Адам ағзасына йодтың қалыпты өсуге, даму мен тіршілік етуге өмірлік қажеті бар микроэлемент екенін білуі тиіс. Йодтың тапшылығы алқымның ісуіне, яғни қалқанша бездің үлкеюіне әкеп соқтырады.
Егер йод тапшылығының орнын толтырмаса, қалқанша бездің гормондарды өндіру қызметі бұзылады. Адам ағзасында йодтың 90 пайызы тағам арқылы қабылданады. Йодтың көпшілігі теңіз өнімдерінде (теңіз балығында, балық майында, теңіз орамжапырақтарында) кездескенімен, оны бір шөкім йодталған тұзбен алмастыруға болады. Қазақстанның аумағында табиғи йодтың мөлшері жеткіліксіз болып келеді, сол себептен біздің көптеген отандастарымыз үшін йодпен байытылған тұз пайдалы болып келеді. Бүгінгі таңда табиғи йодталған тұздың жетіспеушілігінен, тұзды жасанды йодтап пайдалануға мәжбүрміз.Адам өз өмірінде бір шай қасығына сиятын 8 грамм йод тұтынатыны есептелген. Негізінен құрамындағы йод ауаға ұшып кетпеуі үшін тұзды қақпағы жабық ыдыста сақтайды. Йодталған тұздың сақталу мерзімі 6 ай, мұны сатып алған кезде есте сақтаңыз. Йод жарық әсерінен тез бұзылатындықтан, оны дүкеннен герметикалық орамамен сатып алу қажет. Тұздың қорабындағы кішкентай қуыстың өзі оның құрамындағы йодты азайтады. Ағзамызға йодталған ас тұзын,және аталған тағамдарды пайдаланғанда ғана жеткілікті мөлшерде болатынын есте сақтауымыз қажет.
А.Асилбекова,
Қаратау аудандық СЭББ бас маманы
Leave a Reply