Нұржан Сманов… Спорт сүйер қауым үшін бұл есім таңсық болмаса керек. Небәрі 16 жасында төрткүл дүниені мойындату — талай мықтының тек қиялында ғана болған дүние. Ал, Нұржан бұндай белестерді бағындыра білді. Он үшінде былғары қолғапты таңып киген саңлақ ұл он бес жылдың ішінде сан доданың жеңімпазы болып танылды. Атап айтқанда, Кеңестер Одағы біріншілігінің төрт мәрте жеңімпазы атанып, әлем біріншілігінде күміс жүлдені жеңіп алды. Еуропа, Азия біріншіліктерінде және Азия ойындарында бірнеше дүркін жеңіс тұғырынан көрінді. 1988-90 жылдар аралығында Одақтың «Үздік боксшысы» ретінде мойындалып келсе, 1990 жылы Еуропаның, 1994 жылы Азия құрлығының үздігі атанды. Және бұл кезеңдерде оған құраманың капитаны міндеті қоса жүктеліп жүрді. Осы бір спорттық ғұмырында ол 35 алтын, 9 күміс, 8 қола, барлығы 52 медальдың иегері атаныпты.
Бүгінгі аға ұрпақ өкілдері ринг төрінде қарсыласына жұдырық болып түйілген асықтай ұлдың әрбір жетістігін әлі күнге делебесі қоза еске алады. Сағынады… Ал, күллі алаш халқы тілеулес болған сол «асықтай ұл» әлі күнге өз жұртына адал қызмет етіп келеді. Бірақ ол қазір сіз елестеткен «кекілді қарадомалақ» емес. Денесі де, қызмет орны да іріленген. Бүгінде ол Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы қызметін атқарады.
— Мен бұрынғы Келес ауданының Абай ауылында дүниеге келгенмін, — деп бастады сөзін кейіпкеріміз. Біздер бес ағайындымыз. Әкем Дініқұл көзі ашық кісі еді. Бәріміздің де жоғары білім алуымызға қатты ынталанатын. « Бір кездегі көрген хат танудағы қараңғылығымның зардабы да жетер» деуші еді. Қайткенмен де, оның балалық балғын шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңдерге тұспа-тұс келді. Мендегі былғары қолғапқа деген ынтызарлық балалық шағымнан басталды. Бәлкім ондағы құмарлық себебі ринг падишалары арасында өрбіген айтулы кездесулердің әсері болса керек. Әлі есімде, 1977 жылы аса ауыр салмақ дәрежесінде қарсылас шыдатпай жүрген кубалық даңқты боксшы Теофило Стивенсонның жекпе-жегін тамашаладым. Олимпиаданың және әлем біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы атанған ол сондағы қарсыласы Валерий Абажянды алғашқы раундта-ақ екі мәрте сұлатып түсірді. Ал, Валерий болса, мұндай соққылардан кейін кездесудің өн бойында есін жия алмай жүрді…
Мені спортқа өз ағам Нұрлан алып келді десе де болады. Ол үнемі ауыл балаларын жиып алып, бокс ойнатуға құмар-тын. Сондағы қолға байлайтынымыз — ескі-құсқы шүберектер. Мені үнемі өзімнен бірер жасы үлкен, мықты балалармен жұптастыратын. Ондайда соққы ауыр тиер болса, қолғабымды жерге атып ұрып, жыларман күйде қарсыласыммен шарта-шұрт төбелесе кететінмін. Содан ауыл балаларының бізді ажырата алмай шыр-пыры шығатын. Ал, мұндай көрініске ағам риза кейіппен қарап тұрушы еді.
— Бокс жанкүйерлерінің арасында сіздің «спорттық ғұмырыңыздың ұзақ болмағанын» айтушылар да баршылық…
— Мен спорттан өз еншімді алып үлгерген жанмын. Менің уысыма түспегені тек – Олимпиада ойындарының қайсыбір жүлдесі мен әлем біріншілігінің алтыны ғана… Біздер отбасымызбен Шымкентке 1982 жылы көшіп келдік. Сөйтіп осында 7 сыныпта оқи жүріп, «Буревестниктегі» бокс мектебіне жазылдым. Алғашқы қадамым сәтсіз болған жоқ. Арада жиырма күндей уақыт өткенде бапкерлердің ұйғаруымен өзімнен салмағы ауыр Асылуддин Умаровпен алғашқы сынақ кездесуімді өткіздім. Ал, Умаров өз салмағында облыс чемпиондығын жеңіп келген кезі болатын. Ә дегеннен-ақ, оны бастырмалатып ұрумен болдым. Ал, оның бір сәт құлаштай ұруға да мүмкіндігі болмай қалды. Төреші жекпе-жекті тоқтатқан сәтте қарсыласым егіл-тегіл жылап тұрды. Намыстанғаны болар… Кейін сол досым көп кешікпей Еуропа біріншілігінің жүлдегері атанды.
Осы жекпе-жектің әсері болар, жаттықтырушылар — Нұрғали Сафиуллин мен Хайритдин Файзуллиндер ерекше көңіл бөліп, мені айтулы жарыстарға қоса бастады. Содан 1986 жылы он төрт жасымда ақтық кездесуде Дима Севелевті сүріндіріп, жасөспірімдер арасында республика біріншілігін ұтып алдым. Бұл менің Еуропаға кең өріс ашқан алғашқы тырнақалды жетістігім еді.
— Кейде сіздің спорттық жолыңызға мамандар түрліше баға беруге әуес секілді көрінеді…
— «Жолы ауыр жігіт еді» дегенді әсіресе, белгілі спорт шолушысы Амангелді Сейтханов көп айтады. Ал, өзім олай ойламаймын. Әр спортшының өз «жұлдызды уақыты» болады. Ал, менің жұлдызды сәтім әсіресе, бозбала кезіме тұспа-тұс келді.
1987 жылыУкраинаның Львов қаласында Кеңестер Одағының кезекті біріншілігі ту көтерді. Мен онда 57 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атандым. Ал, келесі жылы Болгарияның Хаскаго қаласында өткен әлем біріншілігінде кубалық қарсыласымды ақтық сында айқын басымдылықпен ұтып, алтын медальмен марапатталдым әрі сондағы ең үздік боксшыға тағайындалған кубок маған бұйырды. Көп кешікпей, Шымкентте сарапқа салынған КСРО біріншілігінде де алтын медальдің иегері атандым. Сондай-ақ, Чехияда өткен Еуропа біріншілігінде тағы да жеңіс тұғырынан көріндім. Бір ғажабы, аталмыш біріншілікте Кеңестер елі қосқан он боксшы жеті алтын, екі күміс, бір қола медальді олжалаған екенбіз. Менің жастар арасында жеткен жетістіктерім осылай болды.
— Сізге қарсы аяқтан шалған әділетсіздіктің көп орын алғандығы жайы да жиі әңгіме өзегі болып жатады…
— «Сырт көз – сыншы» ғой. Меніңше, мұндай әңгімелер құрама сапындағы өзара бәсекелестік турасында айтылған болса керек. Есіме түскен бір дерек, 1991 жылы мен КСРО халықтары спартакиадасында ақтық сынды өнер көрсеткен қазақтың бес бірдей боксшысы бірінен соң бірі жеңіс тұғырына көтерілген сәтте, «дос қуанып, дұшпан күйінетін» сәт туғандай еді. Осылардан кейін іле-шала кезегім келіп, қарсыласымды допша дөңгелеткен сәтте де ешбір соққым есепке алынбай қойғаны бар. Нәтижесінде, спартакиада алтыны маған емес, таяқ жеген орыс боксшысына жырып берілді.
Шын мәнінде, сол бір кез қазақ боксының тасы өрге домалап тұрған шағы еді ғой. 67 келі салмақ дәрежесінде Ермахан Ыбырайымов екеуіміз ұдайы бір деңгейде өнер көрсетіп жүрдік. Кейін құрама жаттықтырушылары Ермаханды 71 келіге ауыстырды. Бірақ, ол онда Қанатбек Шағатаевтың қалқасында қалып қойды. Ал, 75 келі салмақ дәрежесінде Аркадий Топаев ешкімге де орнын босатып берер ойда емес еді. Кейінірек, Шағатаев та, Топаев та ауырып қалды да, үлкен спортпен қош айтысты. Осылайша, айы оңынан туып, әлемдік аренаға жол тартқан Ермахан Атланта Олимпиадасында қазақ қоржынына қола медаль салып берді.
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде қазақ елінің боксшылары ешкімге есе жібере қойған жоқ. Алғаш әлем біріншілігінде жеңіске жеткен Рачковты ұлты өзге десеңіз, сәл кейінірек, 1999 жылы Болат Жұмаділов ұтқан біріншілікті еске алыңыз. Ал осы күнге дейінгі өз алдына жеке ел ретінде қатысқан Олимпиада ойындарында қазақ боксшылары жетпеген жетістік кемде кем десек те болады. Тіпті, қазақ боксшыларына түрлі қиямет қиянаттар көрсетіліп те бақты. Оның бір мысалы ретінде, Атланта Олимпиадасындағы Болат Жұмаділовтың финалдық жекпе-жегін еске алсақта жеткілікті…
Қысқасы, Қазақстан бокс өнерінде өзіндік өрнек салған ел. Оның ішінде Оңтүстіктің орны ерекше. Арамызда әлемдік бокс көкжиегінде танылып келе жатқан жас өскіндер көптеп өсіп келеді. Бұл қатарда Азамат Әлбосынов, Нұрсұлтан Абылаев, Алмас Әлібеков, Қайрат Ералиев сынды келешегінен зор үміт күттіретін жеткіншектерді атауға болады.
— Әңгімеңізге рахмет!.
Жеңісбек Серікұлы.
{jcomments on}
Leave a Reply