10 қаңтар — Қазақстанда «Жалпыұлттық аза тұту күні» деп жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірлерінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Бүгін Қазақстан бойынша Мемлекеттік тулардың барлығы төмен түсірілді. Бүлік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилер, полиция өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі.
Түркістан облысында мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары ғимараттарындағы көк туымыз төмен түсірілді. Барлық телеарналарда ойын-сауық бағдарламалар 1 күнге тоқтатылды.Түркістан облысындағы жағдай тұрақты. Инфрақұрылым толық істеп тұр. Қоғамдық көліктер тоқтаусыз жүріп жатыр. Сауда орындары мен дүкендер, жанар-жағармай бекеттері тұрақты жұмыс істеп тұр. Азық-түлік және қажетті тауарлар жеткілікті.
Жалпы, төтенше жағдай кезеңінде елдегі ахуалға байланысты Түркістан облысына Бас комендант етіп тағайындалған облыстық Полиция Департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков пен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен тиісті жұмыстар тынымсыз атқарылуда. Жергілікті полиция мен күштік құрылымдар жағдайды толық бақылауға алған.
Облыс, қала арасында және аудандарда блок-бекеттер ұйымдастырылып, облыс аумағына енген көліктер тексеруден өтіп жатыр. облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев бірнеше аудандар орналасқан бекеттерді аралап, өңірдегі тұрақтылықты сақтау бағытынадағы жұмыстарды қадағалауында ұстап отыр. Жалпы, Түркістан облысында барлық аудан, қалаларында жағдай тұрақты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Leave a Reply