РЕСПУБЛИКА КҮНІ СӘН-САЛТАНАТЫМЕН АТАЛЫП ӨТІЛДІ

Еліміздің егемендік тойын мегаполис жұртшылығы ерекше атап өтті. Қаладағы барлық алаңдар мен орталықтарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Арбат» алаңында Шымкент қалалық Мәдениет басқармасына қарасты музей, кітапхана, театр ұжымдары Республика күніне орай ұйымдастырылған көрмеге қатысып, тақырыптық көрнекіліктерін қалың көпшілікке таныстырды.
Забира Мұратбекова, бұқара халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің маманы: «Республика күні биыл ұлттық мереке мәртебесін алып, ерекше аталып отыр. Бүгін Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің мамандары құнды құжаттар мен деректерімізді көрмеге әкеліп отырмыз.Оның ішінде музейдің бастамасымен жарыққа шыққан «Ақ жол»,«Шолпан» еңбектері бар. Ұлттық мерекенің ұлықталып, халықтық тойға айналғаны қуантады. Барша шымкенттіктерді мерекемен құттықтаймын».
Салтанатты жиында Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты. Білекті азаматтар қол күресіп, мықтылары қошқар көтеріп, өз бақтарын сынады. Ал, жасөспірімдер асық ойнады. Қала дәмханалары мен кондитерлік үйлері өз дәмдерін ұсынды.
Биыл жазда Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Осылайша, он жылдан астам уақыт бойы ұмыт қалған мереке қайта тойланды.
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын»,-деген болатын Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек екенін айтып, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталатынын да еске салып өткен болатын.

Заңнамаға сәйкес ұлттық мерекелер – еліміздің мемлекеттілігінің дамуына елеулі әсер еткен ерекше тарихи маңызы бар оқиғаларды атап өту үшін белгіленген. Ұлттық мереке кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар ұйымдастырылады. Осылайша, заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін Республика күні еліміздің жалғыз ұлттық мереке санатына еніп отыр.

Тарихшы Жақсылық Сәбитовтың пікірінше, Республика күні мерекесін қайтару – тарихи әділ шешім.

«25 қазан күні бұрын тойланып, кейін көлеңкеде қалып кетті. Енді оны қайтадан тойлайтынымыз қуантады. Расында, 25 қазан – еліміздің экономикалық егемендік алған, экономикалық тәуелсіздік алған күні. Қазақстан экономикада өзінің ұлттық мүдделерін шын мәнінде жүзеге асыра бастады. Сондықтан бұл дата маңызды, әрине. Қазақстан өз егемендігін жариялап, тәуелсіздік жолын бастады. Ал Декларация (1990 ж. 25 қазан) Қазақстанның экономикалық саладағы ұлттық мүдделерін белгілеген тәуелсіздік алу жолындағы алғашқы қадам әрі маңызды кезең болды», — деп атап өтті тарихшы»,-деді Жақсылық Сәбитов.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика