2024-09-22

Шымкент – Ұлы дала шаһары

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қозғалған мәселенің бірі – «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, яғни ұлттық тарихи сананы ояту арқылы рухани жаңғыру. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлы дала шаһары – Шымкенттің тарихын қарастыру, насихаттау қазіргі жастардың Отанға деген сүйiспеншiлiк сезімін оятып, ұлттық рухын  көтеруге септесетіні айқын. Тарих белестерінде шаһардың өркениеттiң ордасы болғаны болғанын тереңінен білу жастардың көкірек көздеріне мақтаныш сезiмiн ұялатады. Ұлы Жібек жолының бір бөлігінде орналасқан керуен жолдары қиылысында пайда болған Шымкент шаһары Орта Азияның көне қалаларының құрамына енетін, тарихы бай, көнеден келе жатқан мәдениет ордасы.

tories/20122019-29.jpg» border=»0″ />

Шымкент – Қазақстанның көне қалаларының бірі. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, қала б. з. д. II ғасырда салынған. Шымкент – Ұлы Жібек Жолы керуен көшінің жолында орналасқан ең көне қалалардың бірі. Керуен жолдар қала арқылы Оңтүстік Қазақстан жерін басып өтіп, Шымкент қаласын ертедегі орта ғасырлық – Отырар, Исфиджаб (Сайрам), Яссы (Түркістан), Сүткент, Сығанақ, Сауран және тағы басқа аңызға айналған қалалар қоршаған. Олардың гүлденуі жоғарыда айтылған халықаралық сауда жолдарымен тығыз байланысты болған. Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар деген деректi Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бауыржан Байтанаев бастаған зерттеушiлер дәлелдеп, көне шаһардың тарихы туралы кiтап шығарғаны, ЮНЕСКО-ның нақты деректермен, археологиялық қазба жәдiгерлерi арқылы жасы дәлелденген Шымкенттi әлемдегi тарихы тереңде жатқан қалалардың қатарына қоса алатынын мәлiмдегені белгілі. Адамзат өркениетінде үлкен орынға ие болған Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне қаланың тарихы тереңде жатыр. Қаланың дәл орталығында орналасқан археологиялық орыннан көне дәуірге жататын бірнеше жәдігер табылған (керамикалық кешен). Оның жасын ғалымдар біздің эрамызға дейінгі VI-V ғасырға алып барып отыр. Б.Байтанаев ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулерін қорыта келе Шымкент шаһары —Қазақстандағы ең көне қала деген тоқтамға келді. Оның бұл тұжырымдамасын белгілі ғалым  Карл Байпақов та, шетелдік ғалымдар да ежелгі қалалардың қатарына Шымкенттің де кіретіні жөнінде қолдау білдірген.

Археологиялық жәдігерлерді зерттей  отырып, археолог ғалымдар бұл қала орнында адамдар б.з.д. VI-V ғасырларда қоныстанған дейді. Шымкент ежелден-ақ саяхатшылар мен ғалымдардың назарын өзіне аударған. Шымкент жерінде сақ тайпалары жасаған қола ұшты жебелер, қанжарлар тәрізді сақ қару-жарақтары да табылған. Сақ ұрпақтары – кангюйлер б.з.д. І мыңжылдықта Сырдарияның орта ағысында аса қуатты Кангюй (Қаңлы) мемлекетін құра білді. Шымкент қаласының даму барысы VII-ғасырдың бас кезіндегі Қытайдың дін уағыздаушысы Сюань-Цзянның жол жазбасындағы «Ақ өзендегі қала» деп аталған Испиджап-Сайрам қаласының тарихымен тығыз байланыста болған. Бұл қаланың төрт бұрышында Солтүстікте – Белдарбоза, Оңтүстік қақпа – Базар дарбоза, Шығыс қақпа – Қарамұрт дарбоза аталса, ал Батыс қақпасы осы Шымкент арқылы көптеген жолдарды байланыстырып тұрған Шымкент дарбоза деп аталған. Шымкент қаласының аймағы ғасырлар бойы көптеген тарихи оқиғалардың куәсі болған. Қала бірнеше рет басқыншылардың жойқын шабуылдарына ұшыраған. Шыңғыс хан жорықтарға жасақтарымен қала арқылы өтіп, ақырында Шымкент Шыңғыс хан ұрпақтарының қол астына өткен. Ақ Орда және Алтын Орда хандары жүргізген соғыстардың нәтижесінде қала Әмір Темірдің қол астына кіреді. XV ғасырдың басынан Шымкент XVIII ғасырдың жартысына дейін Жоңғар шапқыншыларының тонауына ұшырайды. Монғол шапқыншы-лығына ұласқан оқиғалар Исфиджап қаласының гүлденіп, өркендеуін күрт үзіп, XIV-XV ғасырларда Шымкент қаласы қауырт өсіп, бас қала ролі бірте-бірте осы қалаға ауысады. Көрнекті Шығыстанушы В.В. Бартольд бұл туралы өз еңбектерінде атап өткен. Қала аумағы мен оның төңірегіндегі археологиялық ескерткіштердің көпшілігі құрылыстар салған кезде жойылып кеткен. Қала орталығында ғана ортағасырлық қамалдың орны сақталған. Шымкент туралы бізге жеткен жазба деректердің бірі – 1425 жылы жазылған парсы тарихшысы Шараф ад-дин Алидің Әмір Темір жорықтары туралы жазған «Зафар Наме» (Жеңістер туралы кітап) атты еңбегі. Бұл еңбекте Шымкент қаласы туралы айтып өткен. Шымкент атауы жазба деректерде алғаш рет Шараф ал-дин Иездидің «Зафар-наме» («Жеңіс кітабы») деген еңбегінде ұшырасады. Әмір Темірдің Моғолстанға жасаған жорығы туралы жазылған еңбекте Шымкент Сайрамның төңірегіндегі елді мекен ретінде аталған. 1912 жылы Түркістан өлкесін зерттеген ғалым А.Добросмыслов «Сырдария облысының қалалары» деген еңбегінде Шымкентті ХІІ ғасырда пайда болған деп көрсетеді. Мұндай байламды ол «Шымкентте Қожа Ахмет Ясауидің замандасы Баба Дәруіш жерленген» деген мәліметке сүйене отырып жасаған.

Шымкенттегі ескі қаланың қамалы қаланың орталығында, жақсы сақталған. Қамалдың пішіні доға тәрізді, жер бедерінен 25 м биіктікке бой созған. Доға көлемі 30-45 м, бұрыш-бұрышында мұнаралар байқалады, кіреберіс қақпасы оңтүстік беттегі қабырғада. Бөлекше Сібір корпусының тәржімашысы Филипп Назаров бекіністі былай сипаттапты: «…Бадам өзені бойындағы (қала) биік дөңес басына салынып, жарқабақты биік қабырғасымен көмкеріп тұр. Қалаға өзен жағынан бір атпен ғана жүріп өтетіндей тар жолмен кіруден басқа амал жоқ. Су қалаға қабырғадан ойып жасалған терезешелерден кіріп, қала ішінен қазылған арналарды толтырады, бірқатарына су-диірмен орнатылған. Үйлері қытайлардікі тәрізді, күйдірілген қыш кірпіш-тен қаланып, терезесіз салынған. Неге екенін қайдам, үй ішіне жарық түсу үшін барлық жерде есіктері ашық тұрады».

Қаланың аты туралы көптеген пікірлер бар. Шымкент жайында айтылып кеткен тарихи деректерге қарай отырып ғалымдар әр түрлі ой айтады. «Бау бақшалы қала», «Жасыл қала», «Дермене шөп қоршаған қала», мәні «Шым» дермене, «кент» иранша қала дегенді білдіреді дейді.  Оңтүстік өңіріне орналасқан қаланың ерте кезден-ақ адам өміріне жайлы болғаны байқалады. Қала тұрғындарының өмір салтына қарай материалдық-рухани  мәдениеті  жоғары болған. Суару жүйесі, жүзім, бау-бақша егу, егістік дамыған. Сансыз соғыстар мен өзара тартыстар жергілікті халықтардың өміріне қайғы-қасірет әкелгенімен, Сайрам оазисі – жер өңдеу мен бау-бақша және қол өнері өркендеген аймақ болып қала берген. XVII ғасырда және XIX ғасырдың бірінші жартысында Шымкентті билеп алу мақсатында Қоқан және Бұхара хандықтары күрес жүргізді. 1810-1864 ж.ж. Шымкент Қоқан хандығының билігіне өтіп, хан өкілінің резиденциясы болды. Мұнда Қоқан әскерлерінің саны жағынан үлкен гарнизоны тұрақтап, қала негізінен әскери қамал ретінде пайдаланылды. 1864 жылы қала орыс әскерлерінің тіке шабуылымен алынды. Қазақстан мен Орта Азияның Ресейге қосылуы аяқталған соң, Шымкент Жаңақоқан бағытының құрамында болып, соңынан Түркістан уезінің, ал 1867 жылдан Түркістан генерал-губернаторлығына қарасты Сырдария облысының уездік қаласы болды. Осы кезден бастап Шымкент Еуропалық Ресей мен Батыс Сібірді Орта Азиямен жалғайтын, маңызды транзиттік мекенге айналды. XIX ғасырдың ортасында Шымкент айналдыра дуалмен қоршалған кәдуілгі ортағасырлық қала болған. Орта Азия, Қытай, Батыс Сібір мен Европаны жалғастырған керуен жолының түйіскен жерінде орналасқандықтан бұнда сауда өркендеп дамыған. Қалада екі керуен сарай мен 252 сауда дүкендері болды. Қалада әр түрлі қолөнер түрлері дамыды. Қала тұрғындарының өмірінде сауда мен, қолөнерден басқа егіншілік те үлкен орын алды. Егіншілік қала халқының үлкен бөлігінің негізгі кәсібі болды. Көптеген қолөнершілер жазда егіншілікпен айналысты. Қолөнер егіншіліктен әлде толық бөліне қоймағандықтан қаланың жартылай аграрлық сипаты XX ғасырдың бас кезінде де сақталып қалды. Қала қарамағындағы жер көлемі 1904 жылы 21,841 десятина болса, оның 8264 десятинасы егістік жерлер, 1060 десятинасы шабындық, 9430 десятинасы жайылымдық жерлер болған.

1914 жылы Қазақ елінің Ресейдің құрамына енуінің 50 жылдық мерейтойы құрметіне орай, Шымкент қаласының атауы Черняев болып өзгертілген. Бірақ та, көп ұзамай 1921 жылы Сұлтанбек Қожановтың араласуымен қалаға тарихи өз атауы қайта берілді.

XX ғасырда қала тарихының жаңа кезеңі басталды. Қала халқы елдегі үлкен өзгерістер нәтижесінде жаңа жетістіктерге жете бастады. Қалада жаңа өндіріс орындары салынып, оқу орындары мен ғылыми, мәдениет ошақтары ашылды. Қала келбеті жаңа тұрғын үйлер, гүлзар, көшелері, саябақтарымен ажарлана түсті. 30-шы жылдары Шымкентте қорғасын зауыты салынды. Бүл алып өндіріс орны КСРО-дағы өндірілетін қорғасынның 70%-н беріп отырды. Қалада май комбинаты, шұлық және айна фабрикалары іске қосылды. 1932 жылы ауылшаруашылық авиациясының базасы құрылып, бұл Шымкент әуежайының негізін қалады. Ұлы Отан соғысы жылдары Шымкент қаласы КСРО-дағы маңызды қалалардың біріне айналды. Соғыс жүріп жатқан аймақтардан бұл жерге елдегі бірқатар өндіріс орындары, 17 зауыт пен фабрикалар көшіріліп әкелінді. Қала танктерге қажетті қосалқы бөлшектер, снарядтар, металл, қорғасын, оптикалық құралдар және басқа да өнімдерді өндірді. Шымкентке өсімдіктер ғылыми-зерттеу институты және Харьковтегі авиация училищесі көшірілді. Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында ондаған мың шымкенттіктер жаумен шайқасып, 7 жерлесімізге Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Шымкент – тарихи-мәдени, қонақжайлық сипатымен қызықтыратын аймақ болып қала бермек. Шымкенттің орталығындағы Ескі қалашықтың тарихи орнын сақталып қалуы да жерлестер үшін тарихтың көмбесіндей көрінеді. Оңтүстік Қазақстанның табиғи климаты дермененің өсуіне қолайлы, ал дермене сантонино өндіріс жершарында өте сирек кездеседі. Сондықтан да Шымкенттің алғашқы және қазіргі таңбасында (герб) дермене бұтақшасы бейнеленген.

Шымкент қаласы 1932 жылдан 2018 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болса, 2018 жылдан бастап тұрғындарының саны, экономикасы және мәдени маңызы жағынан Елордасы Нұр-Сұлтан мен әсем қала Алматыдан кейінгі «үшінші қала» деген мәртебеге ие болды. Шымкент қаласы туралы туған перзенттері – Ә.Жылқышиев, Н.Серәлиев, О. Малқаров, Н.Сүлейменов, Қ.Қазиев, Ж.Тұяқбаев, Қ.Төлеметов, Ә.Аймақ сынды қаламгерлер түрлі жанрда шығармалар жазған. 1991 жылы жазушы Оралхан Бөкеев ақын Әбділдә Аймаққа: « – Мынандай әсем қалада тұрып жатырсыңдар. Таулар мен бұлақтар қоршаған қаланы сирек кездестірдім!» – деген екен. Шын мәнісінде, Шымкент – перзент махаббатына лайықты, сәулеті мен әлеуеті қатар дамыған, күннен күнге құлпырып келе жатқан көрікті де құтты мекен, Ұлы даланың шырайлы шаһары.

 

Р.Б.Кажиакбарова,

доцент, ф.ғ.к.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика