Шымкент қаласындағы 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін «Жастар» бағдарламасы бойынша қаралымдағы 810 өтінім өтініш берушілердің өзіне қайта өңдеуге жіберілуде. Олар бұл құжатты 2 жұмыс күні ішінде толықтырып, қайта жолдаулары қажет. Берілген мерзімде өңделмеген немесе дұрыс толтырылмаған құжаттар қаралмайды.
«Жастар» бағдарламасы бойынша өтінімді өңдеу барысында төмендегі көрсетілген шарттарға аса назар аударуларыңыз қажет.
— құжаттарыңыздың сапалылығына;
— ұяшықтарды дұрыс толтыруға;
— банктік шотқа депозиттік шоттың ашылған күнін көрсетуді және дәлелді құжатты қосуды;
— қызмет барысындағы жеке жетістіктерге ағылшын курсын немесе басқа да курстарды аяқтау, қол алысып тұрған фотосуреттер, ата-анаға бала тәрбиесі үшін берілген алғыс хаттар, жақсы оқығаны үшін, тәрбиелі студент болғаны үшін берілген сертификаттар мен мадақтамалар жатпайды. Сондықтан тек қызмет барысында бағаланған мадақтама, алғыс хат, орден, медаль және т.б. қосуды;
— бюджеттік саладағы еңбек өтілі мен жеке кәсіпкерліктің ашылған уақытын дәлелдейтін құжаттарды міндетті түрде салуды;
— 100 мамандыққа игерген мамандығыңыз кірмеген жағдайда «басқа-иное» батырмасын басыңыз.
Айтып өтейік, «Жастар» бағдарламасы бойынша кезекті өтінім қабылдау қазан айының 6-7 күндері өткен болатын.
Тақырыпқа тұздық, Шымкент қаласында тұрғын үй сертификаты бойынша 48 азаматтың өтінімі мақұлданды. Оның ішінде толық емес отбасылар,көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйым және мемлекеттік қызметшілер бар.
Айта кету керек, Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы », «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 млн. (бір миллион) теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.
Тұрғын үй сертификатын алушылар санатына мүгедек балалары бар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар сондай ақ Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік кәсіпорындарының, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт саласының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер жатады.
Leave a Reply