Тәрбие тал бесіктен екенін ескерсек, бала тәрбиесінде балабақшаның да атқаратын рөлі ерекше. Сондықтан да ата-ана балабақшаға келгенде барынша таңдау жасауға тырысады. Қазіргі таңда балабақшалардың басым көпшілігі заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып қана қоймайды, сонымен бірге балаға мейлінше жайлы әрі дамытушы орта жасауға тырысады. Солардың қатарында Шымкент қаласындағы №73 «Айжан» бөбекжай-бақшасы да бар. Бүгінде мұнда 14 топ, барлығы 350 бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшада қазіргі білім мен тәрбие берудің стандартына сай балалардың жеке тұлға болып қалыптасуы мен дамуы үшін барлық жағдай қарастырылған. Соның ішінде өскелең ұрпақтың ой-өрісі мен зердесінің қалыптасуы, әлеуметтік және эмоционалдық дамуы үшін бірнеше заттық-дамытушы орта жасақталған. Мұндағы дамытушы орта дегеніміз – бұл балалардың бастамасын қолдауға арналған, заттар мен ойыншықтарға еркін қол жеткізуді, не істеу керектігін өз бетінше таңдауды және күндізгі уақытта өз идеяларын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін әртүрлі материалдардан тұратын орта. Мұндай ортада бала белсенді танымдық-шығармашылық іс-әрекетпен айналысады, оның қызығушылығы артады, елестету, ақыл-ой және бейнелеу қабілеттері дамиды, коммуникативті дағдылары қалыптасады.
Қазіргі таңда №73 «Айжан» бөбекжай-бақшасы тәрбиеленушілерге заттар мен ойыншықтарға еркін қолжетімді заттық дамытушы орта жасап, ойын ортасын таңдауға мүмкіндік туғызып отыр. Балалар балабақшадағы инновациялық технологияларды қолданып, ауызша қарым-қатынас жасау, диалог құру арқылы қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруда. Сонымен қатар баланың денсаулығын сақтау және нығайту, дене шынықтыруға қызығушылықтарын арттыру, денсаулық сақтау технологияларын қолдана отырып қимыл-қозғалыс тәжірибесін байыту бойынша және кеңістікте бағдарлай алу қабілетін, ойлаудың аналитикалық-синтетикалық жолдарын, ой тұжырымдарын жасау, есте сақтау, қорытынды жасай алу қабілетін дамыту мақсатында да жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты №73 «Айжан» бөбекжай-бақшасы жуырда «Мүмкіндіктер мекені» жобасы аясында атқарылып жатқан шаруларды көрсеткен болатын. Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Мектепке дейінгі дамыту орталығының менежмент бөлімінің басшысы Коздыгарина Жеңіс Сергейқызы мен әдіскері Ахметова Алмагүл Батыршақызы арнайы келіп, балалардың дамуына арналған заттық-дамытушы ортада жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысқан еді. Балабақшадағы заттық-дамытушы ортада балаларға өз бетінше ойындар ойнауға толық жағдай жасалған. Атап айтар болсақ, «Жас ғалымдар» зертханасы, робототехника кабинеті, шығармашылық орта, психолог және логопед кабинеттері, ұлттық бөлме, мобильді кітапхана, тігін шеберханасы сынды орталар бар. Балабақша меңгерушісі Айтбаева Гүлазия Нұрғалиқызының айтуынша, мұнда балалар танымдық-шығармашылық іс-әрекетпен айналысады, олардың қызығушылығы артады, ақыл-ой қабілеттері дамиды, коммуникативті дағдылары қалыптасады.
– Заттық-дамытушы ортаны құру балалардың дамуына үлкен әсер етеді. Сол үшін балаларға зертханалық бөлме аштық. Ол жерде балалар түрлі заттардың қасиеттерін зерттеумен айналысады. Барлық топтар кезегімен барып, әртүрлі тәжірибе жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, бір кабинетті толықтай сюжеттік-ролдік ойындарға арнап жабдықтадық. Онда дүкен, шаштараз, медициналық орталық түрінде ойын орталары жасақталған. Мұнда балалар күнделікті өмірде жасалатын іс-әрекеттерді қайталай отырып, бір-бірімен ойнайды, осылайша өзара қарым-қатынас құрады, бір-бірімен араласу арқылы тілдері дамиды, сөйлесу арқылы коммуникативтік дағдылары қалыптасады. Сондай-ақ, әртүрлі сурет салу әдістерін үйрететін де ойын ортасы құрылды. Ол жерде де балалар түрлі тәсілдер арқылы сурет салуды меңгереді, – дейді басшы. Бұл туралы балақша тәрбиешісі Анна Якубова да:
– Сюжеттік-ролдік ойындар ең алдымен балалардың коммуникативті және тілдік дағдыларын дамытады. Бала үшін өзі өмір сүріп жатқан орта өте маңызды. Біз балаларға қызықты және баланы дамытатын орта жасауға тырыстық. Сюжеттік-ролдік ойындарда ең бастысы балалардың түрлі заттармен дұрыс ойнай білуі, – десе, тәрбиеші Елена Максенина зертханалық жұмыстардың барысы жайында:
– Мектепке дейінгі балалармен тәжірибе арқылы жұмыс жүргізу олардың дамуында маңызды рөл атқарады. Түрлі тәжірибелер арқылы балалар бақылауды, сараптауды, болжам жасауды, тексеруді үйренеді. Мұның бәрі баланың сыни ойлауы мен өздігінен жұмыс істей алу қабілетін дамытады. Тәрбиеленушілермен бірге мұнда судың құрамын зерттеу секілді тәжірибелерді де жүргізуге болады. Сонымен бірге, бояғыштармен, көпіршіктермен қызықты жұмыстар жүріп отырады. Балалар белсенділік таныту үшін біз бүлдіршіндерге қызықты әрі түсінікті болатын тәсілдерді таңдауға тырысамыз, – деп түсіндірді.
Сондай-ақ, №73 «Айжан» бөбекжай-бақшасында ерекше «Ақылды айна» интерактивті құрылғысы («Умное зеркало») арқылы жүзеге асатын логопед жұмысы да жақсы жолға қойылған. «Ақылды айна» ARTIKME құрылғысы балалардың сөйлеу ақауларының алдын алуға және түзетуге арналған. Оны логопедтер де, психологтар да, тәрбиешілер де пайдалана алады. Соңғы уақытта сөйлеу тілі дамуы тежелген және жалпы сөйлеу бұзылыстары бар балалар саны артып келеді. Осы ретте ARTIKME «Ақылды айна» интерактивті құрылғысы логопедияда тиімді. Бала өзінің айнадағы бейнесін ғана көрмейді, ол артикуляция, дыбыс жаттығуларын орындауға, дыбыстарды дұрыс айтуға және тыныс алуын бақылауға көмектесетін сиқырлы кейіпкерлермен бірге ертегі әлеміне саяхаттайды. Замануи құрылғының тиімділігі туралы балабақшаның логопед маманы Шахизада Асанбаева айтып өтті.
– Логопедиялық түзету кабинетіндегі бұл «Ақылды айна» мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған. Мұны қазіргі замандағы заманауи тренажер деп атасақ та болады. «Ақылды айна» арқылы балалар тіл жаттығуларын, тыныс алу жаттығуларын, ұсақ қол моторикасына арналған жаттығуларды экрандағы бейнелерге қарап отырып, қайталайды. Мұнда балалардың тілін дамыту бойынша түрлі ойындар орнатылған. Сол ойындар арқылы балалар логопед маманның бақылауымен берілген тапсырмаларды орындайды. Балалар дыбыстарды, сөздерді дұрыс айтуы үшін осы «Ақылды айна» құрылғысын пайдаланамыз, – дейді маман.
«Magium» мобильді интерактивті едені де cандық және проекциялық технологиялардың жиынтығы саналады. Интерактивті еденде 130-дан астам жаттығу жүктелген. «Magium» мобильді интерактивті едені – проекцияны қолдана отырып, еденді интерактивті бетке айналдыратын жүйе. Бағдарлама адамның қозғалысы мен бойына жауап береді, фигуралардың түсін, пішінін және өлшемін таниды. Бұл интерактивті кешен шығармашылық ойлау мен логиканы дамытуға көмектеседі. Онымен бірге балалар құрастыруды және модельдеуді үйренеді, қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастырады. Интерактивті еденде бес түрлі ертегі аралы бар, осы аралдарда балалар әртүрлі тапсырмаларды орындайды. «Magium» мобильді интерактивті еденін қазіргі балалардың бойында құнды мотивацияны қалыптастырудың құралы деп атауға да болады.
– Интерактивті еден балалар үшін өте қолайлы. Балалар ол жерде өзара ұқсас фигураларды пішіндері арқылы орналастыра отырып, тапсырма орындайды. Балалардың интерактивті еденге деген қызығушылықтары өте жоғары. Сол кабинетке барамыз десе болды, барлығы қуана жүгіріп кетеді. Бұл құрылғымен жұмыс істеуді біздегі педагогтардың барлығы меңгерген. Әу баста интерактивті еденді орнату барысында сол орнатушы мамандардың тарапынан құрылғымен жұмыс істеу барысы біздегі жауапты маманға түгелдей түсіндірілді. Одан кейін сол маманымыз осындағы барша педагогтарға шеберлік сағаттарын өткізіп, оны қалай қолдану керек екенін толықтай көрсетіп шықты. Содан кейін ғана барып құрылғыны балалардың қолданысына бере бастадық. Қазір арнайы кесте құрылған, сол бойынша ересек топтар, дайындық топтары түгелдей келіп, ойнап кетеді, – дейді Гүлазия Нұрғалиқызы. Ал тәрбиеші Лаура Гильметдинова болса заманауи құрылғының тиімділігі туралы былай дейді:
– Интерактивті еден – балаларға арналған инновациялық құрал. Балалар мұндағы ойындарды өте жақсы біледі. Мұнда балалардың ой қабілетін, логикасын дамытуға бағытталған ойындар саны өте көп. Осы арқылы балалар геометриялық пішіндерді, оларды көлеміне, түр-түсіне қарай бөлуді жақсы меңгерген. Ойын барысында балалар өз әрекетін дұрыс пайымдауға үйренеді. Тағы бір маңызды дүние, мұнда балалар топпен жұмыс істейді. Бір ойыншы тапсырманы дұрыс орындай алмаған жағдайда, екіншісі көмектесе алады. Осылайша олар бір-бірін толықтырып отырады. Мұндай ойындарды 5-6 жастағы балалар топпен ойнауы тиіс.
Балабақшадағы робототехника кабинеті де – балабақша жұмысындағы жаңа бағыт. Бұл тек құрастыру ғана емес, балалардың «техникалық өнім» моделін өз бетінше әзірлеу бойынша логикалық ойлау, білік пен дағдыларының дамуына ықпал етіп келеді. Тәрбиеленушілер өздерінің «Менің алғашқы роботым» айдарын ашып, жұмыстарын көрсетуде.
– «Робот әлемі» – балалардың қызығушылығын арттыратын өте керемет кабинет. Бұл кабинет қалай жабдықталды? Біз бұл робототехника кабинетін үнемделген қаржыдан жабдықтадық. Ал қабырғадағы жазуларды, стендтарды ата-аналарымыз демеуші ретінде жасатып берді. Бұл жерге де дайындық топтарының балалары кесте бойынша өз уақытымен келіп отырады. Аптасына екі рет келіп, робототехника жабдықтарымен жұмыс істейді, – дейді бұл туралы балабақша басшысы.
Балабақша тәрбиешілері Гүлжан Сарытаева мен Ақбота Ахметова да роботехника кабинетіндегі құрал-жабдықтар жайында ақпарат бере кетті.
– Балалар «Шестерни» және «шестеренки» деп аталатын тегершіктерді құрастыру арқылы құралдардың механикалық негіздердін үйренетін болады. Олардың түстері де өте керемет. Қою қызыл, қанық сары, қою көк, т.б. болып келеді. Тегершіктерді орнату үшін арнайы өзінің тақтасы қолданылады. Сол тақтаға тегершіктерді орналастырып болғаннан кейін рычагты пайдаланамыз. Сол рычаг арқылы құрастырылған механизмді қозғалта аламыз.
Балаларға арналған дамытушы тағы бір құрал «робот-мышь» деп аталады. Бұл – төрт жастан асқан балаларға арналған жиынтық. Бұл жиынтық арқылы балалар бағдарламалауды, стендтеуді үйретеді. Жиынтықтағы «тышқанды» үстінде орнатылған тетіктерді басу арқылы оны негізгі нысана – ірімшікке жеткізуіміз керек. «Тышқан» түрлі аркалардың астынан, қоршаулардан өтетін болады, – дейді олар.
№73 «Айжан» бөбекжай-бақшасында бүлдіршіндерге арналған тігін шеберханасы да бар. Бейнелеуге арналған бұл орта – тәрбиеленушілер үшін тиімді орталардың бірі. Мұнда оларды еңбекке баулу арқылы баланы әлеуметке бейімдеп, шығармашылығын арттырып, қиялын дамытады.
Жалпы алғанда, ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңіру, еліне, жеріне, мәдениетіне қызығушылық, құрметін арттыратын бұл ұлттық орталық керемет ойындармен жабдықталған. Ерекше тиімді тұсы – эстетикалық талғаммен ортаның жабдықталуы, қолайлы, қауіпсіз болуы. Жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай жасау қажет. №73 «Айжан» бөбекжай-бақшасында балаларға үздіксіз білім мен тәрбие беруде барлық жағдай қарастырылған.
Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек ешқашан қателеспейміз. Барлық білімнің бастауы – балабақшада. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім саласында заманауи педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, мектеп жасына дейінгі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде де педагогикалық технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымның біріне айналды. Ендеше мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу. Балалардың қажеттілігін қолдау үшін жоспарланған әртүрлі материалдарды толықтыру жұмысын меңгеруші Айтбаева Гүлазия Нұрғалиқызы мен ұжым педагогтері жалғастыруда. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар легі әлі де көп.
Leave a Reply