Күз мезгілінен бастап, қысқы дайындыққа барлығымыз да кірісіп кетеміз. Көбіне жеміс-жидектерді, көкөністерді үй жағдайында консервілеп, дайындайыз. Адамдар қыста ешқандай күмәнсіз осы дайындалған өнімдерді қолданғанда ботулизм деген қатерлі аурудың күтіп тұрғанын білмей, ауруханаға ауыр қалде түсіп жатады. Сондықтан, аурудың алдын алуда көмегі тиер деген мақсатта ботулизм ауруы бойынша айтқым келіп отыр.
Ботулизм— жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аурудың ауыр түрі. Ботулизмнің қоздырғышы адамның, жануарлардың және балықтардың ішек жолдарында болады. Топыраққа түскеннен кейін спораға айналып, онда бірнеше жыл бойы сақталады. Ботулизм адамдарға көкөністен, саңырауқұлақтан, еттен, балықтан технологиялық ереже сақталмай дайындалған әр түрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда жұғады.
Ауру белгісі 1-2 сағаттан немесе бірнеше күннен кейінде байқала бастайды, адамның басы ауырып, ұйқысы қашады, әлсірейді, лоқсып құсады, жүрегі тоқтап қалғандай болып, аузы құрғап, үнемі шөлдеп тұрады. Сонымен қатар, көздің қарашығы ұлғайып, заттар қосарланып көрінеді, адамның жұтынуы қиындап, бірте-бірте даусынан айрылады (афония). Ботулизмнің алғашқы белгісі білінісімен науқасты ауруханаға жатқызу керек. Оған жедел түрде Ботулизмге қарсы арнаулы иммунды сарысу егіледі. Мұндай сарысуды науқаспен бірге болып, уланған консервімен тамақтанған басқа адамдарға да егу қажет.
Ботулизм ауруының алдын-алу үшін көбіне үй жағдайында дайындалған қолдан жапқан саңырауқұлақ, баклажан, көкөніс салат, ет, балық консервілерін пайдаланғаннан болатындықтан, базарлардан, сауда нысандарынан, белгіленбеген сауда орындарынан үй жағдайында дайындалған, қолдан жапқан консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс салат, ет, балық өнімдерін сатып алуға болмайды. Консервіленген салаттарды пайдаланған кезде сақтайтын, пайдаланатын уақыт мерзімін қараңыз, қақпағы күмпиген (бомбаж) салаттарды пайдалаңбаныз. Үй жағдайында ет, балық, саңырауқұлақ консервілемеген дұрыс. Жеміс-жидек, көкөніс консервіленген кезде оларды жақсылап жуып, тазасын, бүлінбегенін пайдаланыңыз.
Сапалы тағам — денсаулық кепілі.
Лаззат ТУРТАЕВА
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы
Фотосурет ашық интернет көздерінен алынды
Leave a Reply