2024-09-22

БАТЫРДЫҢ АНАСЫ БАСПАНА СҰРАЙДЫ

Биылғы 10-қаңтар «Аза тұту күні» болды. Ел болып, көк байрағымызды төмен тұта республиканың ірі қалаларында орын алған террорлық актілер құрбандарын еске алды. Осынау аза тұту күнінде бейбіт күннің қадірі мен ел іргесінің бүтіндігі үшін құрбан болған азаматтардың орны білінді. Кейде, ең қарапайым сияқты көрінетін «ел аман болсын» дейтін тілектің қандай құнды екенін біле бермейміз. Сол елдің амандығы үшін басын бәйгеге тіге алатын азаматтың қадірін түсінбей жатамыз. Азамат пен бейбіт күннің қадірін осы ту түсірілген күн ұқтырды.

Редакциямызға сондай азаматтың анасы хабарласып, бір кездері жоғары дәрежелі шенеуніктер уәде еткен баспанасын ала алмай жүргенін айтты. Өзінің атын Шарипа деп таныстырған әйел ұлы Дәулетбек Төрібаевқа берілген ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін көрсетіп, қайтыс болған ұлының ерлігі жайлы айтып берді. Шемен болып қатқан шерін ақтарды.

Шарипа ҚАЛМЫРЗАЕВА, Қазығұрт ауданының тұрғыны:

«ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАР ҰЛЫМНЫҢ ЕРЛІГІ ҮШІН БІЗДІҢ ОТБАСЫМЫЗҒА БАСПАНА БЕРІЛЕТІНІН УӘДЕ ЕТІП ЕДІ…»

– Ұлым Дәулетбек Есқалиұлы Төрібаев 1993 жылы 22 сәуірде туған. Өзіміз Өзбекстан республикасынан оралғанбыз. Ұлым Нұр-Сұлтан қаласында полиция сержанты болып қызмет атқаратын. 2017 жылдың 14-ақпанында қызмет барысында ерлікпен қаза тапты. Апатты жағдай тудыра жол ережесін өрескел бұзып қарсы бағытқа шығып заулап келе жатқан масаң күйдегі жүргізушінің басқаруындағы автокөлікті тоқтату үшін жолына еш ойланбай өзінің жеке автокөлігін тоса қалады. Осылайша ұлым өз көлігін ғана емес, өмірін де құрбан ете отырып жақын маңдағы мектеп оқушылары мен тұрғындардың ғұмырын аман алып қалған. Ұлымның табан астында қабылдаған ол шешімін мен де құптар едім. Дәулетбектей батыр тәрбиелегенімді мақтан етемін.

Мынау «Айбын» ордені Дәулетбек қайтыс болып кеткеннен кейін берілді. Марапаттау салтанатына өзім барып, Ішкі істер министрінің қолынан алдым.

Сол кезде лауазымды тұлғалар ұлымның ерлігі үшін біздің отбасымызға баспана берілетінін уәде етіп еді. Алайда, бүгінгі таңға дейін ол баспананың кілтін ала алмай келеміз. Баспана беру туралы Сот шешімі де шығып еді, қазір таппай отырмын. Қазір Қазығұрт ауданында пәтер жалдап отырмыз. Жергілікті әкімдік баспана кезекпен берілетінін алға тартып, күтуіміз қажеттігін айтады. Тұрғын үй кезегінде тұрғанымызға 4 жыл болды. «НұрОтан» партиясына да бардым. Олар болса, баспана кілтін шешу қолынан келмейтінін, ондай қаржы партияда жоқ екенін айтып шығарып салды.

Қазір ұлымның жасаған ерлігін бұлданғандай болып көрінетін шығармын. Дегенмен, біздің қазіргі жағдайымызды көрсеңіз, түсінетін едіңіз. Баспаналы болсақ, қалған күнімізді өзіміз амалдап жүрміз. Бар арманымыз сол. Күйеуім Есқали де ІІ топтағы мүгедек, 18 жылдан бері ауырады, денсаулығы мүшкіл хәлде. Шынымды айтар болсам, қай күні кетіп қалатынын да білмейміз. Бір күні ауру, бір күні сау. Күйеуімнің көзі тірісінде сол баспананы алсақ деген үміттемін.

Төрібаев Дәулетбек Есқалиұлына берілген ІІІ дәрежелі "Айбын" ордені

Шарипа ананың әр екі сөзінің арасында күрсінісі көп. Өзбекстаннан елім деп елге оралып, бүгінде баспанасыз жүрген күні жанына бататын шығар. Оның үстіне, атпалдай азаматынан айырылған күйігі мен әне-міне көзі кетіп қала ма деп алаңдап жүрген мүгедек күйеуінің хәлі тағы бар. Жергілікті әкімдік пен партия мекемелерінен күдер үзген сияқты.

Батырдың анасы өз сөзін Президент пен Ішкі істер министрлігінің назарына жеткізуін сұрайды. Мүмкін, арызы жоғары жаққа жетсе, сол жақтан шешіліп қалар деп үміттенетін шығар. Біз ол өтінішін газет бетіне басу арқылы аманатты орындадық деп ойлаймыз. Ендігі жүріс кезегі құзырлы мемлекеттік органдарда.

С.ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика