2024-09-21

Бүгінгі балалар әдебиетінің деңгейі қандай?

КСРО ең көп кітап оқылатын ел болып саналған. Сол кездің зерттеуі бойынша қала халқының 92%-ы, ал ауыл тұрғындарының 78%-ы кітап оқитын. Бірақ бұл зерттеу шетелдіктер тарапынан жасалған жоқ. Мысалы Австрия елінде өзіңізді оқырмандар қатарынан көргіңіз келсе, айына кем дегенде 1 кітап бітіруіңіз шарт, бұл күнделікті оқуға міндетті газетті қоспағанда. Ал Америкада өз профессиясы бойынша оқылған кітаптарды жалпы есепке қоспайды. Бірақ Кеңес үкіметі кезінде мұндай айырмашылықтар қарастырылмаған. Тіпті үйіңізде неше жыл шаң басып, беті бір ашылмаған кітап болса да ол статистикаға кіріп кететін. Дегенмен, біздің қазіргі әрбір қазақ азаматы үшін «mustread» кітаптар тізімі сол кезде баспадан шыққанын ескере кеткен жөн. Соның ішінде балалар әдебиеті ерекше орын алатын. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасы», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы» есіңізде шығар? Кеңес үкіметі өз идеологиясын кеңінен дәріптеу үшін осы кітаптарды пайдаланған десек те, оқыған әр баланың ой-өрісін дамытуға көп септігін тигізді. Ал бүгінде елімізде балалар әдебиетінің аяқ алысы қандай? Оқырмандары ше? Осы тақырып төңірегінде қалам тербеп көріп едік.

tories/00bal.jpg» border=»0″ />

Өз кезегінде жасөспірімдер үшін кітап оқудың маңызы зор. Егер перзентіңіз «жұрттың баласындай» болғанын қаламасаңыз, көп кітап оқытқызыңыз. Бұл жеткіншектің қиялдау қабілетін дамытады. Ағылшындарда «All leaders are readers» деген сөз бар. Аудармасы «Бүкіл көшбасшылар – кітап оқитындар» дегенді білдіреді. Бірақ сондай кітапты қайдан, қалай табасыз? Кеңес үкіметі мен қазіргі уақыттың басты айырмашылығы нарықтың өзгеруінде. Капиталистік қоғамда әр адам өз қалтасына қарай жұмыс жасайды. Соның бір көрінісі балалар әдебиетінде де орын алады. Соңғы 10 жыл ішінде елімізде 8523 әдеби кітап басылып шыққан. Соның ішінде балаларға арналған әдеби кітаптар саны бар болғаны 220 екен.

Қазіргі өлшеммен алғанда, Кеңес үкіметі кезіндегі қазақстандық авторлардың шығармаларының таралымы өте жоғары болатын. Қазақстанды өз уысында ұстаған тоталитарлық мемлекеттің кезінде үкімет оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақ ертегілері, эпостары, көркем әдебиет туындыларын миллиондаған таралыммен басып шығарған. Ал қазіргі кезде қазақ тілінде мыңға жуық тиражбен кітабым шықсын десеңіз, жарнамасына аса қатты мән беруіңіз керек. Оған да біраз қалта керек екенін ескерсек, жаңадан бастап келе жатқан жазушылар бірден аяғын алыс басары анық. Тағы бір кедергі болып тұрған жайт – дамыған технологияны дұрыс пайдалана білмеуде. Бұрынғы кезде мал бағып өскен қазақ балалары іші пысқанда не істерін білмей, бар қызықты кітаптан табушы еді. Ал қазіргі кезде тілі шықпай жатып балаға гаджет ұсынамыз. Бұл жайлы Қазақстан Журналистер одағының лауреаты Ләззат Қапышева да өз ойымен бөліскен: «…оның орнына шетелдің «Маша и медьвед»-ін үздіксіз беріп отырамыз. Шоу-бизнес өкілдерін, жердегі жұлдыздарды жарнамалауда алдымызға жан салмаймыз. Кітапқа қызықтыру үшін балаларға арналған әдеби хабарлардың орнына әншілердің бейнебаяндарын көрсетеміз. Оны күн сайын көре берген бала, әрине, кітап оқымай, «аспанға қараймын» деп әндетіп жүреді», – деп өз өкпе-назын білдірген. Соған қоса кейбір азаматтар елімізде балалар әдебиетін жаза алатын авторлардың аз екендігін де алға тартады. Бұл аудиторияға арналған кітапқа қалам сермеу үшін олардың таным-түсінігін жете зерттеп, өздерінің тілімен түсіндіру керек. Қазақ тілі қанша бай десек те, ондағы кез келген сөзді қолдана беруге болмайды. Себебі баланың зейіні ата-анасы қолданып жүрген қарапайым сөздермен ашылады.

Елімізде жыл сайын балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» конкурсы өтеді. Онда 400-ге жуық жазушы өз бағын сынайды. Бірақ Қазақстан жазушылар одағының мүшесі «сан бар, сапа жоқ» дегенді айтып отыр. Алайда, жақында ғана Оңтүстік Корея азаматтары біздің елдің балалар жазушысы Мейіржан Жылқыбайдың «Батыр қоян» ертегісіне «құда түскен». Олар осы ертегіні Кореяда басып шығару туралы ұсыныс жасаған. Ұсынысты қабыл алған кітап қазақ, орыс, кәріс тілдерінде басылып шықты. Автордың сөзі бойынша, қазіргі кезде қазақ жазушыларына заманауилық жетіспейді. Комикстер мен ертегілердің арасындағы басты айырмашылық та осында. Яғни, ескі дәстүрден шығып, Youtube, Google-ды пайдаланып жүрген балаларға арнап жазу керек. Кінәні басқа біреудің иығына артып қоя салу қашанда оңай. Дегенмен қазақта «сұраған алады, іздеген табады» деген жақсы бір мақал бар. Сондықтан әр ата-ана өзінен бастағаны абзал. Егер күні бойы әлеуметтік желілерде отыратын болсаңыз, балаңызға «кітап оқы» деген ақылыңыз өте ме? Сіздерге көмек болсын деп балалардың оқуға қызығушылығын арттыратын бірнеше кеңеспен бөлісуді жөн көрдік:

1. Балаңыздың қай сфераға қызығушылығы бар екенін анықтаңыз. Егер футбол жайлы оқығысы келсе, шахмат жайлы кітап бермеңіз. Бұл оның кітапқа деген махаббатын мүлде жоғалтып жіберуі мүмкін;

2. Балаңызға қызықты оқиғалар, хикаялар айтып беріңіз. Уақыты келгенде: «Әке, сіз осынша қызықты әңгімелерді қайдан білесіз?» – деп сұрай бастайды. Сонда «білім бұлағы – кітап деген қазына» деп ескерте кеткен жөн;

3. Өзіңіз көп кітап оқымасаңыз да, үнемі жаныңызда кітап алып жүруге тырысыңыз. Бұл балаға жасалуы керек міндетті жұмыс болып көрінеді;

4. Ешқашан балаңызды көп кітап оқы деп күштемеңіз. Балмұздақты қанша жақсы көрсек те, күніне 3-4 жеуден шаршайтынымыз анық;

5. Балаңызбен сөйлесіп, үлкен мақсаттарға жетелеңіз. Мақсаты бар адам міндетті түрде кітап оқиды;

6. Балаңызға ұқсайтын қаһармандары бар кітаптар сыйға тартыңыз. Кітаптан өзін көрген баланың оқуға, сол адам сияқты болуға ынтасы ашылады;

7. Сауда орталықтарына барғанда кітап дүкені болса, міндетті түрде соғып, балаңызға қалаған кітабын алып беріңіз;

8. Балаңыздан кітапты дауыстап оқып беруін сұраңыз. Мысалы, ыдыс жуып жатқанда не болмаса ауырып қалғанда. Ол өзін сізге көмектесіп жатқандай сезінуі керек;

9. Оқыған беттері үшін оны мақтап қоюды ұмытпаңыз.

Егер балаңыз сонда да оқуды жақсы көрмесе, оны кемсітуге болмайды. Қайдан білесіз, ол аты әлемге әйгілі футболшы не болмаса аспаз болу үшін туылған шығар. Оқи алмаса надан болып қалады деген принциптен алыс болыңыз. Себебі бала ақылға емес, махаббатқа мұқтаж.

Айжамал МАХАШОВА


Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

tories/00mar.jpg» border=»0″ />

«Балалар әдебиетіне қамқорлық жоқ»

– Отбасыларды оқыту керек. Смартфондарды, ұялы телефондарды күніне бір сағат былай қойып, ең болмаса, аптасына бір рет ата-анасы, ата-әжесі балалар әдебиетінен қысқа-қысқа әңгімелер, өлеңдер, ертегілер, батырлар жырын бір сағат оқытса деймін. Мектепте қазір демалыс. «Каникулға шықтыңдар, балалар, мынадай-мынадай Бердібек Соқпақбаевтың әңгімелерін оқып келіңдер, 1 қыркүйекте сұраймыз» десе ғой. Қазіргі кезде балалар әдебиетін жазып жатқан жазушылар да бар. Шетелдік емес, өзіміздікі. «Мынадай повесті, әңгімені оқып келіңдер, қыркүйек-қазан айында талқылаймыз» деген талап болуы керек. Мысалы, Қазақ Ұлттық Университеті осыдан 5-6 жыл бұрын «міндетті оқу керек 100 кітап» деген бастама көтерді. Міндетті түрде студенттер сол 100 кітапты оқиды. Сол сияқты әр мектепте міндетті түрде оқитын балаларға арналған шығармалар, әр отбасыда сондай бастамалар болуы керек. «Болмайды, бәрі интернетке ауып кетті» десе, одан келіп жатқан зарарды ескерулері керек. Ұялы телефонның орнына кітапқа қарай көшуі керек. Әйтпесе, болмайды!

Балалар әдебиетіне қамқорлық жоқ. Гонорар, қаламақы төленбейді. Жазба әдебиетке қаламақы төлемейді. Тек қана жанкешті, әдебиетке шын берілген патриоттар ғана жазып жатыр ғой. Балалар шығармаларының азайып кеткені, аталған әдебиеттің сәл кідіріңкіреп қалғаны рас. Бірақ бұл басты себеп емес. Қазіргі балалар жазушылары балалар әдебиеті азайғанымен, классиканы оқуға болады ғой. Классика ешқашан ескірмейді. Мысалы, Қарауылбек Қазиев, Бердібек Соқпақбаев, Шерхан Мұртазаны да оқымайды ғой. Батырлар жыры да өлмейді.

Яндекс.Метрика