2024-09-20

ӨРНЕК-тің өрендері өңірді насихаттайды

tories/00001o.jpg» border=»0″ />

Жер-Ана түрленіп, қайта оянған тұста оңтүстік өңірінің табиғатқа жанашыр азаматтары жақсы жаңалықпен бөлісті. Яғни, өлкенің рекреациясын насихаттайтын еріктілер клубы құрылып, таңбасын айқындады. Клубтың негізгі мақсаты – туған жеріміздің табиғатын насихаттау. Бұл орайда әлеуметтік желінің алар орны ерекше. Топ мүшелері мұны жұмысының негізгі бағыты ретінде жолға қойған. Аталған клуб осыдан бір жыл бұрын идея ретінде құрылған болса, бүгінде қарекетке көшіп алғашқы қадамдарын тастап, аз уақыттың ішінде танымды дүниелерді насихаттап үлгеріпті. Осы ретте ұлттық құндылықтарды ұлықтап, жергілікті жер бедерін қаз-қалпында сақтау барысын басты назарына алған еріктілер клубының азды-көпті жұмысына арнайы тоқталып өтуді жөн көрдік.

Ішкі туризмді дамытуға үлес қосуды көздейтін клубтың белсенді мүшесі әзірге санаулы ғана. Атап айтсақ, олар – ұзақ жылдар бойы экотуризм саласында еңбек еткен білікті маман Қайрат Кәрібаев, Сайрам-Өгем шыңдарында айлап, жылдап, қар жастанып, мұз төсенген тау сақшысы Ғани Назарбек, өлкенің әсем, көрікті жерлерін фотосуреттер арқылы әлемге танытқан халықаралық деңгейдегі фотограф Мақсат Шағырбаев, белгілі журналист, Adym.kz ақпараттық агенттігінің редакторы Нұршат Төкен, қазығұрттық өлкетанушы Сейдалы Дүйсебайұлы және журналист Жәнібек Нұрыш.

Бір жыл ішінде Қазығұрт тауы, Ысмайл ата кесенесі, Кемеқалған монументі, Қазығұрт мұражайы, Яссы қалашығы, Әзірет-Сұлтан тарихи-мәдени қорық мұражайы, Сырдария-Түркістан МӨТП-дегі Боралдай тауында «Байқалмақ» шатқалы және Сайрам-Өгем МҰТП-дегі Сарыайғыр шатқалына шығып үлгерген клубтың мүшелерімен тілдесіп, пікірлерін білдік.

Нұршат ТӨКЕН, ӨРНЕК-тің мүшесі:

– Топтың түпкілікті мақсаты ешқандай да қаржылық пайда табуды көздеген емес. Таза еріктілер арқылы туған топырағымыздың туризм саласының дамуына титтей де болса үлес қосу. Алдағы уақытта топты арнаулы ұжым ретінде мемлекеттік тіркеуден өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар, тобымыздың арнайы логотипі, ұраны, туы, формасын әзірлеп, туризм саласына қызығушылығы бар жаңа мүшелерді осында тартуды да көздеп отырмыз. Түпкі мақсатымыз түптің түбінде туған өлкенің туризм саласын түлетіп, Елбасының Рухани Жаңғыру бағдарламасы арқылы келешек ұрпаққа қазыналы Оңтүстіктің кереметін пәш ету.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ, ӨРНЕК-тің мүшесі:

– Жұмыс жүйесі туралы сұрап отырғаныңыз орынды. ӨРНЕК-тің құрылғанына жыл асса да, оның негізгі ішкі тәртіп-ережесі нақтыланбаған күйінде қалып отыр. Жалпы, ӨРНЕК – әлі толыққанды қалыптаспаған клуб. Дегенмен, мақсаты айқын. Уақыт өте келе мықты клубқа айналатынына сенемін. Бұл топты құру туралы ой бұрыннан айтылып келді. Ғани Назарбек пен Қайрат Кәрібаевты клуб құру идеясының авторы десек болатын шығар. Клуб атауының бірнеше нұсқасы айтылып, ішінен мен ұсынған ӨРНЕК атауы таңдалды.

Алғашқы жорық Қазығұрт ауданының туристік нысандарынан басталды. Логотипке Кемеқалған монументі бейнесі соған байланысты еніп отыр. Сол жорықта #НаурызҚазығұрттанБасталады хэштегі арқылы Наурыз мерекесін Қазығұрт ауданында тойлау идеясы насихатталған еді. Ол идеяның авторы деп Асхат Шотаев мені атапты. Бірақ бұл идея бірнеше жыл бұрын басталған-тын. Екі жыл бұрын Маңғыстаудағы Оқпантауда 14 наурызда барша Батыс Қазақстан Көрісу күнін тойлады. «Оңтүстікте одан да керемет етіп атап өтетін орын бар ма?» деп Өмір Шыныбекұлы ортаға сұрақ тастады. Дәл сол кезде Мәшһүр Жүсіптің айтып кеткен «Наурыз Қазығұрттан басталған» деген сөзін көтеріп жүргендіктен  жоғарыда аталған идея авторы – мен сияқты болып қалдым. Біздің клуб осы хэштегті ту қылып, әлеуметтік желілерде пост жаздық. Хэштег авторлары Асхат Шотаев пен Өмір Шыныбекұлы екеуі болды. Ұранға айналған хэштег облыс басшылығының құлағына жетіпті. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының Наурыз мейрамы Қазығұртта тойлануының авторы біздің ӨРНЕК клубы деп мақтанып жүргеніміздің себебі сол.

Біздің өлкенің туристік нысандарының көбі қазақтың рухани орталықтары ғой. Діни зиярат ету, тарихи-танымдық секілді. Біздің облыс туризм саласының тармақтарымен қоса  тау туризмі, экотруизм  салаларын да қоса дамытуға ыңғайлы аймақ. Клубтың алдағы мақсаттары сол бағыттар деп күтілетіні анық.

tories/0002o.jpg» border=»0″ />

ӨРНЕК-тің негізгі бағытын білген соң, өңірдің тау-тасын түгел аралап, қыр-сырына қаныққан саяхатшылардан туризмнің бүгінгі аяқ алысын білгіміз келіп «оңтүстік өңірінің туризм саласында не өзгерткіңіз келеді?» деп сұрақ қойдық.

Ғани НАЗАРБЕК, ӨРНЕК-тің мүшесі:

– Өңірімізде тарихи-мәдени, қасиетті де киелі орындар көп. Толғандыратын жағдай – көне қалаларда қазба жұмыстары жүргізіліп, артынша қараусыз қалатыны. Одан бөлек, тарихи орындарды түсіндіру кезінде негізінен діни бағыт пен сол дінтаратушылардың өмірінен ары аса алмаймыз. Мысал ретінде Түркістан қаласын туристер үшін тек дін орталығы турасында ғана түсіндіріп жүрген гидтерді алға тарта аламын. Ал шын мәнісінде оның сыртында көшпенділердің сан ғасырлардан бергі мәдени-ғылыми орталығы, Қазақ хандарының ордасы, Қазақ халқының көп жылдар астанасы болғаны ұмытылып кетіп жатыр. Ол жерде жерленген Абылай хан, Есім хан, Қазыбек би сонымен қатар Қазақ руларынан шыққан көптеген би-шешен, ел азаттығы үшін соғысқан көптеген батырларымыз ұмыт болып барады.

Тағы бір айта кететін жәйт, Бәйдібек ауданындағы Боралдай петроглифтері – қараусыз қалған қасиетті орын. Бүгінде жайылымға айналған. Сонда тарихымыздан біреудің төлі артық болып тұрғаны ма?! Б.э.д 2-3 ғасырларда қашалған белгілердің үстіне заманауи жазулардың түсуіне қашан тоқтау қойылады?! Боралдай петроглифтері Сырдария-Түркістан МӨТП қорғауына өткізілсе, мұндай бассыздықтар тыйылар еді.

Асхат ШОТАЕВ, ӨРНЕК-тің мүшесі:

– Біздің тұрғындардың арасында туристік мәдениет қалыптаспаған. Демалысты масаю, қызық қуу деп түсінеді. Демалу түсінігін өзгерту қажет. Табиғатты көп ластайды. Жұрт баклашканы бұлай суға тастай берсе, алдағы уақытта табиғатқа едәуір қауіп төнеді. Оның жарамдылығы – өте ұзақ мерзім. Шіруі қиын. Бұл жайында жақында бейнеролик түсірмекшімін. Прототипі дайын.

Қайрат КӘРІБАЕВ, ӨРНЕК-тің мүшесі:

– Жер-су, тау-тас, шың мен шатқалдарда Кеңес Одағының кезінде қойылған «Березевая», «Пионер» т.б. атаулар əлі күнге дейін сақталып  отыр. Осы атауларды алып тастап, байырғы қазақы өз атауларын қайтаруымыз қажет. Бұл мәселені қайта-қайта көтеріп жүрміз. Шешімі табылар деген сенімдеміз.

Ержігіт ЖҰМАДІЛ, саяхатшы:

– Ішкі туризмнің қарқынды түрде дамымауының себебі – ақпараттың аздығы. Қырғыз ағайындар сияқты этнотуризмді қолға алуымыз керек. Шет елдік азаматтарды қазіргі уақыттың архитектурасы емес, жергілікті халықтың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі қызықтырады. Шымқаламыздың маңына этноауыл салынуы қажет. Сонда тек туристер ғана емес, өзіміздің асфальтта өскен қалалықтардың да білмекке-көрмекке, тарихты танымаққа деген қызығушылығы оянатын еді.

Туристерді экскурсияға апарып жүргеніме үш жыл болды. Бір байқағаным, біздің жерлестерді тарихымыз қызықтырмайды. Әулие аралап жүріп Шәуілдірде Арыстанбабқа соғып, көне Отырарға бармайды. Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 300 метр қашықтықта орналасқан Түркістан қаласының бастауы Яссы-Күлтөбені көп адам біле бермейді. Иә, тарихи сананы түрткілеп оятуымыз керек болып тұр.

tories/0004o.jpg» border=»0″ />

P.S. ӨРНЕК тобы мүшелерінің әрқайсысының ойын талдап-талдап айтып қана қоймай, қолдауды керек ететін өзекті мәселе. Ең бастысы, ерікті деген ұғымды санаға сыналап сіңіруге кірісіп кеткендері. Әйтпесе бүгінгі қоғам саусағын қимылдатса, ақша сұрайтын халге жетті. Бұл тақырыпты таратып айтсақ талай жерге барады. Айтқаннан қарекет маңызды қашанда. Қарекеттері үлгі етуге тұрарлық. Енді сол қадамдарына қоғамнан қолдау керек. Біздің қолымыздан келгені – табиғат пен сананың бірге түлегенін қалаған азаматтарға ақпараттық қолдау көрсету. Сіз не дейсіз?

ӨРНЕК-тің жұмысы баянды болатынына осы бір қысқа әңгімеден соң біз сендік. Алдағы уақытта табиғатты қорғауға арналған іс шаралар мен экосенбілікті өткізумен қатар, көпшілікке белгісіз жəне қараусыз қалған туристік нысандарды анықтап көрсетеді деген ойдамыз. Иә, тізеден қар кешіп, Сарыайғыр шатқалына шыққан жігіттер рухани жаңғырудың нағыз үлгісін көрсетеді. Еріктілердің еңбегі ересен деп жазамыз әлі.

Авторы  Әділхан АБАЙҰЛЫ

Фото авторы Мақсат ШАҒЫРБАЙ

Яндекс.Метрика