КЕЛГЕН ТУРИСТЕРДІ КҮТІП АЛУ ҮШІН ДЕ БІЛІКТІЛІК КЕРЕК

2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласына сыртқы және ішкі туризм бойынша келушілердің саны жыл санап көбейіп келеді. Туристер санының артқанын ескере отырып, «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы қаламыздың гид-экскурсоводтары мен қонақ үй қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды назардан қалдырған емес. Осы мақсатта гид-экскурсоводтар мен қонақ үй қызметкерлері арасында жыл сайын семинар ұйымдастырылады. Осымен үшінші жыл қолға алынған семинар биыл қазан айында өтеді деп жоспарланған. Іс-шараның басты мақсаты – қызмет көрсету сапасын арттыру және туризм саласындағы мамандардың білімін жетілдіріп, сервисты жақсарту болып табылады, дейді сала мамандары. Семинар-тренингті бизнесті дамыту, нарықта брендті сату және ілгерілету жөніндегі кеңесшілер, сертификатталған шетелдік коуч-мамандар және топ позицияларында ұзақ жұмыс өтілі бар жергілікті білікті практиктер жүргізеді. Бес күнге созылатын іс-шара соңында қатысушыларға арнайы біліктілікті арттыру туралы сертификаттар табысталады. Семинарға 40-тан астам гид-экскурсовод пен қонақ үй қызметкерлері қатысатын болады. Шымкент – шығыс мәдениетінің бар кереметін жиып, сақтаған қазыналы қобдиша іспеттес. Шаһар тіл үйірер тағамдарымен және Ұлы Жібек жолының жұрнағындай болған шығыс базарларымен ерекше тартымды. Мұнда жануарлар мен құстарды табиғи ортасында көруге болатын саялы бақтар бар. Міндетті түрде Дендробақты өз жоспарыңызға қосыңыз, бұл – тек туристердің ғана емес, жергілікті тұрғындардың да жиі серуендейтін орны. Оазис тұжырымдамасына сай, Шымкентте бассейндері мен су аттракциондары бар аквапарктер мол. Ыстық күні қала ішінде серуендеген соң, сергіткіш салқын суға шомылып, су аттракциондарында көңіл күйді көтеруге не жетсін! Мұндай белсенді демалыстан кейін міндетті түрде дәмді тамақтан ауыз тию керек: кез келген мейрамханаға кіре берсеңіз болады, себебі Шымкентте бағалар өте тиімді, ал тіл үйірер тағамдары – алуан түрлі. Алтын түстес нағыз палаудың, арнайы рецепттер бойынша әзірленген хош иісті лағманның, кәуаптар мен самса және көптеген басқа тағамдардың дәмін татуға кеңес береміз. Базарларды да аралап шыққаныңыз жөн болар. Түрлері мен дәмдері сан алуан қарбыз, қауын, алма, түрлі жаңғақтар мен тәттілер… Барлығынан да ауыз тиіп көруге болады: саудагерлер барын салып, ең жақсысын ұсынуға тырысары сөзсіз!

Қызмет (2000)

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика