Орталық коммуникациялар қызметі алаңында бірінші қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев қазақстандықтар арасында жалған немесе қасақана банкроттықтың алдын алу үшін қандай шаралар қолданылатынын түсіндірді.
Заң жобасы негізінде кейбір азаматтар табыс тапса да, өздерін банкрот деп жариялағысы келетіндер болуы мүмкін. Осы орайда жеке тұлғаларды жалған немесе қасақана банкроттыққа ұшыратпау үшін құзырлы органдардың қандай шаралар қолданады? – деп сұрады БАҚ өкілдері Қаржы министрлігінен.
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін қасақана және жалған банкроттық қарастырылған. Бұл жағдайда дәл осындай баптар қарастырылады. Несие берушілерді алдау, мүлікті жасыру фактілері анықталса, онда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, — деп жауап берді Марат Сұлтанғазиев қойылған сұраққа.
Бұған дейін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңының аясында қандай жағдайда азаматтар өздерін банкрот деп жариялай алатыны туралы жазған болатынбыз. Одан бөлек, Қаржы министрлігі өзін банкрот деп жариялағандарға болашақта қандай кедергілер болатынын түсіндіріп берді.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қарыздың сомасы мен ұзақтығына байланысты, рәсімнің 3 түрін енгізу ұсынылады, — деді вице-министр.
Бірінші.
Соттан тыс банкроттық рәсімін адам 12 ай ішінде қарызын өтей алмаса қолдануға құқылы. Бұл ретте қарыз сомасы 300 мың теңгеден (100 АЕК) аспауы керек және оның қарызды өтейтін мүлкі болмауы керек. Сондай-ақ 6 ай ішінде 5 миллион теңгеге дейінгі (1600 АЕК) қарызы өтелмеген азаматтар сотқа жүгінбей-ақ өзін банкрот деп жариялай алады, — деп түсіндірді Сұлтанғазиев.
Одан бөлек, соттан тыс тәртіппен банктер мен микроқаржы ұйымдарда, коллекторлар алдында 5 жылдан астам берешегі бар тұлғалар да қолдана алады.
Азамат «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтініш береді. Сондай-ақ «E-salyk azamat» қосымшасы арқылы құжаттарды тапсыруға мүмкіндік беріледі. Осы мақсаттар үшін веб-портал арқылы құжаттарды тапсыру, сондай-ақ талаптар сәйкестігіне автоматтандырылған тексеруден өту (мүліктің болмауы, мерзімдердің сақталуы және т.б.) мүмкіндігін енгізу ұсынылады, — дейді Қаржы министрлігінің өкілі.
Екінші.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін тұрақты кірісі бар немесе жоспар негізінде (5 жылға дейін) қарызды өтеудің басқа мүмкіндіктері бар тұлғалар қолдануға құқылы. Қалпына келтіру жоспарын қаржылық басқарушы әзірлейді және сотта бекітіледі (5 млн теңгеден асатын қарыздары болса).
Үшінші.
Сот банкроттығы рәсімі 5 млн теңгеден асатын (1600 АЕК) берешек бойынша қолданылады.
Бұл рәсім барысында борышкердің мүлігі сатылуға жатады. Түскен қаражат белгіленген тәртіппен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алуға құқылы. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылмаса, онда кредиторлар оған талап қоя алмайды, — дейді Марат Сұлтанғазиев ОКҚ-да.
Сөзінше, қалған өтелмеген сома борышкердің арам пиғыл белгілері болмаса есептен шығаруға жатады. Мысалы, мүлікті немесе ол туралы мәліметтерді жасыру, жалған ақпарат беру.
Алайда, алимент және өзге адамның өміріне және денсаулығына келтірілген залал бойынша қарыздар есептен шығарылуға жатпайды.
Өзін банкрот деп жариялағандар қайта несие рәсімдей ала ма?
Вице-министр банкроттықтан кейін пайда болатын кедергілер туралы түсіндіріп берді.
- Азамат 5 жыл бойы қарыздар, несиелер ала алмайды.
- Азамат 3 жыл бойы емделуді, жақын туыстарын емделуге ертіп жүруді немесе жерлеуге баруды қоспағанда, елден тыс жерлерге шыға алмайды.
Азаматтар 7 жылдан кейін ғана банкроттықты қайта қолдана алады. Азамат өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары және ары қарай қандай көздер есебінен өмір сүре алатыны туралы ойлану қажет. Банкроттықты қолдану жеке тұлғаларға борыштық жүктемесінен құтылуға және белсенді экономикалық қызметін жүргізуді бастауға мүмкіндік береді, — деп айтты Сұлтанғазиев.
Вице-министрдің сөзінше, 20 қаңтарда Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылды.
1 ақпанда заң тұжырымдамасы мен заң жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында орналастырылды. Ал 3 ақпанда тұжырымдама мен заң жобасы Қоғамдық және Сараптамалық кеңестердің мүшелеріне жолданды. Одан бөлек, 4 ақпанда заң жобасына тұжырымдама заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралды, — дейді ол.
Кепілде тұрған үй кімнің меншігінде қалады?
Егер, азамат ипотекалық несие алып, басында уақытылы төлеп отырады. Кейін белгілі бір себептерге байланысты төлей алмай қалады. Осы ретте азамат өзін банкрот деп жарияласа, оның банкте кепілде тұрған үйі банктің меншігіне өте ме, әлде өзінде қала ма? – деп журналист сұрақ қойды.
Марат Сұлтанғазиевтің пікірінше, үй несие алушының меншігінде қалады.
Егер, ол (үй – ред.) болса, сот арқылы банктің өндіру мүмкіндігі бар. Ал егер несие бойынша кепілде болмаса, банктің оны өндіруге ешқандай құқы болмайды. Бұдан басқа талқыланып жатқан мәселе бар. Атап айтқанда, сол несиенің жартысынан көбісін не біршама бөлігін бөлесе, ол соттың шешіміне байланысты болады. Яғни үйді банк меншігінде немесе азаматта қалдыруды сот шешеді. – деп айтты вице-министрі.
Оның сөзінше, министрліктегі бар мәліметке сәйкес бүгінгі күнге дейін кепілдікте тұрған үйді банкке бергені туралы бірде-бір шешім жоқ. Тәжірибе бойынша сот үйді несие алушының өзінде қалдырып тұр.
BAQ.KZ
Leave a Reply