су жинап алу үшін, су жіберуді тоқтатты. Енді қайта 1 маусым қайта ашуы қажет. Алдымызда шілде келе жатыр, ол кезде кез келген өнім суды көп талап ететіні бәріне мәлім. Сол кезде қайтеміз?» – деп қосты тұрғын.

«Түбі үлкен дау болады ау…»

Жергілікті тұрғын мекеме су бағасын қымбаттатқан соң соған лайық қызмет көрсету керек деп санайды.

«Жауапты мекеме қоймадағы суды халыққа дұрыс бөліп бере алмайды. Қазір оның үстіне мамандар да тапшы. Бұрын игерілмей тұрған 1 500-2000 га жерлер қазір игеріліп кетті. Сондықтан бұрын 1000 га жерге арнап салынған су арықтар 1 500 га жерге суды жеткізіп бере алмайды. Су арыққа сыймайды. Бұл мәселені жыл сайын айтып, көтеріп келе жатқанымызға 10 жыл болды. Алайда құрғақ уәдеден басқа шешімін тапқан мәселе жоқ», — дейді шаруа.

Төлегенов шаруалардың су мәселесін көтеріп келе жатқанына біраз уақыт болғанын айтады. Алайда жауапты азаматтардың жауабы көңіл көншітпей тұр деген ол, осылай жалғаса берсе үлкен дау болу қаупін де жасырмайды.

«Шаруалар қазір қара жерді суарып алып, егіндерін егіп жатыр. Ал бұдан бір ай бұрын егін еккендер енді су сұрай бастайды. Сондықтан олардың көпшілігі құдық қазып жатқан жағдайы бар. Бірақ құдықтың суы бәрібір ағын судай болмайды. Сонымен қатар құдық қаздыруға біреудің жағдайы жетсе, екіншісінің жағдайы келмейді»,  – дейді Берік Төлегенов.

«Су мәселесі ушыға береді»

Қазақстандағы «Шопан ата» шаруалар қауымдастығының Түркістан облысы бойынша жетекшісі Құрбанәлі Әділ су тапшылығымен бетпе-бет келген шаруаларға қандай көмек көрсетілетіні туралы айтты.

«Қауымдастықтағы барлық шаруалардың құқығы біз үшін маңызды. Су тапшылығы мәселесі де өте өзекті екені даусыз. Біздің өзіміздің әлеуметтік желілерде ортақ топтарымыз бар. Сол жерде шаруаларға ақыл-кеңесімізді айтып, мәселені заңды тұрғыда қалай көтеру қажеттігін талқылаймыз. Кеше ғана Сырдария өзенінің суының деңгейі түсіп кеткені туралы ақпараттар тарады. Сол себепті су мәселесі енді басталады деп ойлаймын. Қазір шаруалар көктемгі егіндерін суарып алды, ал негізгі мәселе екінші-үшінші суару кезеңдерінде ушығады», –  дейді Құрбанәлі Әділ.

Құрбанәлі Түркістан облысы суды көрші мемлекеттерден алатын болғандықтан еліміз Қырғызстан мен Өзбекстан елдерімен келісімдерді қайта қарап, нақты шаралар қабылдау қажет деп санайды. Олай болмаған жағдайда су мәселесі жыл сайын шаруалардың алдына тосқауыл болады, дейді ол.

Ал Түркістан облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ауылшаруашылық мәселелер жөніндегі орынбасары Аслан Ибадуллаев су тапшылығын тартқан шаруаларға көмектесу үшін нақты сақтандырудың болуы қажет екенін айтады.

«Бұл мәселені негізінен табиғи апаттар деп қарастырады. Ал көмектесу үшін шаруаның сақтандыруы болуы қажет. Су тапшылығы бойынша біз ұсыныс тастағанбыз, оған су үнемдеу технологиясы міндетті түрде енгізілуі қажет. Біз су үнемдеу субсидиясын 50%-дан 80-% ға дейін көтеруді ұсындық. Себебі, шаруалар соған ынталануы қажет», –  дейді Аслан Ибадуллаев.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика