Әкім мен халықтың диалогы

        Кіріспе
       Үлкенді-кішілі әкімдердің  халық арасында есеп беруінің дәстүрге енгеніне біраз болды. Бұған дейін халық алдында бір рет жұмысын қорытындылайтын қала, аудан, ауыл басылары енді енді есеп беруді екіге «арттырды». 
       Жаңа жыл басталғалы осы үрдістің шарапатын сезінген  арызы бар халық әкімді іздемейтін болды, әкім халықтың алдына келіп жүр. Арнайы түзілген кесте бар. Жұмыс жүйелі. Бір қарағанда бәрі дұрыс сияқты. Есеп беру жиындарына қатысып жүрміз. Жұмыс кестесі жақсы таныс. Осындай жиынның бірі Шымкент қаласындағы №87-ші мектепте өтті. Бір жылдық жұмысын қорытындылап есеп берген Абай ауданының әкімі  Ахмет Татыбаев.
        Бәрі жақсы, бәрі тамаша
       Тыңдап отырмыз, бәрі жақсы. Әкімнің айтуынша, жұмыстың бәрі тамаша атқарылып жатыр.  Шымкент қаласына қарайтын Абай ауданында 265 230 адам бар екен. 
       — Біздің түпкі мақсатымыз халық пен билікті барынша жақын ету,-деді Татыбаев Ахмет Өтегенұлы.
       Көгалдандыру мен көркейту мәселесі бойынша ауданда ағаштар отырғызылып, түптері әктелген. Бірнеше елді-мекендерге газ, электр энергиясы, су құбырлары тартылған. Құбырлар жаңартылып, жолдар да жөнделген. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығына да көңіл бөлінген, тамшылатып суғару жұмыстары жүзеге асып жатыр. Кенеден адамыз. 
       Әкім сөйлеп бітті. Одан кейін «сценарий» бойынша Қазығұрт шағын ауданының тұрғыны Әділбеков Сатыбалды сөз алды. Кемшілікке қысқа тоқталған ол, әкімді мақтауда аянған жоқ. Халық қолдап, ду етіп қол соғар деп едік, күткеніміз болмады, тыныштық. Екінші болып Шымкент қалалық маслихатының депутаты Құрманбекова Гүлнар сөз алды. Әкім жұмысына баға берілді,  табыс тіленді. Халық та әлі қозғалыс жоқ. Не күтіп отыр деп алаңдай бастадық. Үшінші болып Абай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы сөз алды. Мақтау сөздер құттықтауға ұласып кетті. Залдағы үш жерден қойылған дауыс зорайытқыштарға қарағыштап қоямыз.Қарапайым халық не дейді екен, қол соқпағанына қарағанда ішінде бүккен «сыры» бар болғаны да…
tories/gjkhk.jpg» width=»150″ height=»187″ alt=»gjkhk» style=»float: right;» />

       «Рахмет, әкім отчётыңа»
       Қарапайым халықтың айтары осылай басталды.
Самал1  мөлтек ауданының тұрғыны Ералы Күнходжаев:
       — Менің айтайын дегенім, көше құрылысы  жайында. Құрылысты күте-күте шаршадық. Болмағасын көшемізге өзіміздің қалтамыздан қаржы шығарып тас төсеттік. Бірақ, ол тас та жерге  кіріп кетті. Менің айтып отырғаным Өтегенов көшесі. Жөндеп қалааралық қоғамдық көлік жүргізбесе болмайды. Мектептер алыс, балалар жаяулатып жүр. Балаларды ит талаған оқиғалар да болды. Балалардан обал ғой.
       Темірбаев Есжан:
       -Рахмет, әкім отчётыңа. Сіз жаңа есебіңізде уәде берген көпірлер қашан салынады? Газ, су, жарық мәселесі қашан шешіледі? Жөнделмеген жолдар ше? 
       Бексұлтан Баймашев:
       — Қайнар бұлақ мекенінде жолдарды су жүргіземіз деп қазып тастағанына біраз уақыт болды. Көшеміз тарылып кетті. Бұл өзі бітетін іс пе? Жылы кеңседен шығып соны мойнын созып көретін біреу бар ма өзі?
       Тәуелсіз сарапшы Амирова:
       — Қазір Қайнарға қарай №70 маршрут жүреді. Соны автобусқа ауыстыру керек. Қайнарға қарай жүретін жолаушы өте көп, оған қайнарлықтар ғана емес, Достық, Асар, Қайтпас елдімекенінің тұрғындары да мінеді. Мен маршрут жүргізетін мекемелердің бастықтарына да барып жолықтым, бірақ бұл мәселе шешілмей отыр.
       Закирова Фарида:
       — Біз 101 маршрут  жүретін жолдың бойында тұрамыз. 101 маршрут қаласа жүреді, қаламаса жүрмейді. Жолымыз да жаман. «Жедел жәрдем» бізге кіре алмайды. Үйімде 1 топтағы мүгедегім бар. Мен оны жедел жәрдем жете алмаған жерге дейін арқалап барамын. Өтініш, сол мәселені шешсеңіздер.
       Жиынға қатысып отырған Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыдан үміт күткен айтары көп  халық әр дыбыс зорайытқыштың жанында кәдімгідей кезекке тұрып қалды. Сұрап-жатыр, сұрап жатыр. Айтылған шағымдардың бәрі де ескерілетінін, кейбірінің жоспарда барын айтқан аудан әкімі халыққа жағдайдың бәрін көзіммен көріп танысып шығамын деп уәде берді. Тосылып қалған сәттері де аз болмады. Ара-арасында қала әкімдігіндегі тиісті бөлімдердің басшылары да көмекке келіп, мәселенің ақ-қарасын айырып отырды.
       2016 жылды күтеміз
       Қала әкімі жиын соңында бәрін бір-ақ түйіп қорытындылады. Дархан Сатыбалды:
       — Татыбаев Ахмет Өтегенұлының жұмысына оң баға беремін. Сіздер айтқан проблеманың барлығы да қаралады. Жазбаша келген сұрақтарыңызға да жауап беріледі. Біреуі де қараусыз қалмайды, міндетті түрде талқылаймыз. Биыл қалаға жаңа автобустар сатып алынады. Көліктерді рет-тейміз. Бүгін біраз шағымдар естідік, жоспарды қайтадан қарап бекітеміз. Көп мәселе жердің жоспарсыз бөлініп кеткендігінен болып жатыр. Биыл, келесі жылы деп айтпай-ақ қояйын, 2016 жылға дейін бұл мәселелердің бәрі рет-ретімен шешіледі.
       Уәде берілді. Көп қиындық көріп іші қара қазандай қайнаған халық батырып та, бақырып та, өтініп те айтып іштегі шерін бір тарқатып жеңілдеп қалғандай көрінді. Екі жыл көзді ашып жұмғанша жетіп келер. Біз уәденің орындалатын күнін күтеміз. Артқа қайтар жол жоқ. XXI ғасыр. Дамушы 50 елдің қатарындамыз. Ендігі меже дамыған 30 елдің  қатарына ену. Көзбояушылықпен емес әрине, нақты жұмыспен.

Ж.ҮСЕНТАЕВ,  «Қызмет» газеті.


 


Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика