Соңғы кездері «Жаңа Қазақстан» дейтін алаулатқан-жалаулатқан сөздерді жиі еститін болып жүрміз ғой. Ерінбегеннің көбі осы бір тақырыпты білсін-білмесін әйтеуір бір шалып өтетін болды. Бірақ, сырттай қарағанда жалпылама, үстірттеу, жадағайлау секілді көрінгенмен, жалпыхалықтық жаңару процесі көпшілік құлағына осындай болса да жолдармен жетіп, содан кейін ғана елішілік жаңару процесі жүрсе керек. Осы тұрғыдан қарағанда, халықтың жадына Жаңашылдық пен Әділеттілік жайлы жағымды менталитет қалыптасу үшін елдің ішінде жүріп біраз шаруалар атқару қажеттілігі бар.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында Әділеттілік, Адал қоғам жайлы жиі сөз қозғап жүр. Мысалы, 2022 жылғы 16 наурыздағы атауы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» деп аталған Жолдауда азаматтың үніне құлақ асатын мемлекет, адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе туралы айтса, одан кейінгі Жолдаулар «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары», «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталды. Ал, Түркістан қаласында биыл өткен Ұлттық құрылтай «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Міне, көріп отырғаныңыздай, барлық тақырыптардың өзінен Әділетті қоғам, Адал азамат тақырыптары анық байқалады, мемлекет басшысының ниет-бағдарын бағамдауға болар.
Мейлі дейік. Мемлекет басшысы сөзі сөз күйінде қалып қоймас үшін өңірлерде, оның ішінде өзіміз жақсы білетін Түркістан өңірінде нендей шаруалар атқарылып жатыр? Президент айтқан Әділетті қоғам, Адал азамат тақырыптарына біздің қоғамдық ұйымдарымыз қалай ат салысып жүр? Азаматтық қоғамды қалыптастыратын мемлекеттік органдар мақұл, алдымен азаматтардың өздері емес пе? Біздің қолымызға түскен бір ғана қоғамдық ұйымның атқарған жұмыстары жайлы кішігірім есебі келіп түсіп, сүзіп шығудың реті келді. Сол ұйымның атқарған шаруаларына азырақ назар салып, бағамдап көрейікші.
Түркістан облысы аумағында үкіметтік емес ұйымдардың ішінде жастармен етене араласып жүрген «Жалын» қоғамдық бірлестігі дейтін қоғамдық ұйым бар. Аталған ұйым Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасымен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша биыл өңірде түрлі сала мамандарының, облыс тұрғындарының, дін және этнос өкілдері мен жас буын жастардың қатысуымен жалпы саны 50-ден аса мақсатты кездесулер өткізген екен.
Сондай шаралардың қатарында еліміздің танымал қоғам қайраткерлері мемлекеттік қызметшілер ортасына келіп, ауқымды 4 кездесу ұйымдастырған. Жиындарда елімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазықызы, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, Түркістан облысының үздік мемлекеттік қызметшісі Ақтөре Талғатұлы және белгілі абайтанушы Омар Жәлелұлы сынды кәсіби біліктілігі жоғары тұлғалар спикерлік еткен. Түркістан өңірінің мемлекеттік қызметшілерімен бас қосуға Астанадан арнайы келген Ақтөре Талғатұлы мемлекеттік аппарат үшін сұранысқа ие мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктіліктік дағдыларын баяндап, әлемнің озық елдеріндегі мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық тәуекеліне бару үлесі мен парақорлықпен күрес жүргізу тәжірибесін талқыға салды. Ал, Оразкүл Асанғазықызы елдің даму қарқынын тежейтін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жайлы ойталқы жасаған. О.Асанғазықызы мемлекеттік қызметтің мінберінде ант пен аманатқа адал болудың және Отанға шынайы қызмет етудің, сондай-ақ парасаттылық идеялогиясына бейім болудың маңыздылығын сөз етсе, Омар Жәлелұлы ұлттық тәрбиеге басымдық беру арқылы қоғамдық індетке төтеп беруге болатынын және Әділетті Қазақстанды құруда адалдықтың ақ туын биік ұстау – әрбір азаматтың егемен ел алдындағы перзенттік парызы екендігін мемлекеттік қызметшілердің назарына жеткізді. Тағы бір кездесу кезінде Құлбек Ергөбек ағамыз мұндай келелі кездесулердің Адал қоғамның қалыптасуына тигізер үлесі мол екенін айрықша атап өтіп, мемлекеттік қызметшілерді халықтың игілігі жолында адал қызмет етуге шақырды.
Бұдан бөлек, «Жалын» қоғамдық бірлестігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру мақсатында өңірдегі дін және этнос өкілдерімен жалпы саны 12 кездесу және халықты ақпараттандыру өткізген. Кездесуге мешіт имамдары мен дінтанушылар және түрлі этнос өкілдері қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда әрбір ел азаматының рөлі жоғары екені айтылды. Сонымен қатар, имамдарды мешіт қабырғасына келушілердің бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға ықпал жасауға шақырды.
Әділетті қоғам мен Адал азамат қалыптастыру әрекеті ең алдымен жастар арасында насихатталуы заңдылық болар. Бұл тұрғыда аты аталған қоғамдық бірлестік өскелең жас ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу және парасаттылық идеологиясын насихаттау және терең білімнің маңыздылығын түсіндіру мақсатында облыс аумағында «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» атты облыс көлемінде 24 шара өткізген. Соның ішінде, облыстық слеттар ұйымдастырылып, байқау жеңімпаздары «Жалын» қоғамдық бірлестігінің тарапынан ұсынылған ақшалай сыйақыларға ие болып отыр. Сонымен қатар, облыс жастары абайтанушы Омар Жәлелұлымен кездесу барысында сұрақ-жауап алмасып, өз ұсыныс-пікірлерін ашық ортаға салды. «Адалдық сағаты» акциясы аясында «Парасат» орденінің иегері мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызымен «Адалдық сағаты» бейне-дәрісі түсіріліп, өңірлік телеарналарда трансляцияланды. Ол өз кезегінде, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінде көретілді.
Міне, алдын-ала жоспарланып, жүйеленген шаралар легі қоғамның ең өзекті дейтін өкілдері арасында жан-жақты қамтылып, атқарылып отырған. Аталған шаралар өзге, парасаттылық құндылығын ілгерілетуге және Адал қоғамды қалыптастыруға бағытталған жалпы саны 21 сыбайлас жемқорлыққа қарсы әлеуметтік бейнеролик әзірленіп, өңір жұртының назарына ұсынылған екен.
Біз бір ғана «Жалын» қоғамдық бірлестігінің биыл атқарған шараларын тізбектеп, ойша сүзіп шығып отырмыз. Жоғарыда айтылғандай, президенттің «Жаңа Қазақстан», Әділетті қоғам, Адал азамат жайлы сөзінің мәйегі осылайша қоғамның әр топтары арасына жетіп жатыр. Көзге көрінбейтін жұмыс секілді көрінгенмен, үлкен шаруалар осылайша тындырылады. Осындай бірлестіктердің ісіне шын қуанып, алдағы ісіне де сәттілік пен қуат тілеп, тілеулестік таныттық.
Leave a Reply