Аягүл МАНТАЙ: «ӨМІР ЖОЛЫМДА КЕЗДЕСКЕН ӘРБІР ЖАҚСЫ АДАМ САНА КЕҢІСТІГІМДЕ ҚАЛЫҚТАП ТҰРАДЫ…»

Аягүл МАНТАЙ, жазушы:

«Өмір жолымда кездескен әрбір жақсы адам сана кеңістігімде қалықтап тұрады…»

Кейіпкер туралы:

ОНЫҢ СҰХБАТТАРЫНА НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!

(Бұл жарнама емес, жазушының сөзі)

«Аягүл Мантай дегенде Осы қыздың мінезі, жазу стилі, ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы, әңгімелерінінің тақырыбы, адамдарының мінез-құлқы және өзіндік концепсиясы басқалардан өте ерекшеленіп тұрады. Оның әрбір әңгімесін мен қалт жібермей оқуға тырысамын, қолыма түсіп қалатын болса. Оның алғашқы кітаптары жайлы талай пікір де айтқанмын. Және қазақ әдебиетіндегі өзіндік үні бар, өзіндік көзқарасы бар, өзіндік талғамы бар, тағылым көзқарасы бар ерекше жазушы деп есептеймін. Тіпті, әңгіме тақырыптарының өзі-ақ адамды өзіне тартып әкетеді. «Иллюзия», «Мылқау мұң», «Қарғыс», «Бөтен», «Бөрте», «Интуийца», «Қабір гүлі», «Жалғыздық биі», «Жазушы» осының бәрін оқып шыққан адам, Аягүл Мантаеваның жазушылық бүкіл портретін көз алдына толық елестете алады. Оның «Қазақ әдебиеті» және басқа газет-журналдардың бетінде сұхбаттары жарияланып тұрады. Жиі-жиі жарияланады және. Олардың бәрі де өзінен алдыңғы, өзінен соңғы толқынның пікірлеріне мүлде ұқсамайды. Өзіндік танымы бар. Осының бәріне ол Мәскеу қаласында оқып, сонда біраз қызмет істеп, көптеген ойлы адамдарменен жүздесіп, солардан тағылым алған да шығар деп ойлаймын. Бірақ, Мәскеуде кім оқымады? Шетелде кім оқымады? Бірақ, олардың бәрі де сол оқығанын көңілге тоқи алмай, осы жерден қалай кетсе, солай қайтып келіп жатады. Ал, Аягүл – барлығына өзінің сыни көзқарасымен қарайтын және сыртқы әлемді сыни көзқарасымен қабылдайтын жазушылардың бірі. Әлгі мен атап өткен әңгімелердің өзін мына біздің қалың оқырман оқып шықса, Аягүлдің ешкімге ұқсамайтын ерекше жаралған жазушы екеніне көзі жетеді. Оқыңыздар! Оның сұхбаттарына назар аударыңыздар!

Оның бірнеше сыйлықтары да бар, «Серпер», «Президент стипендиясы» олардың бәрі тек қана оның шығармаларына берілген әзірше баға. Ал оның ең басты құнды бәйгесі – өзінің әңгімелері. Ол өзінің ешкімге ұқсамайтын көзқарасымен көп нәрсе тындыра алады деп ойлаймын»,— деген пікір айтады, бүгінгі сұхбат кейіпкері Аягүл Мантай туралы жазушы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков.    

Иә, иленіп жатқан бір терінің пұшпағына таласпай, ақын-жазушылар бірін-бірін жақсы көруі шын ғанибет. Ішкі әлемдегі ішінара сезімдер жанға ашылмай құпия қалып кетіп жатады. Бүгінгі осы жайлы жазушы Аягүл Мантаймен болған сұхбатымызды ұсынамыз.

«БӘРІНЕН ӨМІР ҚЫМБАТ ЕКЕН, ОПТИМИСТ БОЛ! ӨМІРДІ СҮЙ!»

– Көңіліңіздегі ауа-райы қалай? Ішкі әлеміңіздің түзілісі, сезімдеріңіз туралы айта отырыңыз…

 – Шынымды айтсам, соңғы күндері жүрегімдегі балансты, жүрегімдегі тыныштықты жоғалтып алдым. Қазір формама келу үшін ораза ұстап, Құдаймен қарым-қатынасымды жақсартуға тырысып жатырмын. Арманым: Құдаймен гармонияда өмір сүру.

 – Сіздің Ника Турбина туралы жазғаныңызды оқыдым. Сізге бүгінгі күні Ника не айтқысы келеді?

 – Никаның болмысын тани алғаныма, жандүниесіне бойлай алғаныма аздап өкінем. Никаны тану, түсініп қою, шынымды айтсам, жүйкеме біраз салмақ түсірді. Қиналған сәттерімде Никаны ойлаймын. Ника мына әлемге сыймай кеткен талант.

Бар болғаны тоғыз жасында Никаның өлеңдер жинағы шықты. Тоғыз жасында ол әдеби ортаны өзіне жалт қаратты. Бала Никаның өлеңдері танылып қалған біраз ақынның қызғанышын оятты. Ол бала болса да, жау тапты. Тоғыз жасында жазған кітабы бірден он екі тілге аударылды. Ерекше баланы режиссерлер бірінен кейін бірі фильмге шақырып жатты. Оған арнап фильм түсірді. Атақ пен даңқты кішкентай жүрек көтере алмады. Он алты жасында жүйке ауруынан қатты азап шеккен Ника Швейцарияға кетті. «Сіз мені жүйке ауруынан, миымды құрттай жейтін азаптан құтқара аласыз ба? Егер сіз мені тозақ отындай азаптан құтқарсаңыз сізге тұрмысқа шығар едім» деп Ника әйгілі психолог, жетпіс алтыдағы профессорға шарт қойды. Шын таланттардың жүйке ауруынан азап шеккенін Ника жақсы білді, бірақ жас қой, ол өзін құтқарғысы келіп, жанталасты. Жүйкесінде сәл «реттілікті» сезген кезде өзінен алпыс жас үлкен профессорға тұрмысқа шықты. Он жеті жасында күйеуінен ажырасып, Ресейге оралды. Қысқасы, Никаның өмірі – шым-шытырық тағдырдың картинасы еді. Өмірінің соңғы жылдары ол бәрінен көңілі қалып, қоғамнан бөлініп, оқшау өмір сүрді. Жиырма жеті жасында терезеден құлап, өмірден өтті.

Ника маған «Ая, бәрінен өмір қымбат екен, оптимист бол! Өмірді сүй!» дейтіндей.

«ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ ТҰРАДЫ»

 – Өзіңізден кейінгі жастар шығармашылығы туралы көзқарасыңыз?

 – Жастарды қадағалап оқып жүрмеген соң, жалпылама пікір айтқым келмейді. Ақын Салтанат Мадиярқызының соңғы жазған өлеңдері ұнады. Өсу, даму бар. Шабытпен жазылған шынайы, табиғи өлеңдер.

– Адам әлденеге сеніп, өмір сүреді… Сіз неге сенесіз?

– Мені шын жақсы көретін, өзім жақсы көретін адамды кездестіріп,  тұрмысқа шығып, сүйкімді балам болатынына сенем. Қиялымда әлі өмірге келмеген баламды тәрбиелеймін. Отбасыммен гармонияда өмір сүрем деген сенім бар. Әйел адамға, мысалы, маған атақ та, сыйлық та, ештеңе керек емес. Атақ та, даңқ та, танымалдылық та адамға ешқашан бақыт сыйламаған. Жүректегі тыныштық қана бәрінен маңызды, бәрінен қымбат. Өзім үшін отбасы құндылығы бәрінен жоғары тұрады.

 – Бойыңыздағы стрестік вирустармен қалай күресесіз?

 – Көп сүре оқимын. Менің сүре оқымайтын кезім аз.

«ӘРБІР ЖАҚСЫ АДАМ САНА КЕҢІСТІГІМДЕ ҚАЛЫҚТАП ТҰРАДЫ»

 – Кейіпкерлеріңізге қарап отырып, шығармашылығыңызды таза ұстауға тырысатыныңызды байқаймын. Өміріңізде қиянат көрген кезіңіз болды ма?

 – Қиянат көрген кезім аз емес… Бірақ «пәленшеден қиянат көрдім» деп ол туралы фейсбукта жазбаймын. Жалпы бұл ішкі мәдениетіме қайшы дүние. Мүмкіндігінше ұрыс-керістен қашатын адаммын. Адекват емес адамдардан да қашам. Кейбір адамдарды сырттай жақсы көріп қана жүрем, саналы түрде жақын араласқым келмейді. Ол адаммен жақын араласа келе жоғалтып алудан қорқамын. Сыйлап, жақсы көріп жүрген адамымның өзіме қатысты арамдығын сезіп қойсам сынып, күйреп кетем. Мені алдау мүмкін емес. Ол адаммен үзілді-кесілді араласудан бас тартам. Бірақ артына түсіп алып, кек алмаймын. Бірақ ешқашан қайтадан араласып, сөйлесіп кетпеймін.

– Тоня әжейдің адамгершілігі туралы көп жазасыз.  Өміріңізде одан бөлек азаматтық танытқан жандар болды ма?

 – Өмір жолымда жақсы адамдар көп кездесті. Қазақтың классик жазушысы Дулат Исабековтің жақсылығын көп көрдім. Дулат аға екеуміз қыз алыспайтын руданбыз.

         Алматыда жұмыссыз жүрген кезімде де Дулат ағаның алдына барып, жұмыс сұраған емеспін. «Аға, сөзіңіз басшыларға өтеді ғой, жұмысқа тұрғызыңызшы» деп өтінген емеспін. Мен де «бәріне өзім жетем» деген амбиция болды. Қазір де сол амбиция. Бірақ мұндай амбициямен өмір сүру өзің үшін қиын. Қырсық, бірбеткей мінезімнен аз қиналмадым, әлі де қиналам.

         Баяғыда Дулат аға ақша берсе, «жоқ, алмаймын» деп алмайтынмын. Дулат аға көмекшісі құрбым Ақмоншаққа «Осы Аягүл қызық. Мен оның жақын ағасымын ғой. Ақша берсем алмайды. Осы қыз қиналып жүрсе де, намысшыл» деп ренжиді екен. Періште болмай-ақ қояйын, қазір ағам ақша берсе, аламын.

         Мәскеуде оқып жүрген кезімде Дулат  аға «самолеттің билетін өзім көтерем» деді. Магистратурада Ресейдің бюджетімен оқыдым ғой, стипендиямыз 1200 рубль ғана болды. Яғни, рубль құлдырағанда 3 мың теңге ғана алғанбыз. Мәскеуде оқумен бірге жұмыс істеп жан бақтым. Дулат аға РУДН-де оқып жүргенімде үнемі жол қаражатымды көтерді.

         Сұхбаттарында Дулат аға ылғи жылы пікір айтады. Рулас қарындасы болған соң, мақтайды деп ойламаймын. Шығармашылығым туралы Несіпбек Дәутайұлы, Мархабат Байғұт аз айтпады…

         Ал, Тоня әжейге келсек, ол кісі құрбым Бану екеуміз жалдап тұрған пәтердің иесі еді. Кремльдің қасынан екі бөлмелі пәтерді 75 мың теңгеге жалдап тұрдық. Мәскеуде жатақхананың бір бөлмесін 75 мың теңгеге жалдап тұра алмайсың. Тіпті «Жаңа жылға сендерге сыйлығым» деп бір ай пәтерақысын алмаған.

Өмір жолымда кездескен әрбір жақсы адам сана кеңістігімде қалықтап тұрады…

Сұхбаттасқан: Сезім МЕРГЕНБАЙ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика