ТҮРКІСТАН – НАУРЫЗ ЖӘНЕ АҒАШ ЕГУ ДӘСТҮРІ ҮЙЛЕСІМ ТАПҚАН ҚАЛА

Наурыз жетті дегенше, ағаш көшеттерін егу науқаны басталды дей беріңіз. Қалада, далада, көшеде, аулада осы көрініс. Наурыз мерекесімен астасып жатқан осы бір шара соңғы кездері Түркістан шаһарының да тәлімді дәстүріне айналып келеді. Түрленген Түркістанның айналасы жасыл орман белдеуімен қоршауды меже тұтқан облыс басшылығының арнайы жоспары да бар. Бүгінгі сөз еткелі отырған тақырыбымыз да сол: Түркістандағы НАУРЫЗ бен КӨШЕТ ҚОНДЫРУ ДӘСТҮРІНІҢ ассоциациясы.

Бұл жағынан тақырыпты жете білетін сала маманын іздеп едік. Түркістан қаласыдағы «Жасыл аймақ» КММ-нің Орманды толықтыру және орман өсіру бас инженері Аян ЕРНАЗАРОВ деген азаматқа жолықтық. Атқарылып жатқан шаралар жайлы білдік.

Аян ЕРНАЗАРОВ, «Жасыл аймақ» КММ-нің Орманды толықтыру және орман өсіру бас инженері 

ТҮРКІСТАН МАҢЫНДА СЕКСЕУІЛДІ ОРМАН ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДІ

Аян мырза, Наурыз мерекесіндегі «ағаш егу» дәстүрі, Түркістан қаласындағы мерекелік шаралар қатарында көшет отырғызу шаралары туралы айтып беріңізші.

– Иә, соңғы жылдары Түркістан қаласында «ағаш егу» дәстүрі мен Наурыз мейрамын тойлау мерекелік шаралары астасып, жақсы мәнге ие болып жүр. Оның үстіне, облыс орталығы маңын айналдыра жасыл орман белдеуімен қоршау жоспары да бар. Осы жоспар мен тәлімді «ағаш егу» дәстүрі қазіргі таңда үйлесіп кетті.

Биылғы Наурыз мерекесі қарсаңында «ағаш егу» дәстүрі 19-наурыз күніне жобалағанбыз. Арнайылап сенбі күні өткіздік. Жалпықалалық сенбілік есебінде қалалықтар болып жаппай сипатта болды.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында «Жасыл аймақтың» 13 учаскесі бар. Әр учаскеге өз маман, қызметкерлері бекітілген. Ағаш егіліп, бапталып тұрады. Одан тыс, сенбілік барысында жаңа әуежайға баратын автожолдың бойына ағаш көшеттері егілді. Сондай-ақ, ағаш егу жұмыстарынан өзге де, ағаш бұтау, ақтау, тазалау жұмыстары да қоса атқарылды.

Ағаш егу сенбілігіне біздің мекеме қызметкерлерінен бөлек, қоғамдық бірлестік өкілдері, жастар, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, қала тұрғындары да қатынасты. Түркістан қаласындағы әуежайға барар жолда орналасқан жасыл белдеу аймағында жалпы 200-ге жуық қарағаш, шырша, т.б. ағаш көшеттері отырғызылды. Осылайша, іс-шараға қатысушылар Мемлекет басшысының орман алқаптарында 2 млрд. ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындауға өз үлестерін қосты. Тазалық акциясының соңында аға буын өкілдері жастарға ақ батасын беріп, табиғат жанашырларына «Наурыз» кәдесыйлары тарту етілді.

Түркістан маңында жасыл белдеу қалыптастыру жұмыстары қалай атқарылып жатыр? Қанша алқапқа неше ағаш қондырылды, оның қаншасы көгеріп тұр?

– «Жасыл аймақ» мекемесі Шымкент қаласында 2015 жылы құрылды. Ал, 2018 жылдың күзінде Түркістанға көшіп келді. Жаңадан құрылған облыс орталығындағы жұмысымыз 2019 жылдан бастап басталды.

Жоғарыда Түркістан шаһарының айналасында жасыл орман белдеуін қалыптастырып, орманмен қоршау жоспары барын айттық. Сол жоспарды орындау мақсатында 2019 жылдың өзінде 2300 гектар алқапқа ағаш көшеттерін қондырдық. Сол алқапқа 1 597 мың түп көшет отырғызыппыз. Егілген орман белдеуі 13 учаскеге бөлінген, онда тиісті мамандар тер төгіп жатыр. Отырғызылған ағаш көшеттері қатарында негізінен Түркістан қаласының климатына бейім қарағаш егілген. Сондай-ақ, шаған, үйеңкі, терек, т.б. ағаш бұталар қондырылды.

Ал, 2020 жылы 2 400 гектар жерге 2 795 мың түп ағаш көшеті егілді. 2021 жылы 3 300 гектар алқапқа ағаш егілген. Бастапқы жылдары Түркістан қаласына қандай ағаштар өсетінін анықтау үшін эксперимент ретінде бастапқы жұмыстар атқарылса, сол жұмыстардың нәтижесін ескере, 2021 жылы егілетін ағаштар қатарына жыңғыл бұтасын қостық. Себебі, облыс орталығы маңындағы топырақ сорлы-сортаңды болып келетіндікден, жыңғыл жақсы өсетінін байқадық.

Тағы бір арнайы тоқтала кететін нәрсе, 2022 жылы сол эксперимент нәтижесінде көз жеткізіліп, егілетін ағаш көшеттері қатарына сексеуіл ағашы да қосылды. Сексеуіл ағашы 2 600 гектар алқапқа 7 673 мың түп егілді. Оның 2 500 түбі жаңа әуежай маңайына ұрықтан себілсе, қалғаны көшет түрінде отырғызылған. Қазіргі таңда ұрықтан себілген сексеуіл алқаптарын қорғау жүргізіліп жатыр.

Жапырақты-қылқанды өзге егілген ағаш көшеттерін баптау, бұтау, шөбін отау, суару жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады. Өнімділігі жақсы.

ОРМАН БЕЛДЕУІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДА ЕСКЕРІЛГЕН

Ағаш егу шаруаларын іске асыруда Түркістанның климаттық жағдайлары ескеріле ме? Мысалы, қазір қала көшелерінде егіліп жатқан қайыңдар мен қарағай көшеттері Түркістанның құрғақ және ыстық климатына ыңғайланып, үлкен ағаш болып өсе ме? Әлде, көлеңкелі, саялы қарағаштарды отырғыза беру жөн бе еді? Басқа қандай ағаш түрлері егіліп жатыр?

– Әрине, Түркістан қаласы мен қала маңына егілетін ағаштарды қондыру кезінде климаттық жағдайлар ескеріледі. Алматы қаласында «КазНИИЛХА» ЖШС (ТОО «Казахский научно-исследовательский институт лесного хозяйства и агролесомелиорации») деген мекеме бар. Сол мекеменің қызметкерлері 2019 жылы Түркістанға келіп, бұл маңның климаттық жағдайы, топырағының құнарлығы, жерасты суларының қанша тереңдікте шығатыны, судың тұздылығы секілді факторлардың барлығын есептеп, ғылыми жоба жасаған. Қазіргі біздің мекеме атқарып жатқан істеріміздің барлығы сол жобаға сәйкес атқарылып жатыр. Мысалы, Түркістанның Қызылорда жақ бетінің топырағы құмдауыт болғандықтан, ол жаққа негізінен сексеуіл ағаштарын егіп жатырмыз. Ал, Теке мен Шәуілдір жақтарға шығатын беттің топырағы сортаң, тұзды болып келетіндіктен, ол жағына жыңғыл ағашын қондырып жатырмыз.

Ал, сіз айтып отырған қайың мен қарағай ағаштары қала сыртындағы орман белдеуіне егіліп жатқан жоқ. Ондай ағаштар қала ішіндегі көшелер мен аулалар, саябақтарға декоратив есебінде егіліп жатқан болар. «Жасыл аймақ» учаскелеріне қайың мен қарағай, шырша мен арша егуге жарамайтындықтан, егілген жоқ. Ондай ағаштар Түркістанның климаттық жағдайына тура келмейді. Оның ішіндегі қарағайды қолайлы жағдай жасаса ғана Түркістанда өсуі мүмкін. Ол үшін біршама суландыру жұмыстарын істеу керек болады. ол жағы енді қымбатқа түседі. Біз егіп жатқан орман белдеуі көп күтімді қажет ете бермейтін, қатал континентальді климатқа бейім ағаштарынан құралады ғой. Бізге келетін көшеттер «Сырдария-Түркістан» МӨТП, Қазығұрттағы «Жасыл желек» секілді 5 тұқымбақтардан келеді.

Орман белдеуін көгерту, суландыру мәселесі қалай шешімін тапты?

– Қазіргі таңда, біздің 2019-2021 жылдары аралығында еккен жасыл белдеуіміз 10 300 гектарды құрап отыр. Оның 268 гектар алқабы (жаңа әуежайға баратын жолдың екі жақ қапталы) тамшылатып суару тәсілімен суарылып жатыр.

Ал, қалған 10 300 гектардың 63 пайыз алқабы ұңғыма суымен суарылады. Скважинамен шығарылатын жерасты суымен суландырылған. Одан қалған 25 пайызы ағын сулы каналдармен, 12 пайызы сусорғылармен суарылады.

«АТПЕН СЕРУЕНДЕЙТІН АРНАЙЫ ТОҒАЙЛЫ СЕРУЕН СОҚПАҚТАРЫ ДА АШЫЛАДЫ»

Көшеттерді сырттан әкелінетіні жайында айттыңыз. Өздеріңіздің көшет әзірлейтін тұқымбақтарыңыз бар ма?

– «Жасыл аймақ» КММ-ның тұқымбағы Түркістан қаласының ескі әуежайы аймағында орналасқан. Көлемі 120 гектар. Ол жерде 21 түрлі ағаштар мен бұталардың көшеттері әзірленеді. Негізінен тұқымнан өсіріледі. Мекемеміз 2019 жылы келсек, 2020-21 жылдары тұқымнан сеуіп, кішкентай көшет ретінде шет жақтардан алып келіп отырғызылды. Қажетті тұқымды Шымкент қаласындағы Дендросаябақтан, Түркістандағы ботаникалық бақтан, Созақ ауданындағы сексеуіл орманшылықтарынан жинап-сиырып алып келеміз. Қазіргі таңда тұқымбағымызда 2 млн түп көшет өндірілуде.

Облыс орталығы маңын орман белдеуімен қоршау тәжірибесі  Нұр-сұлтан қаласынан алынды деді. ол қалыптасып жатса, Астанадағыдай жабайы аң-құстар жіберіле ме?

– Әрине, аң-құстар жіберілетін болады.

Ағаш егіліп, жас өскіндер алқабы пайда болғаннан кейін 5 жылдан соң орман болып есептеледі. Біздің жасыл белдеулерімізге 5 жыл бола қоймады, қазірге 3 жылдың жүзі болып отыр. Тағы бірнеше жылда еккен ағашымыз көтеріліп, биіктеп қалса, «орман» дейтін күнге де жетерміз.

Негізі, бүгінгі таңның өзінде Түркістан маңындағы біздің орман белдеуімізде қоян, қырғауыл, қосаяқ, саршұнақ секілді аң-құстар бар. Болашақта қырғауылдың тұқымбағын салып, тұқымы көбйетіліп, қырғауыл жіберіледі.

Атқа мініп, атпен серуендейтін арнайы тоғайлы серуен соқпақтары да ашылатын болады. Ондай қосымша атқарылатын рекреациялық жұмыстар жобада бар. Ол үшін орманымыз биіктеп, көлеңкелі-саялы күйге ену керек.

Қала маңындағы орман белдеуін қалыптастыру ісінде басқа да жаңа бастамаларыңыз жайлы айтып беріңізші.

– Тау пістесі (фисташки) деген бұта бар. Сол өсімдіктің өсетін ең солтүстік нүктесі Түлкібастағы Пістелі аймағы бар. Бұл пісте бұтасы Қазақстанның өзге аймағында кезікпейді. Тау пістесі негізінен Орта Азияның Өзбекстанғ Тәжікстан секілді таулы өлкелерде ғана өседі.

Біздің мекемеде арнайы ғылыми бөлім бар, сол бөлімнің жігіттері арнайы барып Түлкібастан тау пістесінің тұқымын жинап қайтты. Тұқымнан өндіріп, Түркістанға жерсіндіру әрекетін жасап жатырмыз. Биыл күзде тағы пісте жинауға барамыз. Құдай қаласа, тау пістесі өнсе деп күтіп отырмыз. Түркістанға жерсінеді деген үміттеміз. Сондай-ақ, Түлкібастың сары доланасын да егіп көрсек дейміз.

Әңгімеңізге рақмет! Түркістанның маңы жасыл алқапты бола берсін! Үміттеріңіз ақталып, қала маңы жаңа тұқымдармен толыға бергей!

 

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Түркістан қаласы

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика