Халықаралық баспагерлер қауымдастығының мәліметі бойынша, дүниежүзінде кітап шығару ең табысты бизнестің бірі саналады. Шетелде кітап бизнесі кинодан да табысты кәсіп қатарында. Ал, тәуелсіздік алғалы бері қазақстандық кітап нарығы қалай қалыптасты? Дамуда ма, тоқырауда ма? Жалпы, қазақ аудиториясы кітап оқиды ма?
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының дерегіне қарағанда, елімізде 1 300-ден астам баспалар бар. Олардың басымы жекеменшік баспа. Оның 70 пайызға жуығы жылына кем дегенде 5 (аталым) кітаптан шығарады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ көп баспалар жекеменшіке өтті.Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезінен бастап мемлекет баспа саласына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерге, әсіресе, оқулықтарға қыруар қаржы бөлініп келді. Әлі де бөлінуде. Белгілі бағдарламалар бойынша («Мәдени мұра», 100 жаңа оқулық т.б) сериялы кітаптар мемлекет қаржысына шықты. Яғни, мемлекеттік тапсырыс бойынша қаржы бөлінеді, тендерге қол жеткізген баспалардың сол ақшаны игеріп, кітапты мемлекеттік мекемелерге таратады. Міне, біздің көбіміздің санамызда кітап нарығы бойынша қалыптасқан түсінік осы нобайда. Алайда, кітап нарығы – тұтынушы мен ұсынушы (өндіруші) қарым-қатынасынан тұрады. Яғни, өнімді тұтынатын оқырман нарығы мен оны ұсынатын баспа өндірісі. Мәселе осы нарықты дұрыс жолға қою, кітап оқуға баулу, кітаптың, әдебиеттің қадірін арттыруда емес пе?Жалпы, кітап нарығы қалай қалыптасуда? Тақырыптың түйткілдерін тарқату үшін сарапшыларымызға сөз берсек.
Ғарифолла ӘНЕС, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Арыс» баспасының директоры:
ТЕНДЕР ТАЗА ӨТКЕН ЕМЕС
– «Еліміздегі кітап өндірісінің түйінді мәселелері көптен бері шешімін таппай келеді. Біз осы уақыт ішінде қазақ кітабының жай-күйі, оның таралымы, кітап саудасы туралы айтудай-ақ айтып келеміз. Проблема кешенді болған соң, бірі шешілсе, бірі шешілмейді. Мәселен, авторлар баршылық, бірақ гонорар мәселесі мүлде жолға қойылмаған. Гонорар мардымсыз болса да оны мемлекеттік тапсырыспен шешкіміз келеді, бірақ бұл кезде бәсекелестік жоғалады. Ал, мемтапсырыс, тендерге келсек: біреулер оны шелектеп пайдаланса, екіншілеріне қасықтап та тимейді.
Баспагерлер кітап саудасын дамытқысы келгенімен дүкен ғимаратын жалға алу, сатушыға төлейтін ақы, т.б. шығындар бар. Өзін өзі ақтамайды. Оның үстіне қағаз, картон т.б. баспа өндірісінің материалдары шеттен келеді. Тым құрығанда желім, бояу, дәке, ине-жіп және т.б. қажетті заттарды шығаруға болады ғой. Мұнай өндіреміз, бірақ оның қалдықтары химия өндірісі тауарларын шығара алмай отырмыз. Осыдан кейін баспа өндірісі қалай дамиды? Қазір қалың мұқабамен шыққан бір де бір кітап өзін өзі ақтамайды, өйткені оған көп күш керек. Мәселен, жай мұқабалы кітапты басу 4 процестен тұратын болса, қалың мұқабалы кітап басу 20 процестен асып кетеді. Ал, мұның өнімнің құнына әсері болады. Оның үстіне кітап таралымы құлдырап келе жатқандықтан, өнімнің(кітаптың) бағасы еселеп өсуде. (Баспа тәртібінде тиражы неғұрлым көп болса кітаптың құны арзан болады). Аз тиражбен шыққандықтан, материалы қымбат болғасын бағасы да қымбат, ал оны тұтынушының қалтасы көтермейді. Жалпы, кез келген кітап таралымы 10 мың данадан асқанда ғана өзін өзі ақтайды. Ал, 100 мыңмен шықса авторға да, баспаға да пайда әкеледі. Кеңестік кезеңде кітап ең алдымен идеологиялық құрал болды. Ол кезде баспалар өзін өзі ақтады, тіпті бір баспа бір ауданның бюджетін ұстап тұрған болатын. Қазір Қазақстанда кітапқа идеологиялық құрал ретінде де, тауар ретінде қарамайды. Кітап басу, тарату ісімен айналысатын арнайы жүйе жоқ. Баспаның барлығы жекеменшікте. Олардың қызметін үкімет тарапынан реттейтін ешқандай құрылым жоқ. Жыл сайын тендер өтеді. Бірақ қаржы бөлуде ашықтық жоқ. Мемлекеттік тапсырыспен қай баспа қандай кітаптар шығарды соның есебі жариялануы керек деп ойлаймын. Министрліктің сайтында барлық ақпарат тұруы тиіс. Жалпы, мемтапсырыспен тек мемлекеттік саясатқа қатысты кітаптар ғана шығарылуы керек, басқасының барлығы нарық талабына бағынуы тиіс.
Қысқасы, баспалардың жағдайы ешкімді ойландырмай отыр. Егер оқулық шықпаса, еліміздегі баспалар мен баспаханалардың барлығы жабылып қалар еді. Көркем әдебиет оқулықтың арқасында ғана шығып жатыр. Сондықтан бұл мәселеге кешенді көзқарас керек. Кітап индустриясын заманауи тұрғыда, нарық талаптарына сай дамыту қажет. Баспа саласы ғана емес, барлық сала тұтастай жекенің қолында қазір. Бірақ оларды дамыту стратегиясы, күнделікті тактикасымен айналысатын мекемелер, ведомстволар бар. Сол сияқты кітап өндірісін де дамыту керек
Алмас Шәйкен, «Qazyna» кітап үйінің бас директоры:
КІТАПТЫ ТӨРГЕ ОЗДЫРУҒА ҚЫЗМЕТ ЕТУІМІЗ КЕРЕК
– Қазақ кітап нарығы қарқынды дамып келеді. Осыдан 2-3 жыл бұрынғы жағдайда мүлдем басқа еді. Алғашында бұл істі қолға алғанда өзіміз сенбегеніміз рас. Бұл жүйеге көп ақшаны көксеп келгеніміз жоқ. Жай ғана,қазақ тілінде кітап сататын дүкеннің жоқ екенін байқадық. Бұл нарықтың бос екенін бағамдадық. Басында кітаптарды табудың өзі қиын еді. Қазақ тілінде кітап басып шығаратын баспалар дүкендердің өзі тауарларының 30 пайызын ғана қазақша әдебиетпен, 70 пайызын орыс тілді әдебиетпен ұстайды. Атағы дардай, танымал, жүйеге түскен кітап саудасы желілерінде қазақ тілді кітаптар 1-3 пайыз төңірегінде ғана қамтылған. Әуел баста осыған аздап намыстанып, бұл істі бастаған болатынбыз.
2017 жылдың күзінде жұмысты бастадық. Кітап болған жоқ басында. Екі жыл бойы тек қана кітап жинаумен айналыстық. Жоқ нәрсені «бұл ешкімге» керек емес деп айту оңай. Бірақ оны тауып (шығарып), ұсынып көру керек. Яғни, сынақтан өткізу керек. Бүгінде кітап баспаларында бәсекелестік қалыптасуда. Мүмкіндік бар. Бәсекелестіктен гөрі бүгінде қазақ баспагерлеріне ынтымақтастық, серіктестік көбірек керек пе деп ойлаймын. Мысалы 4 млн ғана халқы бар Моңғолияның өзінде 10 мың тиражбен шыққан әдеби кітап тез сатылып кетсе, бізде белді ақындардың өзі 1 мың не 2 мың таралыммен шығады және ол кітаптар әзер өтеді. Дүкенде жатып қалады. Есесіне тұлғалық дамуға қатысты, психологиялық әдебиеттер жылына 40 мың тиражбен өтеді.
Кітап менеджментін жолға қойып, осы бағытта еңбектеніп жатырмыз. «Qazyna» кітап үйінің әзірге Алматы мен Шымкент шаһарларында дүкендері бар. Интернет дүкеніміз арқылы еліміздің барлық өңірлеріне кітап сату қызметін жетілдірудеміз. Десек те, біздің үніміз, кітап тарату ісіндегі қызметіміз жалпақ жұртқа әлі де жетіп жатқан жоқ. «Qazyna» қазақ тіліндегі кітаптар дүкенінің бар екенін, онда 5000 теңге көлемінде сауда жасаса Қазақстанның кез келген нүктесіне тегін жеткізіп беретінін біреу білсе біреу білмейді. Әлі де маркетинг жағынан кемшіліктеріміз бар. Бүкіл Қазақстанға жеткізу үшін біраз қаражатпен, дайындықпен жұмыс істеуіміз керек.
Кітапқа сұраныс бар. Біз зерттеу жасағанбыз. Қазақ тілінде жарық көретін газет-журналдар контентінің 40-45 пайызы әдеби дүниеге құрылған.Мерзімді басылымдар әңгіме өлеңдер басады. Бұл Кеңес кезінен қалыптасқан үрдіс. Орыс тіліндегі газеттерде керісінше. Бұдан шығатын түйін:көркем әдебиетпен қазақ тілді аудиторияны толық қамти алмағандықтан, газет-журналдар осы қажеттілікті өтеп отыр. Демек халқымыз әлі де көркем шығарма оқиды деген сөз. Бірақ кітаптар қазақтілді аудиторияға, ауылдарға жетіп жатқан жоқ. «Қазақ кітап оқымайды» дегенге келіспеймін. Бұл негізсіз пікір. Жоқ нәрсені қалай оқиды. Ауылдарға кітап жетіп жатқан жоқ қой.
Кітап оқитын ұрпақты қалыптастыруымыз керек. Оны отбасынан бастау керек. Балалар білмекке құштар келеді. Ата анасына көп сұрақ қойып жатады. Сол кезде баланы ол сұрақтың жауабын кітаптан табамыз балам деп, кітапты парақтатып үйретсе баланың оқуға қызығушылығы оянады. Кітапқа жүгіну, кітаптан көмек сұрауға дағдылануға үйренудің өзі оқу мәдениетінің баспалдағы болар еді. Мысалы, бүгінде неше түрлі шытырман оқиғалы фильмдерді адамдар сүйіп қарайды. Кітаптан одан екі есе ләззат алуға болады. Кітапты демалыс, ләззат алу құралы ретінде қалыптастыру керек.
Қазақ кітабына насихат жетіспейді. Ел көлемінде насихатын күшейте беру керек. Кітапты төрге шығаруға Сіз боп, біз болып қызмет ету жасауымыз керек. Ел ішінде кітапқа жанашыр азаматтарымыз аз емес. Мысалы, сіздің қаланың орынбасары Шыңғыс Мұқан деген жігітті білемін. Осындай азаматтарымыз, іс басында отырған іскер азаматтарымыз кітаптың насихатына оң қараса, ел болып жұмылып кітапты төрге оздыруымызға болады. Жас ұрпақ интернет пен смартфон жетегінде кетіп қалмауына отбасынан бастап, ұстаздар бар, бүкіл қоғам атсалысуы керек. Кітап жарнамасы мен насихатын мемлекет деңгейде шешсе, мемлекет жүйелі түрде елге кітап жеткізіп отырса тиімді болар еді. Ауыл кітапханаларын аралап көрдім. Мәдениет министрлігі таратып отырған бірді жарым кітаптар болмаса соңғы шығып жатқан кітаптар ауылда жоқтың қасы.Қорыта айтқанда мен кітаптың болашағына зор сеніммен қараймын. Қазақ зердесі терең халық қой. Оқитын ұрпақ қалыптасады деп ойлаймын».
Динара ҚОЖАХМЕТОВА, «Қасым Кітапханасы» Баспа үйінің менеджері:
БАСПА САЛАСЫНДА БӘСЕКЕЛЕСТІК АРТЫП КЕЛЕДІ
– Баспалар арасында бәсекелестік уақыт өткен сайын күшейіп келеді. 2020 жылы біз кіріскендегі жағдай мен қазіргі жағдайды салыстыруға келмейді. Қазір авторлар үшін талас болып жатыр. Біздің жазушылар мен олардың балалары авторлық құқық туралы онша білмейді. Соның кесірінен кейде айрықша құқықты да беріп қояды. Айрықша құқық дегеніміз –шығарманы басыбайлы беру деген сөз. Ол дұрыс емес. Біз қазір соны түсіндірумен де айналысып жатырмыз. Карантин бітсе, халықтың жағдайы жақсы болса, бір-екі жылда кітап нарығы тіпті керемет дамиды деп ойлаймыз.
Қазіргі таңда кітап дүкендеріне қарасаңыз, қазақ тіліндегі кітаптар сөресі әлі де жұтаңдау. Халық іздеген кітаптарын бірден таба алмайды. Көп баспаның жарнама жасауда осалдығы байқалып тұрады. Кітап сатуды дүкендерден бөлек, әлеуметтік желілер арқылы танытуды қолға алдық. Ең көп сұранысқа ие кітаптар бұл балаларға арналған көркем әдебиет. Қазір телефонға телмірген заманда көп ата-ананы баласын қалай кітап оқуға баулимын, қандай кітап оқытамын деген мәселе алаңдатады. Осы сұрақтарға жауап іздеп, оның жауабын, шешімін біздің баспаның кітаптарынан тауып жатқандығы қуантады.
Кітап нарығын баспалар мен оқырман қалыптастырады. Баспа жақсы, сұранысқа сай кітап шығарса, оқырман алып оқыса, сонда нарық дамиды. Бірақ қазіргі экономикалық жағдай қысып тұр: қағаз да, бояу да ерекше қымбаттап кетті. Осындай кезде мемлекет араласып, қолдау көрсетпесе, күннен күнге кітаптың шығындары шарықтап барады. Ал енді, кітаптың бағасын бұдан әрі өсіру – оқырманның қалтасына ауыр тиеді. Осы жағдай қоғамды ойлантуы тиіс. Десек те, оқитын оқырман бар, жан-жақты кітап оқу жайлы жақсы насихат жұмыстары жасала берсе, кітап оқитын адамдардың саны арта береді.
Кітап оқымайтын халық пен кітап оқитын халықтың айырмашылығы жер мек көктей болады. Әр үйде үлкен теледидар орнын әдемі кітапханаға алмастыру қажет. Үлкендер өзіміз үлгі болып кітап оқысақ, сізді көріп өсіп келе жатқан баланың да кітапқа деген қызығушылығы артады. Ешкім сырттан келіп, баламызды оқытып бермейді, сондықтан жауапкершілікті өз қолуымызға алу қажет. Зерттеулерге сүйенсек, ата-анасы көп оқитын, үйінде кітапханасы бар отбасылардың балалары да оқуға бейім келеді. Осыған мән беруіміз қажет. Бұл тарапта тек мектептің оқытқаны аздық етеді. Әркім өзінен өз отбасынан бастаса дұрыс болар еді.
КІТАПҚА СҰРАНЫС ҚАНДАЙ?
Сонымен, қазақтілді кітаптарға сұраныс қандай? Кішігірім зерттеу жүргізіп бірқатар баспагерлер мен кітап саудасымен айналысатын кәсіпкерлермен тілдескенде аңғарғанымыз, мына бағыттағы кітаптарға сұраныс көп екен:
- Тұлғалық даму туралы немесе іскерлік әдебиет;
- Психологиялық-мотивациялық әдебиет;
- Діни әдебиет;
- Балалар әдебиеті;
- Фантастикалық әдебиет.
Соңғы уақытта мотивициалық-психологиялық бағыттағы әдебиеттерге сұраныс артқан. Атап айтқанда Баян Есентаеваның «Баян. Өзім жайлы ғана емес» қазақ-орыс тілдерінде естеліктері 40 мың тиражбен шығып, сатылды. Енді бірі Ләйла Сұлтанқызының – «Менің екінші кітабым», «Әйел» деген кітаптары зор сұранысқа ие болған. Бұл, расында: тәуелсіздік жылдарында көзі тірі қазақ әдебиетінің классиктерінің маңдайына бұйырмаған меже. Бүгінгі мүйзі қарағайдай, атағы жер жарған қазақ жазушыларының көбісінің кітаптары 1-2 мың таралыммен шығып жатады. Олар аз ғана таралыммен мемтапсырыспен шығып, мемлекеттік кітапхана арқылы тегін таралады. Тауыққа тары шашқандай әр кітапханаға бірер данадан беріледі.
«Kitap al» кітап дүкенін негізін құрған, балалар жазушысы Саят Қамшыгердің айтуынша бүгінде адамға мотивация беретін, тайм-менеджментті, өз-өзін дамыту, дұрыс жоспар құра білу, уақытты тиімді пайдалану сияқты кеңес беретін кітаптарға зор сұраныс бар. Қазір мұндай мотивациялық кітаптар, қаржылық сауатқа қатысты кітап көп өтеді. Интернетте қаржыны басқаруға арналған күнделіктер, олардың эл нұсқаларын сатып табыс табушылар көп. Мәселен, Qazyna кітап үйі менеджерлері Мәрзия Бекайдардың «Қисық қабырға», Динара Болаттың «Өмірге шексіз ғашық», Кәмшат Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» және тағы басқа психологиялық, мотивациялық кітаптардың көп өткенін айтады. Сол секілді былтырғы, алдыңғы жылдары психолог-ментор, кәсіпкер Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» кітабы 5000 таралыммен шығып (3000 т) 2-3 ай көлемінде сатылып кеткен-ді. Ал оның «Құпия» атты екінші кітабы 10 мың дана болып шығып сәтті саудаланды. Бұл кітапқа автор Instaram желісі арқылы кітап шықпай тұрып, жазылып жатқанда-ақ жақсы жарнамалап, клиенттердің біраз бөлігін жинап үлгергеніне куәміз.Иә, соңғы жылдарда блогерлердің шетінен «жазушы» болып кеткені рас. Инстаграм мүмкіндіктерін шебер пайдаланған М.Бекайдар, Д.Болатттың кітаптары, Б.Бұқарбайдың «Айлықтан кет, байлыққа жет», А.Тұрсынбаеваның «Түпсана», «Айнұрдың аффирмациялары», «Айнұрдың мотивациялары» күнделік-кітаптары, Д.Мұқайдың «Дәулетті күнделік» , «Жинақ times», «Құралайдың жұмыс дәптері» секілді кітаптар 5 мыңнан 50 мыңға дейін тиражбен шығып, тікелей Instaram желісі не кітап дүкендері арқылы сатылып жүр. Әнші, Бағлан Әбдірайымов та осы қатарда атауға болады. Біріншісі «Ақ пен қара» әншінің өмірін, бастан кешкендерін баяндайтын болса, екінші кітап «Қарызсыз қазақ» деп аталады. Екінші кітабында автор қарызсыз өмір сүрудің және қарыздан құтылудың құпиясын көрсетеді. Кітап нарығына шолу жасағанымызда соңғы жылдар бедерінде қазақтілді аудиторияның осындай бағыттағы әдебиеттерге сұраныс басымдығын байқадық. Баспа бизнесінде «кітапты емес, авторды саудала» деген қағидат бар. Демек, жарнамасы жер жарған, «жұлдыз», яки танымал автордың кітаптары жақсы өтеді. Қоғамда осындай бағыттағы әдебиеттерге сұраныстың арту себебі: елдің көбі қарыз, кредитте өмір сүруде, тез байып кетуді, қаржылық сауатты болуды қалайды, «жұлдыздардың» әлем-жәлем өміріне қызығады, соларды үлгі тұтады, тыңдайды, елігеді, сенеді.
«Kitap al» кітап дүкенін құрушы, ақын, балалар жазушы Саят Қамшыгердің айтуынша, пандемия кезінде кітап оқу, кітап саудасы 3 есеге артқан. Жуықта Kitap al-дың Алматы қаласында үшінші дүкені ашылыпты. «Кітап жақсы өтіп жатыр. Кітапқа насихат, жарнама керек. Жарнамасы мықты болса кітап жақсы сатылады», дейді. «Мөлдір бұлақ» балалар журналын басқарып, әрі балалар әдебиетін аударумен айналысқан ол башқұрт жазушысы Айгиз Бекмұхаметовтің «Тастамашы ана» атты кітабын аударып басқан. Авторы балалар үйінде өскен, 99 пайыз өмір шындығына құрылған бұл кітап қысқа мерзімде бестселлерге айналыпты. Кітапты 50 данадан артық алған мектеп оқушыларына қолтаңбасын қойып, өзі жеткізіп беріп, кітапты 2000 таралым, сосын 3 тарылыммен шығарған. Екі басылымда небәрі 1,5 айда өтіп кетіпті. Үшінші де 5000 тиражбен басылған бұл кітап бестселлерге айналды. Сұранысқа ие, қат кітаптардың қатарында 10 мың таралыммен өткен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабы туралы осыны айтуға болады. Бұл кітаптардығң бестселлерге айналуының мәні – реализмге, өмір шындығына құрылуында. «Тастамашы ананы» оқыған балалар мен жасөспірімдерден көптеп хат келді. «Аға, сізге рахмет осы кітапты оқып Анамның барына қуандым, оны ренжіткенім үшін кешірім сұрадым, қадірін білдім. А.Бекмұхаметовтің «Ертегісіз өткен балалық» кітабын оқып анамның қадірін ұқтым, науқастанып жатқан анамның табанына маңдайымды тигізіп, тағзым етттім. Көз жасыма ие бола алмадым. Анам да жылап жатыр екен. Қазір тек, Анашымның амандығын тілеймін» деп жазыпты дейді автор. Аталған кітап Башқұртстанда да зор резонанс тудырған. Балалар үйлері жабылуда. Қоғам жетімінің басынан сипап мейірім шуағы орнауда» дейді.
ӘДЕБИ АГЕНТ ДЕГЕН КІМ?
Қайсыбір жылдары студенттерді пәндік олимпиадаға алып барып келе жатып жолаушылар пойызының плацкарт вагонында кітап сатып жүрген бір жазушыны кездестірдік. Шай ішіп, карта ойнап, ерігіп отырған жолаушыларды әдемі анекдоттарымен күлдіріп, кітабын сатып вагон аралап табанын тоздырып жүр. (Қолтаңбасын қойдырып, екі кітабын сатып алып, сапарластарымызға алғыздық). Жазушының шарасыз халіне іштей қамықтық. Осылай жүру қаламгерге жараса ма?
Жазушының басты жұмысы – ойлану, оқу, жазу. Жазушының тұрмыс түйткілдеріне шыр-пыр болып, кітабын өзі жазып, өзі шығарып, өзі сатып жүргені тиімсіз. Жүйкесі жұқарып, шаршайды, азып-тозады. Жазушылықтан тыс жұмыстарды атқаратын арнайы кәсібилер қажет осындайда. Олар – әдеби агенттер, немесе Бақытжан Бұхарбай айтпақшы кітап продюсерлері. Шетелде, дамыған елдерде әрбір атақты жазушының артында әдеби агент тұрады. Әдеби агенттер, агенттіктер авторға таласады. Бестселлер кітап жазатын, кітабы қат авторларды аңдып, қарымды жазушыларды торып жүреді. Жазушы жазады, басқа шаруаны агент атқарады. Ол:«сіз маған клиент болыңыз, қалғаны шаруаны мен атқарамын» дейді. Автордың баспамен келісімшарт жасауы, авторлық құқықтарын қорғауы, кітап маркетингісі мен жарнамасын жасауы бәрі-бәрі әдеби агенттің тікелей атқаратын қызметі. Әдеби агент кітаптың сапалы басылуынан бастап, оның жарнамасы, сатылуы, таралуына жауапты маман.Себебі агенттіктер болашақта кітаптан түсетін пайданың белгілі бір пайызы арқылы күн көретін кәсіби топ.
Жеке баспа ашқан досым бүй деп еді: «Баспа ашқан алғашқы жылы Жетісайға бардым. Әкімге кіріп бұйымтайымды айтып ем, ол орынбасарына сілтеді. Орынбасары қағілез жігіт екен дітімді бірден ұқты. «Жүрші» деп, бір кабинетке кіргізді. Әкімдіктің атшаптырым кабинетінде кісі бойындай болып кітаптар сіресіп тұр екен. Көзі тірі классиктерімізден бастап, аудан деңгейіндегі ақын-асаба, зейнеткер «педагог жазушы» дейсіз бе? Түрлі авторлардың неше түрлі кітабын жинап қойған.
— Мынаның бәрі мақтаның пісуін күтіп тұр. Мақта пісіп ел ертең тиын-тебен ұстайды. Ауыл әкімдері, мектеп директоры бар ма шақыртып, тықпалап, тоқпақтап алдыртамыз. Мектеп директорлары мені көрсе анадайдан айналып қашатын болды. Осы маған қажет пе? Осы мен айналысатын шаруа ма? -деді. Ләм демей шығып кеттім»
ТҮЙІН
Кітапқа байланысты қоғамда пікір екі тарап: кітап оқылады, оқылмайды. Кітаптың жаманы жоқ, алайда кітап дүкеніне түскен қазақ кітабы кейбір кезде жылдап жатып қалады. Себебі оларды іздеп жүріп оқитын оқырман жоқ. Кітап оқылмайды деп айтуға да болмайды: 10 мыңдаған таралыммен шығып, сатылып жатыр. Демек,кітап оқылады. Бірақ оқырманға бағдар берер таныту, санаға әсер ету жүйесі дұрыс жұмыс істемей тұр. Кітап оқу дағдысы, нарықтық маркетинг, жарнама тетіктері жақсы жүргізілмей жатыр, бәлкім. Кітап продюсері Бақытжан Бұхарбай айтқандай: заманауи қазақ жылына кітап сатып алу үшін кемінде 100 мың теңге шығындауы керек шығар. (Кітап оқу, сатып алу мәдениетін қалыптастырсақ бұл да кітап нарығына әсер етер еді) Қалай болғанда кітапты төрге оздыру, оны насихаттау, оқитын ұрпақ қалыптастыру бүгінгі қазақ қоғамы үшін өзекті мәселенің бірі де бірегейі.
Әтіргүл ТӘШІМ
Түркістан қаласы
Leave a Reply