Қазақстанда баспана саудасы күрт төмендеп кеткен. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, үй сатып алу өткен айда наурызға қарағанда 22 пайызға азайған. Сарапшылардың баспана саудасының төмендеуіне не себеп екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК”арнасына сілтеме жасап.
Табысы төмендеген құрылыс компаниялары енді түрлі амал-айласын ойластырып жатыр.
10 жылдан астам жылжымайтын мүлік агентігінде қызмет ететін Ғалым Ысқақов соңғы айларда баспана саудасы күрт төмендеп кеткенін айтады – пәтер құны тым қымбат. Мұны Ұлттық статистика бюросы да растап отыр. Мысалы, наурызда елде 67 мың жылжымайтын мүлік сату мәмілесі тіркелсе, сәуірде 52 мыңға дейін түскен.
“Иә соңғы екі айда пәтер бағасы қатты өсіп кетті. Сұраныс азайды. Себебі: ипотеканың мөлшерлемесі көтерілді. 13,5 пайызға. Ұлттық банктің. Сондықтан ипотека 20 пайызға дейін көтеріліп кетті, ол өте қымбат. Бұрын тұтынушы несие болған. Тіпті одан да төмен”, – дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің бас директоры Ғалым Ысқақов.
Ал зейнетақы қорындағы жеткілікті шекті соманың мөлшері өседі деп жарияланып, ол сәуірге дейін шегерілгенде басыбайлы баспанамды аламын деушілердің саны лезде артыпты. Бұл қаңтар-ақпан айларына тап келген. Сұраныстың аяқасты артуы да құрылыс компанияларына қол болыпты.
Ал кейін әлемдегі геосаяси ахуал күрделеніп, доллардың құны өскенде құрылыс компаниялары да пәтер бағасын шарықтатып жіберген. Ал енді көкқағаздың бағасы қалыпқа түссе де, баспана қайта арзандар емес. Өйткені құрылыс материалдары қымбат кезінде алып қойған компаниялардың аузы күйген.
“Құрылыс компаниялар әртүрлі әрекет жасап жатыр. Біреулер үйдің бағасын түсіріп жатыр, акциямен. Екіншілер бөліп төлеуді жасайды. Көп құрылыс компаниялары нарықтан кетіп қалатын сияқты. Себебі: көп объектілер қазір тоқтаған. Тоқтатылып жатыр”, – дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің бас директоры Ғалым Ысқақов.
Мұны естіген кей «жанашырлар» құрылыс компанияларына мемлекет тарапынан субсидия берілуі керек деп те айтып жатыр. Бірақ сарапшылар бұл қисынсыз қалау деп отыр. Үкімет берген ақшаға дәніккен құрылысшылар мастанып кетуі мүмкін екен. Әрі «бармақ басты, көз қыстыға» салынары айтпаса да түсінікті жағдай.
“Құрылыс компаниялары субсидиялық, былай қарасаңыз, жемге отырып алса, одан кейін жағдайымыз мүлде мүшкіл болады. Біріншіден, ешқандай бәсекелестік болмайды. Екіншіден, бізде құрылыс компаниялары арасындағы ауызжаласу, бірлесіп субсидия алу, мемелекетті барынша сору әрекеті көбейеді. Одан халыққа ешқандай пайда болмайды”, – дейді сарапшы Айбар Олжаев.
Елдегі ең қымбат тұрғын үй Алматы қаласында. Оңтүстік астанада баспананың шаршы метрі 740 мың теңгеге бір-ақ жеткен. Ал екінші орында – елорда. Алматыға қарағанда 100-150 мың теңге айырмашылық бар.
Дәл қазіргі жағдайда экономист сарапшылардың пікірі екіге бөлініп отыр. Бірі – азаматтар әліптің артын бағып, баспана бағасының арзандауын күту керек десе, екіншілері – басыбайлы баспана үшін қолда бар қаражатты қазір салып үлгеру қажет дейді. Бұл ретте мүлік саудасымен айналысатындардың да өз айтары бар. Азаматтар үй сатып алғанда мұқият болғаны абзал. Өйткені құрылыс компанияларына қаржы жетіспеушілігінен сапасыз нысан көбеюі мүмкін екен.
Leave a Reply