РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ СТАМБҰЛ

Түркияға саяхат көктем-жаз мезгілдеріндегі туристік бағыттардың көшін бастайды. Бұған себеп жылы теңізі, жұмсақ құмы, жоғарғы класты қызмет, сәнді әрі сапалы таураларға толы дүкендері, ерекше көрікті, тарихи мекендері мен дәмі тіл үйіретін асханасы.

Түркия Еуропаның оңтүстік-шығысы мен Кіші Азияда орналасқан. Елдің тамаша демалыс аймағына айналуына себеп болған төрт теңізі. Солтүстігінде Қара теңіз бен Мәрмар теңіз, батысында Эгей теңізі, ал оңтүстігінде Жерорта теңізі жатыр. Сондай-ақ, аумағында бірнеше өзендер мен тұзды көлдер кездеседі.

Түркияда демалу үшін Қазақстан азаматтарына виза әзірлеудің қажеті жоқ. Әуежайда шетелдік төлқұжатқа Түркия аумағында 90 күн болуға құқық беретін белгі қойылады.

Бұл елге демалуға келетін саяхатшылардың санында шек жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған демалушылардың арасынан еуропалықтарды да, азиялықтарды да көптеп кездестіресіз. Бұл дегеніңіз жыл өткен сайын Түркия еліне келушілердің саны артпаса, кемімеген деген сөз. Анадолы жеріне ағылған туристердің бір ғана арманы бар: ол түрік халқына тән нәрсенің бәріне қанығу, әсем табиғатын тамашалау, тарихи құндылықтарына тәнті болу. Отбасымен, туыс-туғанымен, құрбы-құрдастарымен, достарымен, топ-тобымен қыдырған қауым.

Түркияның ең танымал, тарихи, туристер көп келетін қалаларының бірі Ыстамбұл.

Стамбұл қаласы – ежелгі Рим, Византия, Осман империяларының астанасы болған тарихи қала. Қара теңіз бен Мәрмәр теңіз жағалауында орын тепкен бұл алып шаһардың тамыры тым тереңде жатыр. “Көне Константинопольдің” “Сырлы Ыстамбұлға” дейінгі жолы тарих толқынының қат-қабат белестері арқылы аян.

Ыстамбұл мемлекеттің ең ірі сауда-саттық, қаржы, өнеркәсіп, мәдени және ғылыми орталығы.

Әдемі келбетімен әлемді сүйсіндіріп, тарихи орындарымен талайды таң қалдырған Ыстамбұл қаласы 2010 жылы Еуропаның мәдени астанасы атанған болатын.

Ыстамбұл қаласында соңғы санақ бойынша 17 миллион адам тұрады. Яғни, бір қаланың өзінде барша Қазақстан халқы өмір сүріп жатыр деген сөз. 

Ыстамбұлға келген күннің ертесіне тобымызбен Таксим алаңын көруге бардық.

Таксим алаңы

Таксим алаңы (түрік тілінде Таксим Мейданиге ұқсайды) Ыстамбұлдыңеуропалық бөлігінің ең маңызды көрікті жерлерінің бірі және туристер мен жергілікті тұрғындардың ең тығыз қоныстанған жері. Таксим – аты аңызға айналған Истиклал көшесінің бастау алатын жері, онда қымбатқонақ үйлер мен әйгілі мейрамханалар орналасқан. Сондайақ күн сайын миллиондаған адамдар өтетін орын.

Алаңның дәл ортасында 1928 жылы итальяндық мүсінші Пьетро Каноника жасаған Республика монументі (Cumhuriyet Aniti) орналасқан. Бұл әйгілі ескерткіш Түркия Республикасының құрылғанына орай тұрғызылған. 11 метрлік ескерткіште Мұстафа Кемал Ататүрік және оның адал серіктері – генерал Исмет Инёню және маршал Февзи Чакмак бейнеленген. Қазір бұл алаңда маңызды ресми іс-шаралар, наразылықтар мен пикеттер өтеді.

Таксим алаңында 2021 жылы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасыменашылған Таксим мешіті бар.

Ресми мәлімет бойынша, мешіт пен оның 30 метрлік мұнарасын салуға төрт жыл уақыт кеткен. Құрылысты Ердоғанның өзі бақыладыдеседі. Түркия президенті бір сұқбатында осы мешіт салынғанға дейін бұл маңайда намаз оқитын бөлме де болмағанын айтқан екен. Екімұнарасы бар мешіт кешеніне 4 мың адам сияды, онда көрме залы, кітапхана және тамақтанатын орын бар.

Таксим алаңынан Ыстамбұлдағы ең танымал туристік жаяу жүргіншілер көшелерінің бірі – Истиклал басталады. Оның ұзындығы шамамен 1,5 шақырым. Мұнда әдемі серуенқұрып, архитектуралық ғимараттарды тамашалап, түрлі дүкендерді аралап, еуропалық немесе түрік тағамдарынан дәм татуға болады. Сондай-ақ дәл осы көшеде 90-шы жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан тарихи трамвайға мінуге мүмкіндік бар.

Бізді бастап жүрген Рамазан мырза атақты Истиклал көшесінен кейін бірден Аия Софиямешітіне алып барды. Сапарымыз ауа райының суық күніне сәйкес келсе де, мешітті көруге келген туристерден адам аяқ алып жүргісіз. Олардан бөлек, мешітке құлшылық етуге келген жергілікті бауырларымызды да көптеп кездестіресіз.

Айя София көне сәулет өнерінің үлгісінде салынған Ыстамбұлдағы ірі мешіттердің бірі. Ол2020 жылы мұражай мәртебесінен айырылып, мешіт ретінде тіркелді.

Оның іргетасы Византия императоры Константиннің бұйрығы бойынша қаланған. Б.з. 532 – 537 жылдар аралығында 10 мың жұмыскер қызмет етіп, 5 жылда салып бітірген. Оның биіктігі – 55.6 м, диаметрі – 31.4 м. Күмбездіктің 40 терезесі бар. 1453 жылға дейін ғибадатхана қызметін атқарған. Осман империясының қол астына өткеннен кейін, мешіт ретінде пайдаланылды. 1935 жылдан 2020 жылға дейін музей қызметін атқарды.

360 жылы Византия императоры Константин негізін қалаған шіркеудің ағаш шатыры 404 жылы жанып кетті. Кейін қалпына келтірілген.

Аия София мешітінен кейін Сұлтанахмет мешітінебас сұқтық. Бұл мешіт Айя Софияға қарама-қарсы орын тепкен. Бұл орталықты жергілікті халық «Көгілдір мешіт» деп те атайды. Мешітте алты мұнара бар. Төртеуі бірдей, ал қалған екеуі биігірек. Естуімізше, бұл мешіт әлем архитектурасындағы ұлы туындылардың бірі болып саналады екен.

Қасиетті рамазан айы болған соң ба, кешкілік мешіт маңына жиналып, ауыз ашатындар өте көп. Біз келгенде де осы көрініс тағы қайталанды. Бірен-саран жолаушыдан «бұл неғылған көп адам» деп сұрағанымызда, «ифтар жасауға жиналған көпшілік қой» деген жауап алдық. Мешіт маңындағы көгалдарға шағын дастарқандарын жайып, ауыз ашуға қамданып отыр. Кейбірі туыс-туғанымен, кейбіреуі отбасыларымен жиналған. Бұл да дінге деген жергілікті жамағаттың құрметі болса керек. Рамазан айында көз жеткізген тағы бір ғажайып – Ыстамбұлдың кез келген нүктесінен тегін ауызашарлар ұйымдастырған адамдыкөресің. Олар әр күні кешкілік шатырлар құрып, ас-суын әзірлейді. Бұл ауызашарлардан кез келген адам тамақ ішуге мүмкіндігі бар. Өйткені дінді қастерлеген халықтың бойына тән дағдысы бұл.

Сұлтанахметтен кейін қаладағы көне орындардың бірі Ибрагим паша сарайы – Түрік және ислам өнерінің мұражайына бардық.

Әйгілі Ипподром алаңында зәулім византиялық ескерткіштер ғана емес, Осман империясы кезіндегі тарихи нысандар да барекен. Солардың бірі – бір кездері Осман империясының бас Визирі Паргала Ибрахим пашаның резиденциясы болған Ибрахим Паша сарайы (Pargalı İbrahim Paşa Sarayı). Ибрагим паша сарайының ғимаратында түрік және ислам өнерінің мұражайы орналасқан. Сарайдың (Ибрахим Паша Сарайы) пайда болу тарихы Сүлеймен сұлтанның өмір тарихымен тығыз байланысты. Сүлеймен Сұлтан туысы мен досына үлкен құрмет ретінде осы сарайдыотбасылық мерекелер өткізген екен, яғни дәл осы жердеұлдары шехзада Мұстафа, Мехмет, Селимді сүндетке отырғызып, қызы Михрима Сұлтанның үйлену тойын жасаған деседі.

Әлемде неше түрлі сұлулығымен тамсандыратын, көздің жауын алатын және таң қалдыратын қалалар бар. Саяхат жасауда әрбір жан өзінің талғамына қарай, рухын көтеретін және жанының тыныштығын табатын қаланы таңдайды. Ал менен қайда барғың келеді деп сұраса мен бар даусыммен Стамбұл деп айтар едім!

Әрине біреулер айтар ол тозығы жеткен жауап қой деп, сонда да Ыстамбұл әрбір жанды өзіне ғашық етер және бүкіл уайым-қайғыңнан арылтар қала деп ойлаймын. Стамбұл өзінің бойында ескілік пен жаңалықты бірдей ұстап тұрған ерекше және сиқырлы  қала. Хандардың тұрған Токкапыдагы сарайлары, Айя Софья және Сұлтанахмет сияқты мешіттер мен қорғандардың ұлылығын көріп Ыстамбұлдыңбекерден Рим, Византия және Осман империяларының астанасы болмағанын түсінесің.

Гүлнар Ертай, Стамбұл.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика