Мәжіліс кешегі жалпы отырысында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасын ақыры мақұлдады. Мемлекет басшысы бұл туындыны қабылдау мерзімін келер жылдың басына белгілеген болатын. Бірақ қалаулылар «жоспарды асыра орындады». Заң жобасы бойынша Мәжілістегі жұмыс тобының жетекшісі Рамазан Сарпеков, тіпті «күніне екіден-үштен жұмыс тобының отырысын өткізуге тура келгендігін» еске алады. «Елбасы осы заңның қажетті екендігін айтқан, — дейді ол, — Мемлекет басшысының тез арада депутаттардың осы іске араласып кетуі керектігін ескерткендігін ескере отырып, біз өте ынталы түрде жұмыс жасадық. Парламент қабырғасында жүргеніме 10 шақты жыл уақыт болған екен. Дәл осындай қарқынды жұмыс көргенім — алғашқы рет!»
Заң кіріспесінде, сондай-ақ бұл заңның «халықтың мәдениеті мен діни өмірін дамытуда ханафи бағытындағы ислам және православтық христиан діндерінің тарихи рөлін танитыны, Қазақстан халқының діни мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтіні» айтылған.
Қалаулылар кешегі жиындарында дінге қатысты екі заң жобасын қараған болатын. Оның біріншісін — «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жобаны палата бірден мақұлдап, Жоғарғы палатаға ұзатты. Ал оған ілеспе құжат — басты заңның қабылдануына байланысты қолданыстағы 12 заңды түзететін «Кейбір заңнамалық актілерге діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жобасы әзірге бірінші оқылымда қаралып, екінші оқылымға әзірлеуге жіберілді. Жұмыс тобының жетекшісі заң жобаларының редакциялық, техникалық жағын жақсартуға үлес қосқан депутаттар қатарында Нұртай Сабильянов, Розақұл Халмурадов, Жарасбай Сүлейменов, Ермұханбет Омаровты атады, осы қалаулылар «кейбір қажет нормаларды ұсыныпты». «Олардың барлығы қабылданды» деді Р.Сарпеков. Қабылданбағаны — депутат Бекболат Тілеуханның үш бабы.
Айтпақшы, заңның 7-бабы, 3-тармағының 2-тармақшасында Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының ғимараттарында және оларға бөлінген аумақта» діни жоралар мен рәсімдерді, миссионерлік қызметті жүргізуге жол берілмейтіндігі қадап айтылып отыр.
Мәжілісте ғана емес, қоғамда ең қызу пікірталас заң жобасының 7-бабы айналасында жүрді. Бұл бап «Діни жоралар мен рәсімдер» деген атауға ие. Оның 3-тармағы діни жоралар мен рәсімдерді, сондай-ақ миссионерлік қызметті «діни оқу орындарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының ғимараттарында және оларға бөлінген аумақта өткізуге (жасауға) жол бермейді». Бекболат Тілеухан осы жерде діни жоралар мен рәсімдерді бұдан «құтқарып», тек миссионерлік қызметке ғана тыйым салуды ұсынған. «Осы норма Конституцияның 22-бабына айқын қайшы келеді, — дейді депутат. — Осы заң жобасының да 3-бабының 5-тармағында діни қызметке заңсыз кедергі жасауға жол берілмейді деп көрсетілген». Бекболат Қанайұлы Исламда намаз оқу міндетті діни ереже болып табылатындығын еске салады. «Егер мешіт алыста болса, жұмыстағы адам немесе адам ауруханада жатса, ол намазды қайда оқуға тиіс?» дейді қалаулы.
Жақында ғана құрылған Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф «көп пікірталас тудырып жатқан» жеке бас намаз оқу мәселесі бойынша өздерінің «жан-жақты пікірлерді тыңдағандарын, сарапқа салғандарын» айтады.
Дін істері жөніндегі агенттік басшысы тағы бір «қызықты» дәлел келтірді. Ол, ең алдымен Қазақстанда 130 ұлттың өкілдері тұратындығын тілге тиек етті. «Әрбір ұлттың өзінің ұстанатын діндері бар, — дейді ол, — тіпті бізде 6 пайыз атеист бар. Егер бір мекемеде 5-6 қызметкер жұмыс істейді десек, оның біреуі — христиан болса, екіншісі — мұсылман дінін ұстанса, үшіншісі атеист болса, егер ол бөлмеде артық бос жер болмаса, мұсылман қалай намаз оқиды? Намаз оқу үшін құбыла жаққа қарау керек. Егер құбыла жаққа қарағаны оның бастығының үстеліне бағытталса, онда атеист үшін оның бастығына қарап намаз оқитынын білдіртпей ме? Немесе құбыла жақтағы қабырғада икона тұрса, атеист «соған қарап оқи ма?» деп ойламай ма?!» Бұл заң атеисті ондай қалың ойлардың қаумалауында қалудан құтқарғалы отыр.
Қайрат Лама Шариф иманға ұйыған жамағатқа жұмыс орындарынан, білім алатын жерінен, ауруханадан, тағы басқа орындардан кетіп, намазды мешітке барып оқуға кеңес береді. «Бізде 2 800-ге жуық ғибадатханалар бар, олардың 2500-і — мешіттер, — дейді діни агенттік басшысы. — Мешіттер қазір қалалардың кез келгенінде толып жатыр. Алматының өзінде 35 мешіт, Астанада 8 мешіт, тағы салынып жатқаны бар. Сондықтан біз оларға намазды мешітке барып оқы деп, үгіттеп жатырмыз. «Намаз оқыма!» деген сөз жоқ бұл жерде. Ал бірақ кабинетімде оқимын деген… Кейбір депутаттардың кабинеттері ғана ыңғайлы болуы мүмкін, бірақ былайғы қызметкерлердің кабинеттерінде 7-8 адамнан, мүмкіндік жоқ».
Заң жобасы әйтеуір әуежайлар, сауда орталықтары, қонақүйлер, басқа да жеке меншік қарауындағы орындардағы намазханаларға тиіспейді екен. Қазақстан — жаһандық ірі жиындар өтетін ордаға айналды, келімді-кетімді кісі көбейе түспек. Оның үстіне, биыл ресми Астана Ислам Ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуде. Егер намаз оқу бөлмелерін әлгі орындарда да жауып тастасақ, Қазақстан Ислам дінін ұстанатын шетелдік меймандардың қарсылық-кейісінің астында қалмай ма?
— Егер мешіт жақын болса, сонда оқығанның өзінің сауаптылығы әрі пайдалылығы бар, бұл мұсылман үшін де, айналасындағы басқа дін өкілдері үшін де тиімді деп санаймыз! — деп түйді Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф.
Бұл жерде тағы бір мәселе қалды. Егер өзі жаратпайтын әлдебір қызметкердің мемлекеттік мекемеде намазға жығылып жатқан үстінен түскен бастық осыны сылтауратып, оны жұмыстан қуып жіберуі мүмкін ғой? «Жоқ! — дейді діни агенттік басшысы, — ондай жазаға тарту мәселесі әкімшілік кодексте, құқықта қарастырылмаған. Жұмыс орнында намаз оқыған жағдайда оған ешқандай айыппұл салынбайды. Ешқандай жазаға тартылмайды. Бұл осы заңға қосалқы екінші заң жобасында көрсетілген».
Қазақстанда жұмыс істейтін кейбір секталар өз жақтаушыларына ел мүддесіне қажетті істерді, мәселен, әскерге баруға тыйым салады. Осыған орай заң жобасының «Мемлекет және дін» деп аталатын 3-бабының 7-тармағы «Ешкімнің де өз діни нанымдарын себеп етіп, Қазақстан Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ» деп бекітті. Дәл осы бап Қазақстан азаматы болып табылатын «діни қызметшілерге, миссионерлерге, діни бірлестіктердің басшысы немесе қатысушысы (мүшелері) болып табылатындарға» өз атынан саяси өмірге қатысуға да рұқсат береді.
Осы баптың 8-тармағының 1 тармақшасы егер баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, құқығына қысым жасалмаса, мемлекеттің «ата-аналардың немесе олардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне араласпайтындығын» нықтайды. Бұл тармақшаға депутат Б.Бекжановтың ұсынысымен, ол тәрбиенің «Қазақстанның конституциялық құрылысына, егемендігіне, аумақтық тұтастығына қарсы бағытталмауы» шарты да қосылды.
Заңмен Қазақстан азаматтарына, еліміздегі шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға зорлық-зомбылық көрсететін, олардың денсаулығына басқа да зияндар келтіретін, отбасын ыдыратып, ерлі-зайыптылардың некесін бұзуға және туыстық қарым-қатынастарды тоқтатуға ықпал ететін, адамның құқықтары мен бостандықтарын бұзатын, азаматтарды Ата заң мен ұлттық заңнамада көзделген міндеттерді орындаудан бас тартуға мәжбүрлейтін діни бірлестіктердің, секталардың қызметіне тосқауыл қойылмақ.
Тағы бір маңызды жаңалық: заңның 3-бабының 14-тармағы діни бірлестіктің қатысушыларын, мүшелерін және ұстанушыларын өздеріне тиесілі мал-мүлікті сол діни бірлестіктің, оның басшыларының немесе басқа да өкілдерінің атына жазып, солардың қолына тапсыруға мәжбүрлеуге тыйым салғалы отыр. Ал әлдебір ауқаты бар адамның басын айналдырып, соның ақшасы мен дүниесін өз иелігіне көшірту — шетелде қалталы қолдаушысы жоқ көптеген секталардың және секта ашып алған қарау ниетті жандардың басты табыс көзі екендігі құпия емес.
Заң жобасы уәкілетті органның құзыретін бекітеді: ол дінтану сараптамаларын жүргізеді, діни бірлестіктерді құрушы бастамашы-азаматтардың тізімінің тексерілуін қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ діни қызмет пен діни бірлестіктер заңнамасының бұзылуына қатысты азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштерін де осы орган қарайтын болды. Сонымен бірге шетелдік діни орталықтар Қазақстандағы өз бірлестіктерінің басшыларын тағайындамас бұрын, ол кандидатураға діни агенттіктің келісімін алуға міндетті болмақ. Мысалға, Қазақстандағы православ шіркеуінің митрополиттері және басқа басшылары Мәскеуден және Ресей азаматтары арасынан тағайындалады.
Айтқандай, Қазақстандағы кез келген мекеме немесе ұйым бұдан былай өз кітапханалық қорына діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды алмас бұрын, оларға дінтану сараптамасын сұратуға міндеттеледі.
Заңда діни жоралар мен рәсімдерді өткізу үшін жергілікті биліктің рұқсатын алуды қарастыратын норма да бар. 7-баптың 2-тармағы «Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелерінде, зираттар мен крематорийлерде, салттық қажеттілік туындаған жағдайда, жақын тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделерін сақтау шартымен, үйлерде бөгетсіз жүргізіледі (жасалады)» деп келеді де, келесі сөйлемде: «Өзге де жағдайларда діни іс-шаралар жиналыстар, митингілер, демонстрациялар мен шерулер өткізу үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады» делінген. Ал митингілер мен шерулерді өткізуге рұқсат беру-бермеуді және оны қай жерде өткізуді жергілікті билік шешетіні белгілі.
Тағы бір маңызды өзгеріс: жобаның 9-бабының 2-тармағы діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың және Алматы мен Астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген стационарлы панажайларда ғана таратуға болатынын бекітеді. Яғни қазіргідей көшеде қандай да бір секта не дін өкілінің уағыз кітабын тықпалауы — заңсыз!
Жаңа заң, діни бірлестіктерді «жергілікті», «өңірлік» және «республикалық» деп үш мәртебеге бөлгелі тұр. Бұл жерде «жергілікті діни бірлестік» болып, ең кем дегенде 50 Қазақстан азаматының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, не Алматы мен Астананың шегінде ғана әрекет ететін бірлестік танылады. «Өңірлік» болу үшін діни бірлестік ең кем дегенде 500 тұрғынның бастамасымен іргесі қалануы қажет. Бұл ретте әлгі бес жүз — екі және одан да көп жергілікті діни бірлестіктің мүшесі және ең кем дегенде екі облыстың өкілі болуға тиіс. Өңірлік діни бірлестік сол облыстар ауқымында ғана діни қызметті жүзеге асыра алады. «Республикалық» статус алу үшін діни бірлестікті құруды қолдап, кем дегенде 5000 Қазақстан азаматы қол қоюы қажет. Және де бұл бес мың қазақстандық барлық облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының атынан өкілдік етуі керек. Бұл ретте әр облыс пен қос бас шаһардың үлесіне кем дегенде 300 тұрғыннан келуі керек. Республикалық діни бірлестіктің Қазақстанның бүкіл аумағында өз құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) болуы шарт.
Әрине, көлденең көк атты қазақстандықтардың наным-сенімін қалыптастыруға, діни тәрбиелеуге құқылы бола бермеуге тиіс. Сондықтан «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң жобасына сәйкес, діни бірлестіктің төрт нышан-белгісінің болуы талап етілгелі отыр. Яғни діни бірлестіктің біріншіден, ортақ діни ілімі болуы қажет. Екіншіден, оның қызметі діни жораларды, рәсімдер мен уағыздарды орындаумен байланысты болғаны жөн. Үшіншіден, өз ұстанушыларын діни тәрбиелеумен айналысуы керек. Төртіншіден, қызметі рухани бағдарланған болуға тиіс.
Заңмен діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу, ол тіркеудің күшін жою, діни бірлестікті қайта ұйымдастыру және тарату мәселелері реттеледі, тіпті құжатта діни бірлестіктің жарғысының мазмұнына қатысты талаптар да белгіленген. Онда мемлекет пен шетелдік діни ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты реттеуге де талпыныс жасалған.
Төменгі палатадағы талқылаулар кезінде Дін істері жөніндегі агенттік басшысы Қайрат Лама Шариф ұсынған күйінен елеулі өзгермеген «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының жобасын Мәжілістің кешегі жалпы отырысына қатысқан 96 қалаулының 95-і жақтады, жалғыз депутат қалыс қалды. Енді бұл заңжобаны өздерінің жалпы отырыстарында сенаторлар қарайды. Олар қабылдаған соң, құжат қол қою үшін Елбасыға жолданады.
Айхан ШӘРIП
айқын газеті
{jcomments on}
Leave a Reply