Бұл туралы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссиясының Жұмыс тобының жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру және ҚХА» орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар ЖАНЫСБЕКОВА мәлімдеді.
Акция 1-30 сәуір аралығында өтеді. Акция барысында қуғын-сүргін құрбандары мен олардың ұрпақтарының естеліктерін, 1930-1950 жылдары туған, ата-аналарының трагедиясын еске түсіре алатын куәгерлердің, аға буынның куәліктерін жиналады.
Атап айтқанда, естелік-әңгімелер қуғын-сүргін құрбандарының әртүрлі санаттары бойынша:
бай, кулактар;
халық көтерілісіне қатысушылар;
Қазақстаннаан мәжбүрлі босқындар;
ГУЛАГ лагерьлерінің тұтқындары;
әскери тұтқындар;
жер аударылғандар;
арнайы қоныстанушылар;
діни қызмет өкілдері және тағы басқалары бойынша қызыл қуғындауға түскен құрбандардың ұрпақтарын өзінің ата-әжелерінің тарихынан естелік айтуға шақырады. Естеліктер Астана қаласында баспадан шығарылатын «Халық жады» атты жинаққа енгізіледі. Өз естелігін неғұрлым толық айта алатын, жадында көптеген оқиғалар тізбегі қалған және құжаттық материалдарды сақтай алған 1930-50 жж. өмірге келген аға буын өкілдерінің естелігі бейнетаспаға түсіріледі.
Советтік билік өз үстемдігін кең-байтақ жерімізде орнату үшін қазақ қоғамының ғасырлар бойында қалыптасқан дәстүрлі саяси, әлеуметтік және экономикалық-шаруашылық ішкі байланыстарын жоюды өзіне мақсат етіп қойғаны белгілі. Сол үшін сол жерді мекендеген елдің есін алып, еңсесін тұқыртып, большевиктердің негізгі құралы пролетариат диктатурасын орнату мақсатында ХХ-шы ғасырдың І-ші жартысында сталиндік саяси қуғын-сүргінді аса жоғарғы қатігездікпен жүргізді. Кедейлерді тонаушы деп айып тағылғандар мен шонжарлар, хан тұқымы, билер мен молдалар қызылдардың нәубет найзасының ұшына алғашқылар болып ілінді. Олармен қоса-қабат орташалар мен кедей-кепшіктер де тәркілеу мен қуғындаудың құрбандарына жазықсыз түрде айналып кете берді. Осы нәубеттер мен қиыншылықтар 1920-1950 жылдар арасында ер-азаматтарымызды, ару қыздарымыз бен аналарымызды, жасөспірім, бәйшешек балаларымызды қақаған аяздай солдырып, жер бетінен жоқ қылды, қала берді атына өлшеусіз қара күйе жақты. «Саяси қуғын-сүргін» деп аталатын ерекше сойқанның салдарынан қаншама жазықсыз азамат «халық жауы» деген атпен атылып, қамауға алынып, олардың отбасы ойран болды.
Осы бір жазықсыз жапа шеккен азаматтарымыздың есімдерін кейінгі ұрпақтың есінен шығартуды көздеген халық жадысынан да өшірілуі үрдісі де саяси қудалаумен қоса-қабат қарқынды жүргізілді. Саяси қуғын-сүргін алапат қарқынмен жүргізілген өткен ғасырдың 20-50-ші жылдарынан бері қарай да тұтас 100 жыл өткен екен. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» десек, өткен заман қиыншылықтары мен оның барысы біртіндеп халық санасынан өшіп, жойылып кетуі орын алып отыр.
Осы кері құбылыстың алдын алу мақсатында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың арнайы жарлығымен 2020 жылы құрылған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» жөніндегі Мемлекеттік комиссиясының Жобалық офисінің (жетекшісі қоғам қайраткері, «Ардагерлер» қоғамдық қорының жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты С.А.Қасымов) бастамасымен «Халық жады» (Память народа) атты 20 томдық жинақты баспадан шығаруды жоспарлады.
Шымкент қаласының Өңірлік комиссиясының Жұмыс тобы да аталмыш жинақтың жасалуына өз үлесін қосып, мегаполисіміздің халқының ата-бабаларының тарихын ұрпақтар естелігі түрінде жаңғырту ісіне үлес қоспақ.
Осы үшін 1-30 сәуір аралығында Шымкент қаласының тұрғындары арасында «Халық жады» (Память народа) акциясын жариялаймыз!
Құрметті, шымкент қаласының тұрғындары!
Сіздерді өз әулетіңіздің тарихына терең үңілуге шақырамыз!
Сіздердің естеліктеріңіз алдымен ел тарихын толықтыруға мүмкіндік береді және қуғын-сүргінге түсіп, бір ғасыр бойына іздеусіз қалған аталарыңыздың, әкелеріңіздің, аналарыңыз бен әжелеріңіздің, сондай-ақ басқа да туысқандарыңыз бен бауырларыңыздың алдындағы тағзымыңыз болмақ.
Байланыс телефоны 8 (707) 516-37-55
Г.Жанысбекова — саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның Штаб жетекшісі
Қызмет (2000)
Leave a Reply