Баспасөз қай заманда болмасын, халықтың (көрер көзі, естір құлағы, айтар сөзі». Сөзіме дәлел болатын қазақ баспасөз тарихында өзінің ойып алар орны бар, азаматтық сананың қалыптасуына септігін тигізген басылым — «Жас азамат» газеті болды.
Оның редакторы — ұлт әдебиетіне, драматургиясына, журналистикасына, ғылымына айрықша үлесін қосқан алаш қайраткері, ғалым, жазушы, журналист — Дүйсебайұлы Кемеңгеров болды. Қ.Кемеңгеров арман еткен ұлт бостандығы мен ұлт теңдігі, «Жас азаматтың» да негізгі жолы мен мақсаты сол болды. Дұрыс ұйымдастырылған баспасөздің маңызын, оны мақсатқа сай пайдалана білудің, сонымен қатар, ұйымдастырушылық қызметінің үлгісін «Жас азамат» сол кезден айқындап кеткендей.
Жастар газетіне аса көрнекті қазақ публицистері, алаш көсемдері М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтардың да қатысып, мақала жазып тұруы басылымның бетін айқындап, беделін өсіргенін байқауға болады. Енді сол жандардың газет бетіне жарияланған материалдарына тоқталсақ. Оның бірі М.Жұмабаевтың « Мен жастарға сенемін» өлеңі. Қазақ елінің тағдыры бәз-баяғы жүдеу қалпынан арылмағанын көрген Мағжан, ендігі бар үміті мен арманын жастарға артқандай:
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар
Жаннан қымбат оларға ар
Мен жастарға сенемін!-деп ақын жастарды халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш ретінде, оларды намыстылық пен жігерлікке шақырады. Мағжан үшін жастар тәрбиесінің, қайраттылығының орны бөлек болғанын және өлеңінде жастарға үлкен үмітпен қарайтынын ұғамыз. Жастардың бойынан қыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен ер мінезді,туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанып, шабыттана «Мен жастарға сенемін» деп асқақтай сөйлеген. Жастарды ар намысын бірінші орынға қоюға үндеген ол, намыс — адам тұлғасының күзетшісі деген. Мағжан да әділетсіздікке қарсы шығып, ар-намысын алға қойып өмірден озғаны ащы болса да шындық. Әйтпесе, ұлы ұранды жарыққа шыққан кезде Мағжанның өзі 25 жаста, ал газет редакторы Кемеңгерұлы болса 24 жаста ғана болған. Осындай от жүректі қазақ жастары өздерінің арман-мұратын халқына тарату үшін баспасөздің құдіретті күшін шебер пайдалана білген деп білемін.
«Айқап» журналы халық үшін «көздің ағындай» болды
Қазақ халқының мәдени өміріндегі тұңғыш қоғамдық-саяси, сонымен қатар, әдеби басылымы «Айқап» журналы болды. Оның «Айқап» аталуы да тегін емес. Бұл атаудың мәнін басылымның редакторы болған М.Сералиннің «Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтұғын қай ici бар?!. «Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды» деген сөздерінен ұғындым.
Демек, «Айқап» – ХХ ғасыр басындағы қалың қазақтың талай нәрседен қапы қалып, сан соғып, «Әй, қап!» деп өкінген өмірін өз атымен бейнелеген тұңғыш журнал болған. «Айқап» қазақ халқының қоғамдық ой-пікірі мен әдебиетінің, тілі мен білімінің дамуына үлкен әсер еткен. Оның беттерінде қазақтың сол кезеңдегі жай-күйі, қазіргі тілмен айтқанда саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени мәселелері жете талданған. Журнал басылымында Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Міржақып Дулатовтың, Қошке Кемеңгеровтің, Ахмет Мәметовтің, Мұстақым Малдыбаевтың, Кенжеғали Ғабдуллиннің және басқа да белгілі-белгісіз көптеген таланттардың алғашқы туындылары жарық көрген. Осы орайда, журналдың бірінші санында ақ жарияланған А.Байтұрсыновтың «қазақ өкпесі» атты мақаласын айтқым келеді. «Асқа өкпелеген балалардай құр бұртиғаннан түк шықпайды. Іс оңға басарлық қылығың жоқ. Амалыңды түзет, түзей алмасаң ешкімге кінә қойма! Беті жаманның айнаға өкпелеуі жөн бе? Ниеті жаманның Аллаға өкпелеуі жөн бе? Талап жоқ, үміт мол халықпыз. Өзім жатсам екен, керегім өзі кеп тиер болса екен дейміз. Оны Алла да, адам да қабыл көре ме? Еңбексіз егін шықпайды, терселең терің тегін қалмайды. Қатерлі жерде қаперсіз отырдық. Өзімізге өкпелемесек, өзгеге өкпелер бет жоқ» деп Ахмет Байтұрсынов сол кездегі қазақ тағдырына жаны ашып, тебірене толғағаны байқалады.
Олжалы жерде үлестен, ордалы жерде орыннан қағынғанымыздың бәрі сол кезеңдегі қазақтың басына сор болып жабысқан надандықтықтың кесапатынан деп санаған. Журнал бетінде жарияланған мақалаларды оқи отырып, ұлтты тәрбиелеудің биік үлгісін байқауға әбден болады. Сондықтан да, «Айқап» журналы ұлттық рухтың жаршысы болды. Қазақтың өмір сүруінің өзі проблемаға айналған сол зарлы заманды түзеп, қазақ ұлтының тағдыры үшін барлық зиялылар арпалысты. Халықтың ұлттық рухы мен санасын ояту мақсатында зиялы қауым өз пікірін, ойларын журнал бетіне шығарып отырды.
Сонымен қатар, журналдың бірінші нөмірінің өзінде-ақ «Қазақ қай заманда Россияға қосылған», «Тіл сақтаушылық», «Қазақ қыздарына», «Қазақ қарындастарына» деп аталатын материалдардың жарияланғаны тегін емес. Бұл арқылы авторлардың өз бастарын қатерге тіккенін байқауға болады. Одан бөлек, журнал қазақ байларының озбырлығын, еңбекшілердің үстем тапқа наразылығын, ашу-ызасын анық білдіретін материалдарды да басылымға шығарған. Оған мысал, журналдың 1911 жылғы 4 санындағы «Бөкей ордалықтары» деген мақалада «Бұрынғы үй басына 700 десятина жер қазір үй басына 20 десятинадан келеді. Жарлы болдық дейміз, біз жарлы болмай кім жарлы болсын. Біз бұлай отыра берсек, мұнан да жарлы болармыз» деп жазылған.
Ал, М.Сералин патшаның жымысқы саятсатының түпкі мақсатын ұғынып, оны халыққа дұрыс жеткізуге тырысты. Мәселен, «Соңғы он жыл ішінде үкімет қырғыз-қазақтарды отырықшы қылып, өнер үйретейін, салдырлап көшіп азап шеккенше, отырықшы болып, жан тыныштық қылсын деп емес, отырықшы болып, 12-15 десятина жер алып, ала алмағандардың жерін кесіп алмақ» деп өз пікірін батыл білдіре отырып, қара халықтың тағдырына алаңдаушылық білдіргенін көреміз. Осы сынды сол қоғамдағы қара халықтың мүддесін жақтаған мақалалардың саны жетерлік. Журналдың аз ғана ғұмыры болса да, Бейімбет Майлин айтқандай «Айқап» журналы халық үшін көздің ағындай болды.
Әсел АМАНДЫҚОВА
ҚазҰУ Журналистика факультетінің 2-курс студенті