2024-09-22

Алкоголь адам ағзасына да, қоғамға да зиян!

Өмір өлшемі — салауаттық, салауаттық — өмір заңы. Салауатты өмір сүрмей тұрып, өміріңе қажетті нәрсені ала алмайсың. Адам баласының жарасымды тұрмыс құрып, үйлесімді дамуы үшін біздің елде барлық жағдай жасалған. Олай болса, арақсыз, есірткісіз, темекісіз әрі мазмұнды, әрі сәнді өмір сүруге болады емес пе?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормативі бойынша, жан басына шаққанда алкогольдік ішімдікті 8 литрден көп пайдаланатын елдің генофонды деградацияға ұшырайды. Ал, Қазақстанда жан басына шаққанда алкогольдік ішімдікті пайдалану көрсеткіші 12 литрді құрайды екен. Бұл көрсеткіш – орыс ұлтының тағдырына алаңдап отырған Ресей елінен 1,5 литрге артық.

Арақ – ректификатталған этиль спиртінің сумен қосындысынан тұратын күшті масайтқыш ішімдік. Арақ қара бидайдан, бидайдан, арпадан, т.б. жасалады. Құрамындағы спирт мөлшері 40, 50, 56%. Арақ-шараптан адамға келетін зиянды есептеп шығарудың өзі қиын. Араққа үйір адамның семьяда бақытсыз (тек өзі ғана емес), қызметте абыройсыз, ағайынға, көрші-қолаңға беделсіз болатыны белгілі. Олар түрлі ауруларға да шалдыққыш келеді. Арақ-шарапты салынып ішкен адамның бүйрегі мен бауыры, жүрегі мен жүйке жүйесі алуан түрлі қатерлі ауруға шалдығады. Ол көрсеқызар болады, инабаттылықты ұмытады, дөрекілік көрсетеді. Көрсе қызарлықтың, нәпсі құмарлықтың салдарынан маскүнемдер жыныс ауруларына жиі душар болады. Алкоголь «жүйке уы» деп бекер айтылмаған. Ішкілік организмнің қуыс-қуысына өте тез жайылады да, сонан соң орталық жүйке жүйесін улап, оның қоректену процесін бұзады. Маскүнем әйелдерден туған балалардың жартысына жуығы дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы айларда шетінейді. Шетінеуге нәрестенің миындағы ісікті сырқаттар себепкер болады.

Маскүнемдік (алкоголизм) — спиртті ішімдіктерге салынушылық. Бұл адамның денсаулығына, тұрмысына, еңбек қабілетіне және қоғам өміріне зиян келтіреді. Маскүнемдік мінез-құлықты бұзумен қоса, қылмысқа да итермелейді. Ішкіліктің болашақ ұрпаққа зиянды екені де дәлелденген: маскүнемнің балалары көп жағдайда кеміс, ақыл-есі кем болып туады.

Денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлерінің соңғы жылдардағы пікірінше, ішімдікке үйір адамның жасы әдеттегіден 15-20 жылға кем болады екен. Дәрігерлер еліміздің тұрғындарының басым бөлігі алкоголь ішімдіктерін жиі пайдаланады деп дабыл қағуда. Статистикалық деректер олардың 54,5% жастар, 48% әйел, 37% жас жеткіншек, 7% балалар екенін көрсетті. Ал адам ағзасына тигізер зардабы қаншама десеңізші. Ең қауіптісі – бүйректің жұмысын бұзады. Ішімдікті күнделікті кемінде 800 грамнан ішетін адамның ағзасында ақуыздың жетіспеушілігі бірте-бірте байқала бастайды. Бұл ауруды емдемеген жағдайда, бүйректің бір бөлігі өледі.

Маскүнемдікке бейім келетін ең қиын кезең — жасөспірім кезеңі. Бұл кезеңде жасөспірімдердің тіршілігінде бірқатар маңызды өзгерістер болып жатады. Осы кезеңде ол өзіне жолдас тауып, топ құрып жүру қажеттілігі жоғары болады. Ішкілікке үйір болып туатын адам жоқ, маскүнемдік тұқым да қуаламайды. Маскүнемдіктен сақтандыру, оның алдын алу мәселесі бұл күндері кімді болса да бейғам қалдыра алмайды. Өйткені, алкоголизм мен маскүнемдік артында жеке адам, отбасы тағдыры тұр. Оның ауыр зардабы жанашыр жақынды да, бейтаныс адамды да бейғам қалдыра алмайды.

Ендеше, ұрпағымыз ұлағатты болсын десек, жоғарыда аталған мәселеге байланысты жұмыла күш біріктіріп, белгілі бір жүйеде жұмыс істеп, салауатты өмір салтын ұстанайық!

Рысқұлов Е.А  

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика