2024-09-21

Дала конституциясын іздесеңіз, Тамғалытасқа барыңыз!

Жиһанкез жолжазбасы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» деп аталатын тамаша жоба бастау алды. Республикалық киелі орындар тізілімі жасақталып, оған жер-жерден қасиетті нысандар ұсынылды. Солардың қатарында Созақ жеріндегі Тамғалытас та бар. Осынау құпиялы жер туралы арнайы мамандар мен ақсақал қариялар ғана білмесе, былайғы жұрт хабарсыз, естіген күннің өзінде қадірін біле бермейді. Бұл жердің Алтын Орда мен оның мұрагері Қазақ хандығына қатысты жәдігер таңбалар сақталуымен құндылығы жоғары. Мұнда тек қазақ халқының ғана емес, өзге де туысқан елдердің ру таңбаларын кездестіруге болады. Сондықтан болар, көшпелі халықтардың (қазақ, ноғай, көшпелі өзбек) «Ел айырылған» дәуірінен хабардар кез-келген тарихқа құштар азамат осы қасиетті жерді көзбен көруге құлшынады. Оның үстіне, кешегі күні ел президенті Қ.Тоқаевтің «Алтын Орданың 750 жылдығын» атап өту туралы сөзі Ұлытаумен қоса осы Тамғалытастың да тарихи салмағын арттыра түскендей болды.

tories/27092019-5.jpg» border=»0″ />

Тамғалытасқа бару туралы ой «ӨРНЕК» жиындарында былтырдан бастап айтыла бастаған. Сол ойды қолдаушылар табылып, жүзеге асыру мүмкіндігі биыл туды. «Тамғалытасқа баратын экспедиция жасақталып жатыр» дегенді естігенде, сол топпен сапарға шығуға құлшынғандардың бірі мен едім. Экспедицияны ұйымдастырушы Түркістан облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау орталығының басшысы Ж.Керімұлы болса, жолбастаушы табиғат жанашыры Ғ.Назарбек болды. Құрамына басшы, жолбастаушы мен көлік жүргізуші Дәулет ағадан өзге журналист Қ.Кәрібаев, суретші Б.Сабаев және мен ендік. Жол талғамайтын «Delica» маркалы микроавтобус серігіміз болып, әр сапар сайынғы дәстүрімізбен оған «Байшұбар» деп атау бердік.

Таң қылаң бере Байшұбар атқа мінгесе мінген тобымыз Созақ даласына қарай аттандық. Шымкент-Шаян-Шолаққорған-Созақ-Жуантөбе-Қыземшек-Аппақ бағытындағы 465 шақырым жолдың жағдайы жақсы, асфальттелген. Кеншілерден қаңырап бос қалған Аппақ деген елсіз мекеннен соң 13 шақырым батысқа қарай Тайқоңыр жолымен жүргеннен кейін оңға қарай бұрылатын қаражолдың сүлдері бар. Бұл жол бір кездері Бетпақдаланы ен жайлаған малшылардың жолы болып келсе, қазір кеншілер мен аң қуған аңшылардың жолы болған. Жусанды-изенді жазық дала пейзажы ерекше. Әр-әр жерде кеурек қурайлар қарайып, кей жерлерде сортаңды тақырлар кездеседі. Байшұбардың артында көкке шұбатыла көтерілген шаңды жолақ қалып жатты. Шамасы, жауын-шашын аз болса керек, жауын суы жолды атыздап бұзбаған. Бетпақдаланың топырақты қаражолы теп-тегіс. Бұрылыстан осы жолмен солтүстікке қарай 33 шақырым жүргенде малшылардың ескі қонысы орнына жолығасың. Малды суару үшін жасалған бетон ыдыстар әлі бар екен. Осы елсіз қоныстан оңтүстік-батыс және батыс тарапқа қарай 22 шақырымда Тамғалытас (Тасты) бұлағы бар. Сай ішін қалың қамыс пен ақшеңгел басқан, ернеуінде тастар қараяды. Сайдан өтіп, тік көтерілгенде алдымыздан шөптен жиналған шөмеле тәрізді құрылыс қалдығы көрінді. Жақын барып көргеніміз бұталарды топырақ пен тас бастыра бірнеше қабаттап жиналған мұнара қалдығы болды. Шамасы, бұл нысан өз заманында сауда жолындағы керуендерді адастырмас маяк немесе әскери бақылау және өзге де мақсатта пайдаланылған қарауыл мұнарасы ретінде пайдаланылса керек. Өйткені, оңтүстік жағынан қарағанда 10-15 шақырымнан әжептеуір қарауытып көрінсе, солтүстік беттегі төмендегі Ащыкөл жағалауынан мұнара секілді көрінеді екен. Айналаны бақылауға ыңғайлы.

Бұл араға күн бата келдік. Жылдамдата шатыр құрып, кешкі тамақ қамына кірістік. Жайғасып, тамақ пісе бастаған сәтте теріскей беттен екі жарық көрінді. Экспедиция басшысы Жандос бұл жарық біз күтіп отырған Қызылорда мен Қарағанды облыстарының тарихи ескерткіштерді қорғау орталықтарының өкілдері екенін айтты. Дастархан жайып үлгергенімізше күткен қонақтар да жетті. Таныстық. Бұл топты Қарағанды облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Т.Төлеуов, «Қазақмыс» АҚ жанындағы Қ.Сәтпаев атындағы музейдің директоры К.Балкенов, «Ұлы таулар» жөндеу-жаңғырту фирмасының басшысы Ә.Төлеубаевтар бастап кепті. Құрамында өзге де тарихшылар мен музей қызметкерлері бар. Осылайша біз бастаған «Тамғалытас сыры» экспедициясы облысаралық маңызға ие болды. Қонақтарды күтіп алған соң алау басына жиналып, ағалардың Тамғалытас туралы әңгімелеріне құлақ түрдік.

Таңертең ертемен шайлана сала, бабалардың салған таңбаларын іздеуге көштік. Біз қос тіккен тұс Тастыбұлақтың сол қапталындағы жарқабақтағы жартастарда ең көне таңбалар бар болып шықты. Ал негізгі таңбалар осы жерден 2 шақырымдай күн шығыс беттегі Қаражырада екен. Зерттеушілер осы екі жерді нақтылап, шартты түрде Тамғалытас-1 және Тамғалытас-2 деп атайды. Тастыбұлақтағы Тамғалытас-1 таңбалары өте ерте кезеңге, Сақ тайпаларына жатқызылса, Қаражырадағы Тамғалытас-2 таңбалары өмір сүру дәуіріне қарай аралас, Оғыз және Қазақ тайпаларына телінеді. Кеңес дәуірі кезінде бұл ескерткіштер антропогендік тұрғыда қатты бүлінген. Яғни, кен іздеген геологтар жарып бір қиратса, мал баққан және саяхаттаған жергілікті тұрғындар адам есімдерін қашап жазып тағы бүлдірген. Кей тастардағы таңбаларды адам аттарынан ажырату қиын. Одан аман қалғандарының өздері табиғи жауын-шашын және жел-температурамен сынып, өзгеріске ұшырап жатыр. Тіпті, кейбір таңба басылған тастарды ұрлап алып кетушілер де бар болып шықты. Соның бір мысалы, Қаражыра үстіндегі селикат кірпішпен тұғырға орнатылған таңбалы тасты Шиелінің бір тұрғыны үйіне алып кетіп, отбасының шырқы бұзыла бергесін ақсақалдардың айтуымен қайта әкелген екен. Бұл бір ғана мысал, қайтпағаны нешеме?

Тамғалытас. Бұл нысан Түркістан облысының Қызылорда мен Қарағанды облыстарымен шектесетін Созақ ауданының қиыр түкпірінде орналасқан. Координаты: 45.833940, 67.623085. Экспедицияға көрші облыстар өкілдерінің қатысуының себебі, бір жағынан жер жақындығы болса, екінші жағынан қасиетті орынның жалпы қазаққа ортақтығы. Бұл құпиялы жер туралы ең алғашқы дерек Мәшһүр Жүсіптің шежірелік деректерінде кезігеді. Онда «Бетпақ далада «Тамғалы шұбар» деген жер бар. Сонда тасқа басылған таңбалар бар. Қазақтың таңбалары талас болса, үш жүздің баласы сол тастан барып қарасады. Алаша ханның тұсында басылған таңба деседі. Мұнан бұрын сағымнан пайда болған Шыңғыс хан да тоқсан екі баулы Қыпшаққа таңба үлестіріп, ұран қойып берген екен деседі. Алаша ханның тамы Кеңгірде, өзеннің күн батысында. Тәшкент, Түркістан ұсталары жасаған. Күйдірген кірпіштен салынған. Өзінен қалған нәсіл, тұқым жоқ» дейді. Ал, қазақ тарихшыларының ішінде Тамғалытасқа қатысты алғашқы  зерттеу жұмысын жүргізген Ә.Х.Марғұлан аңыздарға сүйене отырып, «Бұл тасқа қазақтар әрқашан бас иіп,  таңбасын түсіріп, тайпаларының аттарын жазып жүрген. Тамғалытастың ұлы атаққа ие болуының себебі: бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған екен» деп баға берген. Нысан атауын «Тамғалытас» деп атап жатқанымыздың да себебі сол, қазақтың ертеректегі ғалымдары дәл осылай атағандықтан, сол атаудан алыстамауды ойладық. Түрлі деректерде «Таңбалы нұра», «Таңбалы жар», «Таңбалы тұз», «Тамғалы моласы» деп аталып қалатын жер осы.

tories/27092019-77.jpg» border=»0″ />

Бұл жер туралы Ресей саяхатшы-ғалымдары А.И. Шренк, казак офицері Д.Телятников, М.М. Иванин, Ю.Шмидт жазбаларында кездессе, ең алғашқы жазба дерек Л.Кузнецовтің жазбасында кездеседі. 1895 жылы ақмолалық әскери дәрігер Л.Кузнецов (оны Бетпақдаладағы Тамғалытасқа ертіп келген Атбасар уезінің тілмашы Х.Бекхожин) тас бетіндегі 500-ге тарта таңбалардың кө­шірмесін жасаған. Ал осы тасты алғаш зерттеген – Ресей ғалымы А.Шренк. Ол 1840 жылы «Тамғалытастың зор атаққа ие болуының себебі, бұл жерде қазақтар ұлы мереке жасап, ұран шақырып, бір ел болып қосылған жері» дейді. Мұнда тайпалардың атақты билері мен батырлары кеңес құрып, елді қоныстандыру мәселесін шешіп отыр­ған. Әр тайпаға арнап таңба беріл­ген. Сол таңба тасқа түскен. Сондықтан да, академик Қ.Сәтпаев «Таңбалы тас – Қазақ халқының ең алғашқы мемлекетінің ірге тасын қалап жатқандағы жазып қалдырған Дала Конституциясы» деп бағалай отырып, «Жезқазған-Ұлытау перифериясында қазақ халқын құрған үш жүздің жері тоғысады» деп Ұлытаудың саяси орталық екенін атап өтсе, Ә.Х. Марғұлан Таңбалы тастың тарихын оғыз, қыпшақ, Ақ Орда дәуірлерімен байланыстырады. Бетпақдаланың дәл ортасында орналасқан Таңбалы тас ескерткіші жайындағы ескі сөздерді шежірешілер М.Ж.Көпеев пен Н.Наушабайұлының жинақтарынан жолықтырамыз» дейді. 1977 жылы Ә.Марғұланға жолбасшы болған Ө.Оспановтың айтуынша, мұнда 50-ден астам ру таңбалары болыпты.

tories/27092019-66.jpg» border=»0″ />

Ә.Марғұлан «Тамғалы тас» жазуы атты мақаласында «Мұндағы қалың жазудың тұрған жерін қазақтар ерте заманнан бері қарай «Тамғалы тас», «Тамғалы жар» деп атайды. Ол Бетпақдаланың ортасын қия кесіп, ұзыннан созылған шың-жартас, Сарысу өзенінен 20 шақырымдай жоғарырақ. Тамғалы-жар биік шыңның іргесінде жоғары шалқып тұратын құмайт тастар, ол тас жұмсақ болғандықтан жазуға да өте қолайлы», — деп жазды. Расымен де мұндағы қара тастар таңба басуға өте қолайлы жұмсақ болып келеді. Л.Кузнецовтың Семейдегі жазбаларында араб жазуымен берілген мәтін мазмұнын Қ.Сатпаев өз еңбегінде былай деп түсіндіреді: «Кыпчаки, найманы, алчины, аргыны (каракесек), уйсуны (куйсун) и табыны! О дай благоденствия этим шестерым (қыпшақ, найман, алшын, арғын (қаракесек), үйсін, табын, иллахи қар рәсиге һамиша хайа рахмет қыл сен алтауын)» — деп түсініктеме береді. Ә.Марғұлан «Тамғалытас жазуындағы үш жүз тайпаларының бірігіп, «алты ұлысты сақтай гөр» деп тілеуі – ең соңғы рет қазақ болып, жеке халық болудың ашық бір түрі» — дей келе, бұл есткерткіштің қазақ халқының жеке халық болуы тұсындағы бас қосқан есткерткіші болғаны туралы жазды.

Тамғалытас туралы ақындар мен шежірешілер деректерінде де қызықты мәліметтер айтылып қалады. Мәселен, тарихшы Ж.Артықбаевтың дерегінше, Шал ақын үлгісін жалғастырушы шежіреші Н.Наушабайұлы:

«Тоқсан баулы айтайын төр өзбекті,

Заманында мал біткен зор өзбекті.

Пайғамбардың батасы тиген дейді,

Соның үшін байыған сол өзбекті.

Өзбексіз ел бар ма тәмәм елде,

Өзбектің өскені осы бір белде,

Тоқсан баулы өзбек айрылыпты

Тамғалының моласы деген жерде»-деп жырлайды. Бұл жердегі «Тоқсан баулы өзбек» деген тіркес Алтын Орданың құлдырап, Көшпелі өзбек хандығы ыдырап жатқан тұсты меңзейді. Қазақ, өзбек, ноғай халықтарының «Ел айырылған» дәуірін суреттеп тұр.

Экспедиция қатысушысы жезқазғандық К.Балкеновтің айтуынша, Тамғалытасқа қатысты тағы бір өлең жолдарын Қарауыл Бақтыбай деген ақын:

«Тамғалы тас – қазақтың мөрі болған,

Рулар ақылдасар төрі болған.

Сан ғасыр данышпандар ел басқарып,

Кең байтақ қазағымның жері болған»-деп жырлаған екен.

Тамғалытаста тек қазақ халқының ғана емес, көне оғыз руларынан бастап, ноғай және өзбек руларының да таңбаларын кезіктіруге болады. Мәселен, «қазаяқ» таңба қазір қазақ халқының ішінде жоқ, есесіне ноғай мен қарақалпақтың ішінде «Қазаяқлы» деген ру атауы кездеседі. Сондай-ақ, сақ тайпаларына телінетін көне таңбалар да бар. Тағы бір қызықты жәдігер – Тамғалытастың іргесіндегі ерте қоныс орнында былтыр жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде ерте қола дәуіріне тиесілі жібек және алтын жіппен тігілген киім қалдықтары табылған. Қазір ол жәдігер Түркістан қаласындағы музейде екен. Ол туралы Түркістан облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Ж.Құрбан айтып берді.

Осыншама дәуірлерді қамтитын мәдени қабаттары бар Тамғалытас ескерткішінің еш ескерусіз жатқаны бізді қатты таңдандырды. «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» аясында насихатталып, халық назарына жеткізу мүмкіндігіне ие болып отырғанымыз ғана көңілге медеу болды. Қарағанды облысының тарихи-мәдени ескерткіштерін қорғау орталығының директоры Т.Төлеуовтің айтуынша, «Алтын Орданың 750 жылдығы» аясында бұл қасиетті орынға кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми тұжырым жасалғаннан кейін қазақ халқының бірлігін үндейтін монумент орнату керек. Сонда ғана әрбір қазақ мақтанышпен еске алатын ең қасиетті орындардың біріне айналады» дейді тарихи ескерткіш жанашыры. Расында осы ойды жүзеге асыра қалса, Созақ жерінің тағы бір тарихи келбеті ашылатыны сөзсіз. Осы ойда Шымқалаға кері оралдық.

tories/27092019-88.jpg» border=»0″ />

PS: «Тамғалытас сыры» экспедициясы қайтар жолда Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанға бірер сәт аялдады. Осы сәтті пайдаланып, жергілікті әкімдік өкілдерімен Тамғалытас жайында әңгімелесіп, ұсыныстарымызды айттық. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Е.Сағындық мырза ауданда уран өндірумен айналысып жатқан «Аппақ» ЖШС басшылығымен демеушілік іс жайында келісімге келгенін айтты. Келісімге сәйкес, демеуші кәсіпорын ескерусіз жатқан Тамғалытас маңын қоршап, тұғырға қайта орнату жұмыстарын атқарып, барар жол бойларына сілтеуіш белгілер орнататын болыпты. Бұл шаруалар алдағы бірер апта көлемінде толық орындалып, ашылу салтанаты қазан-қараша айларында өткізіледі дейді бөлім басшысы. Осындай қуанышты хабармен қуаттанып оралдық. Алла жазса, алдағы уақытта Тамғалытасқа қайта соғармыз деген ниеттеміз.

С.Дүйсебайұлы

Яндекс.Метрика