2024-09-20

Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы

Түркістан облысындағы Түлкібас ауданының орталығы Тұраркенттің маңында Шұбайқызыл деп аталатын қырат бар. Бұрын Кеңес дәуірінде бұл жер «Красная горка» деп аталып, сол атаудан қазақшаға «Қызыл төбешік» аударылып аталған. Тәуелсіздік алғаннан кейін танымал жазушы М.Байғұттың бастамасымен «Шұбайқызыл» тарихи атауы қайта қалпына келіп, дәріптеле бастады. Бұл қыраттың аталуында да өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда көктем сайын гүл атаулы көркем өсімдіктің патшасы – Грейг қызғалдағы бүткіл қырды жауып, алыстан қарағанда қып-қызыл алаулаған түске бояйды. Қыраттың «Шұбайқызыл» деп атану себебі де сол – шұбатылған қызыл барқыт матаны елестеткендей.

tories/0ky.jpg» border=»0″ />

Жыл сайын өткізу дәстүрге айналған «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» қызғалдақ фестивалі биыл да сән-салтанатымен осы Шұбайқызыл қыратында аталып өтті. Бұл фестивалдің мақсаты – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына сай міндеттерді іске асыру, көпшілікті, оның ішінде жастарға табиғатты аялау, табиғаттың тамаша сыйын дәріптеу мен оны қорғау, сақтауға шақыру, қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге атсалысу, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген қызғалдақтың отаны дәрежесінде насихаттау болды. Фестиваль аясында «Шұрайлым – Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлер, суретшілер, композиторлар байқауы өтіп, жеңімпаздар марапатталды. Зиялы қауым өкілдері тілектерін білдіріп, сахналық қойылымдар көрсетіп, соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Фестиваль аясында «Сайрам-Өгем» ұлттық паркі қызметкерлері «Парктер шеруі» көрмесін ұйымдастырып, фестивальге келген қонақтардың көз жауын алған Грейг қызғалдақтарын таптамауы мен жұлмауын қатаң бақылады.

М.Отарбаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

«Шұбайқызыл қыратының ерекшелігі – мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген Грейг қызғалдағы өседі. Қызғалдақтың бұл түрі Қазығұрт, Төле би және Бәйдібек аудандарында кездеседі. Елбасымыз Н.Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында алма мен қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін баса айтқан. Ұлы Жібек жолы арқылы қызғалдақ тұқымы Еуропа елдеріне жеткізілгені туралы дерек бар. Бұл – біз үшін мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты да сол – жауапкершілікті, экологиялық сауаттылықты дәріптеу, қоршаған ортаны, соның ішінде қызғалдақты қорғауға шақыру, мемлекет қорғауындағы қызғалдақ алқаптарын көбейту, өңірдің табиғи байлығын сақтауды көтеру, туризмді дамытуды назарға алу. Шұбайқызыл сияқты шоқылар әлемде сирек кездеседі, сондықтан мұнда туризмді дамытуға зор мүмкіндік бар».

tories/0kyz.jpg» border=»0″ />

М.Байғұт, қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, қаламгер:

«Қызғалдақ пен алманың отаны Қазақстан екені рас. Оның ішінде Түлкібас, Майлыкент өңірінің орны бөлек, жосығы ерек! Алманың да, қызғалдақтың да төресі осында өседі. «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» деп атап, айдар тағуымыздың себебі де сол. Көз алдымызда Түркібасы төбесі тұр. Мұнда ежелгі түркі қағандары жайлап, ордаларын тіккен. Ал сол қанатымыздағы Жыландыда Тараз маңындағы «Атлах шайқасының» алдында «Жыланды шайқасы» деген үлкен шайқас болған. Қырғыздың «Манас» жырының өзінде сол «Жыланды шайқасы», осы маңдағы төбелер туралы айтылады. Әр көктемде Шұбайқызылдың қып-қызыл қызғалдаққа толуының астарында сол шайқастағы қантөгісте төгілген бабаларымыздың қаны жатыр.

Сонау Түркібасыдан бермен шұбай өскен қызғалдақ болғасын «Шұбайқызыл» аталған. «Шұбай» деген етістік пен «қызыл» деген сын есім бірігіп тіркесуінен жасалған сөз. Қырат атауының мәні сол. «Мұндай ұғым қазақ арасында сирек кездеседі» деп С.Әбдірахманов айтып кеткен.

Жыл өткен сайын қырат етегін жыртып, жақындап келеді. Бір жағы дұрыс та шығар, өйткені, егілген егіс малдан қорған болады. Дегенмен, бұл жерді қоршап, қорғауымыз керек.

2012 жылы осында республикалық фотоконкурс өтті. Сол кезде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінен бастап, барлық баспасөз беттерінде «Красная горка», «Қызыл қыр», «Қызыл төбешік» деп жаппай жазды. Содан зиялы қауым бастап, мәселе көтеріліп, «Шұбайқызыл» тарихи атауы қайтарылды. Бұл оңай болған жоқ: үш рет мүшәйра, үш рет фестиваль өтті, «Шымкенттен Шұбайқызылға» дейтін жаяу сапар ұйымдастырылды. Осылайша тарихи аты қалпына келтірілді. Енді затын қорғау керек! Фестиваль өткізіп, мейрамдаған жақсы. Лента тартылып, белгіленген жермен жүрмей, қалың қызғалдақ арасын таптап, ортасында отыр. Бұл – қылмыс! Былтыр Жапониядан қонақтар келді. Олар жылады. «Егер, Жапонияда осындай табиғи қазына болса, алтынмен қоршап, күмістен баспалдақ жасар едік! Мыналарыңыз қалай? Айналасындағы жер неге жыртылған?» деп жылады. Ал біздің қазақ жыламайды. Керісінше, қызғалдақты жылатып жұлады. Қазір мұнда біз 12 жазушы келдік. Жаңа қарасам, арамыздағы бір жазушы 2 қызғалдақ жұлып алыпты. Содан мен: «Мың доллардан 2 мың доллар төлейсің!» деп ашуландым. Ашуым әлі басылмай тұр. Жұлуға болмайды! Жұлу – қылмыс!».

«Қызмет» ақпарат

 

 

Яндекс.Метрика