2024-09-20

Туристер толастамайтын нысан

Сырттан келетін туристердің назары ең алдымен еліміздің көркем табиғатына, халқымыздың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігіне және тарихи сәулет ескерткіштеріне ауады. Мұны көзбен көріп жүрміз. Өңірімізде тарихи сәулет ескерткіштерінің саны саусақпен санарлық қана: А.Ясауи, Арыстан баб, Ысқақ баб секілді көне кесенелер, Аппақ ишан мешіт-медіресесі секілді сәулет ескерткіштері сақталған. Осы қатарда Ишанбазар мешіт-медіресесі – көрнекті сәулет ескерткіштерінің бірі.

tories/0i.jpg» border=»0″ />

Өткен аптада аталған ескерткішке арнайы барып, көзбен көрудің сәті түсті. Қаланың шулы көшелерінен шыға салысымен көлігіміз 15-20 минутта межеленген тарихи нысанға жеткізді. Аққойлы ауылының үстінде үлкен күмбезді құрылыс әдемі көрінеді екен.

Бұл сәулет ескерткіші ХІХ ғасырдың соңында салына бастап, ХХ ғасырдың басында аяқталған. Анықтамалық деректерде мешіт-медіресе құрылысын Егемберді ишан жүргізгені айтылады. Құрылыс ишанның жеке қаражаты, туған туыстары мен ауыл тұрғындарынан жиналған қаржы құралдарына жүргізіліпті. Егемберді ишан 30 жылдан астам Бұқара қаласында білім алып, туған еліне қайта оралғанда «ишан» деген атақ алыпты. Мешіт-медіресенің құрылысын да өзі білім алған Бұқар ұсталарына салдырған. Құрылыс стилі де ортаазиялық күмбезді-порталды құрылыс стилі. Мұндай сәулет стилі Орта Азияда көп тарағанымен, өңірімізде аз кезігеді. Шаяндағы Аппақ ишан мешіт-медіресесі – осы сәулет өнерінің жарқын өкілі.

Мешіт-медіресені жергілікті тұрғындар «Ақмешіт» деп атағанмен, апта сайын әр жексенбіде мешіт маңында базар болатындықтан, көпшілік арасында «Ишанбазар» атауы қалыптасып кеткен. Ишанбазар мешіт-медіресесі сәулет ескерткішінің ұзындығы 34м, ені 20м, биіктігі 18 м. күмбездер саны 14 (1 үлкен күмбез, 13 кіші күмбез). Қабырғаларын қалауға тік бұрышты, күйдірілген шаршы кірпіштер қолданылған. Құрылыстың дәл ортасындағы бес күмбезді қысқы залдың бітімі – тең шаршы. Күмбездердің астыңғы жағынан сегіз қырлы арықшалар оймышталған. Ішкі қабырғалары тік бұрышты жіңішке сызықтармен шаршыланып, белдеушелермен, өсімдік тәрізді өрнектермен безендірілген. Орталығында үлкен басты зал, оңтүстік және солтүстік бөліктерінде екі шаршы бөлмелер орналасқан. Ғимараттың басқа бөлігінде медіресе тәліптері тұрған кішкентай терезелері бар құжыра-бөлмелер орын тепкен.

Бұл медіресе түлектері қатарында ең танымал тұлғалардан халық ақыны Нұралы Нысанбайұлының аты аталады. Нұралы ақынның «Қарақұл», «Ханым сыры» секілді бірнеше өлеңдері мен дастандарын орыс зерттеушісі Я.Лютштің 1883 жылы жарық көрген «Киргизская хрестоматия» жинағына енгізілгені белгілі. Сол заманда мешіт-медіресе аумағында бай кітапхана қоры болған. Сонымен қатар, жұма, айт намаздары тұрақты оқылып тұрған екен.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1926 жылы мешіт жабылған. Одан кейінгі дәуірде Ишанбазар мешіт-медіресесінің ғимараты түрме, тіпті, шошқа фермасы болыпты. 1991 жылы мемлекет қамқорлығына алып, ҚР Мәдениет министрлігі жаңғырту жұмыстарын бастағанымен, қаражат жетіспеуіне байланысты тоқтаған. Ал 2004 жылы республикалық бюджет қаржысы есебінен реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілген.

tories/0ii.jpg» border=»0″ />

Қазіргі таңда Ишанбазар мешіт-медіресесінің ғимараты туристер толастамайтын сәулет ескерткіштер қатарына қосылған. Негізгі кеңсесі Темірланда орналасқан «Қажымұқан» музейіне қарайды.

Айта кетсек, бұл ескерткіш Ордабасы ауданы, Шұбар ауыл әкімшілігіне қарасты Аққойлы ауылының шығыс жақ бетінде орын тепкен. Шымкент қаласынан солтүстік-батысқа қарай 30 шақырым қашықта. Қала маңындағы тарихи-танымдық саяхат үшін таптырмайтын туристік бағыт саналады.

Осы ретте біз бұл сапарымыздан кейін де қала қонақтарын тамашалату үшін әлі талай рет ат басын бұратынымызды айтқымыз келеді.

С.ҚҰДАБАЙ

Яндекс.Метрика