Ұлттық мереке ұлықталған күн.Он үш жылдан соң қайта оралған Республика күнін шымкенттіктер бар сән-салтанатымен атап өтті.
Мемлекеттік мереке ретінде қоғамдық қолдауға ие болды.
Сондықтан болар, мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қала тұрғындары көптеп қатысты. 25-қазан Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралды. Шымкентте Тәуелсіздік алаңында Туымыз көкке көтерілді.
Салтанатты рәсімге қала басшысы М.Әйтенов, халық қалаулылары, құқық қорғау орган басшылары, сот, қоғам белсенділері мен БАҚ қатысты.
Шымкент қалалық опера және балет театрының хор ұжымы “Көк тудың желбірегені” әнін орындап, әскери үрмелі оркестрдің орындауында патриоттық музыкалық әуендер шырқалды.
Мерекені айшықтай түсу мақсатында салтанатты шара вело және көліктер шеруіне жалғасты.
25 қазан —Республика күні биыл елімізде кең көлемде тойлануда. Бұл тарихи күнді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік мерекелер қатарына қосып, атаулы күн етті. Бұл күннің тарихына үңілер болсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Қазақ КСР-і тұтастай бір зайырлы, құқықтық мемлекет болғандығы жөнінде декларация қабылданды. Бұл деген сөз, қаншама уақыттан бері азаттығын аңсаған бүкіл қазақтың арман-тілегі болатын.
Ел егемендігі туралы Декларация қабылданған осынау күн мемлекетіміздің тарихында аса маңызды дата ретінде қалады. Республика күні – еліміздің игілігі, баға жетпес құндылығы. Сол себепті бұл күннің мән-маңызын жас ұрпаққа көбірек дәріптеп, ұлттық рухты асқақтататын, айбынымызды асыратын іс-шаралар өткізудің маңызы зор.
Ұлық мерекеміз құтты болсын! Тәуелсіздіктің тұғыры биіктеп, елдігіміз нығая берсін. Қазақстан Республикасы жасай берсін! Әр үйде, әр отбасында шаттық, бақыт, береке, бірлік орнасын!
Leave a Reply