Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Оспанов Берік Серікұлы Шымкент қаласындағы іс-сапары барысында Абай ауданында орналасқан «Агро-Сервис БМБ» ЖШС шаруа қожалығының ұжымымен кездесіп, жұмысымен танысты.
Кездесуге «Nur Otan» партиясы Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Бертаев, Абай ауданы әкімінің орынбасары Е.Заңқоев қатысты.
Кездесу барысында аталған шаруашылық қызметкерлерінің бірқатар ұсыныстары мен талап тілектері тыңдалды. «Агро-Сервис БМБ» ЖШС шаруа қожалығының басшысы Манасбай Бекбауовтың айтуынша қаламыздың ауыл шаруашылығы саласында орын алып жатқан кемшіліктер мен түйіткілді тұстар жетерлік. Атап айтсақ, көктемгі және күзгі науқанда дизельді отынның тапшы болуы, ауыл шаруашылығы мамандарының, жұмысшы күшінің жеткіліксіздігі және ең өзекті мәселе салық мәселесі. Қазіргі таңда шаруалар егістік жердің салығын гектарына емес шаршы метріне төлеп отыр, нәтижесінде бірнеше мың гектар егістік жерге миллиардқа жуық салық төлеуге мәжбүр болып, мұның барлығы өз кезегінде өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласының ақсап жатқандығының бірден-бір себебіне айналуда деп өз базынасын жеткізді.
Шаруалардың толғандырған мәселелерімен толық танысып шығып талап тілектерін тыңдаған Берік Серікұлы өз құзіреті шегінде бұл мәселені мәжіліс қабырғасында күн тәртібіне салып, тиісті заң жобасының қайта қаралуына ықпал ететіндігін жеткізді.
Leave a Reply