Ұлы Даланың жеті қыры
Шұғылалы көктем жетіп, айнала көкорайға оранатын сәтте Шымшаһардың қызылды-жасылды қызғалдаққа толып кететін кезі тамаша! «Ұлыстың ұлы күні» – Наурыз мерекесінен кейін көңіл мен көзді шат-қуанышқа бөлейтін осынау сәуірдің шуақты күнін күтетін жандар көп. Көктем жаршысы – бәйшешек гүлі болса, Абай ақын суреттейтін жазғытұрым шақтың көркі – қызғалдақ шығар. Қырдың әсем қызғалдағы бүгінде мәдени өсімдікке айналып, қала көшелері мен ғимараттарының алдында көркемдік сыйлайтын «қала сұлуына» айналған. Дәл қазіргі шақ – «Қызғалдақ маусымының» нағыз қызған шағы. Шымқаланың осынау құлпырған қырмызы көркін көру үшін қала тұрғындары ғана емес, алыс-жақын қалалардан да қонақтар келетін. Тек, бүгінде елімізде төтенше жағдай режимі ендірілуіне байланысты осынау ерекше маусымды тамашалаушылар легі толастап тұр…
Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» деп аталатын 2018 жылғы 21 қарашада жарық көрген мақаласында адамзат өркениеті дамуының басында тұрған жеті ерекше құбылысқа тоқталып, олардың отаны біздің жеріміз екенін мақтанышпен атайды. Соның бірі – қызғалдақ. Қызғалдақ тек Ұлы Даланың ғана емес, Шымкент қаласының да символына айналып отыр. Соңғы кездері «Қызғалдақты қала» деп әспеттеле атала бастаған қала логотипінде оюланған жауқазын бейнесі бар. Сондай-ақ, шаһарда қызғалдақпен байланысты 2 нысан: «Қызғалдақ» субұрқағы мен «Қызғалдақ – Оңтүстік мұрасы» деп аталатын инсталляция бар болса, бірер жылда «Қызғалдақ алаңқайы» да пайдалануға беріліп қалар. Бұдан бөлек, былтырғы жылы арнайы егілген алуан түрлі 528 түп қызғалдақ көшелер мен аллеяларды көмкеріп, талайды сүйсінте қуанышқа бөлеуде.
Қызыл қауызды гүлдер жарқырай ашылып, «Қызғалдақ маусымы» басталуына орай, қызғалдақ пен Шымшаһар тақырыптарына ортақ әңгімелерді топтап, әртүрлі сала мамандарының пікірлерін ұсынуды жөн санап едік. Назарыңызға ұсынамыз.
Leave a Reply