tories/01/imagescat33jaq.jpg» /> Соңғы кезде мемлекет тарапынан жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында облыс орталықтары мен қалаларда арнайы кешендер салынып жатқаны анық. Алайда, бұл игі шара шалғайда жатқан елді мекендерге әлі жете қойған жоқ. Соның салдарынан ауылды жердегі жастар мен жасөспірімдер екі қолдарын қайда сыйғызарын білмей дал. Егер оларды жастайынан спортқа тәрбиелесек, еліміздің атын әйгілі ететін қаншама саңлақтар шығатыны күмәнсіз. Бірақ та ауыл спортының әзірге тоқырап тұрғаны қынжылтады. Тіпті, ауылдағы азын-аулақ жұмыс істеп тұрған секцияларда тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер шетел тұрмақ, басқа облыстағы, қаладағы спорт сайыстарына қатысу мүмкіндігінен қағылып жатады. Себебі, көбінесе өз қаржысымен баруға тура келеді. Алайда баланың жолақысын, жатын орнын, басқа да шығындарын ауылды жерде тұратын отбасының қаржылық әлеуеті көтере бермейді. Сөйтеді де, бағы мен бабын сынайтын сайыстарға бара алмаған жас спортшының сағы сына береді. Міне, Үкімет осындай әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын мейлінше көбірек созғаны жөн. Онсыз қаншама талантты, дарынды спорт шеберлері тасада қала беретін сияқты. Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек
Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде: «Әрбір қазақстандық саламатты өмір салтынсыз, тамақты тарта ішпейінше, қимыл-қозғалыссыз және спортсыз ұзақ өмір сүру мүмкін емес екенін білуге тиіс. Бұл – өмірдің ащы шындығы. Егер біз Қазақстандағы орташа өмір жасы Еуропадағыдай болғанын қаласақ, онда өзіміздің денсаулығымыз туралы ойлануға тиіспіз. Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн. Елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейту керек» – деген болатын. Бұл тапсырманы кезектен тыс орындаудың қажеттілігі сезіліп тұрған сияқты. Осыған байланысты Үкіметтің алдына бірнеше міндет жүктелді. Бірінші – 2012 жылдың соңына дейін оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бюджеттік емес қаржы көздерінен қаржыландырудың тетіктерін енгізуді қамтамасыз ету, екінші – Үкімет Спорт және дене тәрбиесі істері жөніндегі агенттікпен бірлесе отырып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен әріптестіктің жаңа түрлерін талдап-жасау. Тіпті Елбасы айтқандай, балалардың бүкіл сыныппен спорттық ойындарды тамашалауына мүмкіндік жасау керек. «Қазақстандық командалардың шет елдер чемпионаттарының жоғары лигаларына қатысу мүмкіндігін зерттеу қажет. Мәселен, футболда. Бірақ, ең бастысы – адамның өзінің өз денсаулығы мен тұрмыс-салтына деген жеке көзқарасы маңызды. Бұл жерде ешкімді мәжбүрлеу мүмкін емес. Бұл саналы ойластырылған жеке таңдау болуы тиіс», – дегені еске түседі.Интернет сайттарынан Олимпиада чемпиондарының елге жеңіс арқалап оралып жатқандығы жайында мақала оқыдым. Онда алтын таққан жеті спортшының жемісті еңбегі мен ерлігі кеңінен баяндалыпты. Пікір білдірген оқырмандар да көп. Соның бірі: «13 медальді қанжығаға байлап, 12-орынға табан тіредік. Бірақ сол спортшылардың көбі – этникалық қазақ емес. Біз оларға әнұранды қалықтатып, туымызды желбіреткеніміз үшін ғана алғыс білдіріп жатырмыз. Ал солардың орнында өзіміздің қазақ спортшысы болса ғой, шіркін…» десе, келесі бір сайт оқырманы: «Кім болса, ол болсын. Әйтеуір, Қазақстанның атын әлемге танытса болғаны. Қазақтар спортқа ден қоймаса, не істейсің? Оған кім кінәлі?» деп жұбатыпты. Сөзінің жаны бар. Расында да, Қытай мемлекеті десе, өзінің қысықкөз қытайлықтары шығады. Жапония да, Оңтүстік Корея да солай. Егер Қазақстан құрамасының ішінде өзіміздің қаракөздеріміз өнер көрсетсе, біз де әлемге нағыз қазақтың бет-бейнесін танытатын едік. Әрине, аузымызды қу шөппен сүрте беруге болмас. Басқа спорт түрлерімен салыстырғанда, әсіресе бокста қаракөз жігіттеріміз басым.Демек, қазақ баласының спортқа деген махаббатын ояту үшін әлгіндей спорт кешендері ақысыз пайдалануға берілсе деген ұсыныс-тілек бар. Ондағы арнайы секциялар жеткіншектерді дарынына қарай таңдап алып, заманауи жаттығулар өткізсе, күні ертең-ақ солардың арасынан қазақтың атын шығаратын даңқты спортшылар тәрбиеленіп шықпасына кім кепіл? Сол кезде бұған дейін аса көңіл бөлінбей келген спортқа жаңаша бетбұрыс болатын еді. Ал әлгіндей спорт нысандары мен секцияларды тегін жасамайынша, қарапайым қазақтың баласы Олимпиада чемпионы атағына жақын арада жете қоймасы анық. Бұл бүкіл ел болып, халық болып, Үкімет болып маңызды түрде басымдық беретін шаруа. Егер билік
өкілдері біз айтқан ұсыныстардың болашақтағы нәтижесіне көз жүгіртіп, құптаса,
әлі-ақ қазақтың ұландары мен оғландары әнұранды төрткүл дүниеге шарықтатып, Көк Туымызды көкте желбірете беретін болады. Елімізден әлі талай спортшылардың шығатыны анық. Бірақ та оларға жағдайды кішкентайынан жасау керек. Ол үшін даңғарадай етіп салған спорт секциялары мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдерге тегін болуы тиіс. Сонда ғана елімізде спорттың кез келген түріндегі бәсекелерге ұялмай қатысатын қаракөздер қанаттанып шығады. Дарынды жастардың шабытын шалқыту үшін тек кешендер салу жеткіліксіз. Себебі, байрақты сайыстарда топ жаратын болашақ чемпиондарды өсіріп, баулу үшін бүтін бір жүйелі бағдарлама қажет. Елбасы еліміздің әлеуметтік жаңғыртылуына арналған соңғы мақаласында осы мәселеге ерекше екпін түсірді. Енді мемлекет басшысының бұл тапсырмасына сәйкес, салалық агенттік пен
Білім және ғылым министрлігі жақын маңда жасөспірімдер спортын дамытуға
арналған тұжырымдама дайындап, тиісті ұсыныс әзірлеуі тиіс.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ
{jcomments on}
Leave a Reply