tories/4545454.bmp» /> Дзю-до жапон сөзі. Мағынасы «өз әдісіне өзін түсіру» дегенге саяды. Мұнда қарсыластар татами үстінде неше жерден опық жеп, өз әдісінің «құрбандығына» айналғанымен, шынайы өмірдегі адамгершілігі мен мәрттік мінезін жоғалтпауы шарт. Татамиге шыққаннан көпшілікке иіліп, ізеттілік таныту спортшының бірінші міндеті саналады. Осы, жас талапкерге спорттық баппен қоса, тәрбиелік тағылымын қатар ұсынатын аталмыш спорт түрі Оңтүстік өлкесінде қаншалықты дамып отыр, осы жекпе-жек түрін таңдаған ұл-қыздарымыздың шеберлігі қай деңгейде? Көпшілік қауымның білгісі келетіні де осы. Осы орайда біз дзю-до күресінен ОҚО-ның бас жаттықтырушысы Мұратбек Қыпшақбаевпен сұқбаттасқанды жөн көрдік.
— Мұратбек, кезінде өзіңіз де спорттың осы түрінен үлкен нәтижелерге қол жеткіздің. Жалпы, шәкірт болып өзің белдескен оңай ма, әлде бапкер болып біреуді белдестірген жеңіл ме?
— Кейде шәкіртің берген ақыл-кеңесіңді жүзеге асыра алмай жатса жасыратын несі бар, өзің күрескің келіп кетеді. Қарап отырсам, менің күрес жейдесін игеніме де он алты жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында талай-талай белестерден өттім. Мені сонда ең алғашқы белдесуден бастап, кешегі күнге дейін қарсыластың осал тұсын дөп табу мәселесі ғана ойлантатын. Ал, енді бапкер ретінде әрбір спортшының ішкі жан- дүниесін ұға білу үшін көп күш жұмсауыма тура келеді. Сондықтан, менің осы күнгі жауапкершілігім титтей де азайған жоқ. Қайта, керісінше, үлкен міндеттер жүктей түсті.
— Ал, бүгінде өзіңіз қолға алып отырған дзю-до күресінде облыс спортшыларының шеберлік деңгейі қандай?
— Шындығын айтқанда, жауапты адамдардың жанайқайын да түсінуге болады. Себебі, қазіргі таңда спортшыларымызға лайықты жағдай жасалмаған. Жарысқа қосар балаларымыздың әлі күнге тұрақты түрде жаттығатын залы жоқ. Сондықтан да татами, табло дегенді тек жарысқа барған сәтте ғана көреді. Меніңше, осы спорт түрін таңдаған талапкерлердің жаттығуға деген қызығушылығы ересен болуы тиіс. Ал, бізде бәрі керісінше. Алғашқыда жамаулы кілем үстінде белдесу кімдерге қызық дейсің? Осындай сиықсыз көріністің себебінен болар, 63 келіде республикада өзіне тең дәрежелі қарсылас таппай жүрген Зарина Алтикова есімді қызымыз Алматыға қоныс аударғанды жөн көріпті. Оның үстіне бізде тәжірибе алмасып тұру жұмыстары мүлдем жолға қойылмаған. Өзінен мықты, өзімен деңгейлес палуандармен белдесіп көрмеген талапкер қанша жерден таланты таудай болса да алысқа ұзамайды.
— Соңғы екі үш жыл көлемінде қазақ дзюдошылары халықаралық ареналарда топ жарғанды «ұмытып» барады. Мұның себебі неде? Біз тоқырауға ұшырадық па, әлде басқа да жанкүйер білмейтін себептер мен салдарлар бар ма?
— Өмірдің бір орында тұрмайтыны сияқты спорт та бір орында тұрмайды. Шеберлігіңді күн сайын ұштап отыру қажет. Ендеше, бұл орайда бізге, бапкерлерге көп жұмыс істеуге тура келеді.
Сосын… аталмыш жекпе жек түрі бойынша әлемдік қауымдастық өкілдерінің көп ретте бізбен санаса бермейтіні тағы бар. Мәселен, әлі күнге өз басым бәсі жоғары халықаралық турнирлерде қазылық еткен қазақ азаматтарын көрген емеспін. Ал, бұл — спортшыларға теріс ықпалын тигізбей қоймайды. Жасыратыны жоқ, талай жарыстардың шешуші кезеңінде төрешілерден опық жегенбіз. Тіптен, әбден басымдығың танылған сәтте де ескерту алып ұтылуың оп-оңай. Бізді шын мәнінде кілем үстіндегі шынайы бәсекелестік шыңдап өсіргенін жасырмаймын. Маған қай кезде де ұлттық құрама сапында Нұрбол Сүлейменов, Айдын Смағұлов, Базарбек Дөңбай секілді қарсыластарды қапыда қалдыру оңай тиген емес. Ірі жетістіктер тек талмай ізденудің нәтижесінде ғана келеді. Бабы келіссе талай қазақ жастарының әлемдік ареналарда топ жарып шығатынына сенімдімін. Ал, бүгінде Оңтүстік өлкесінде Самат Сәпішев, Мейіржан Қалтаев, Мәди Құрымбаев сынды жастардың болашағынан зор үміт күтуге болады.
— Әңгімеңізге рахмет!..
Жеңісбек Сағындық.
«Қызмет» ақпарат
Leave a Reply