
Кітап оқыған адам білім көкжиегі кең, сөздік қоры бай, мәдениетті, байсалды, тез шешім қабылдауға бейім, өз пікірін еркін жеткізе алатын болады. Жалпы жақсы кітап оқу өмірде жеке тұлға болып қалыптасуға көмектеседі. Әлем бойынша жапон халқы кітапты ең көп оқитын елге жатады. Жәй қарапайым күншығыс елі тұрғыны жылына 170 кітап оқыса, ғылым жолын қуған азаматы жылына 240 кітапқа дейін оқып тауысады екен. Ал, 14-15 жасар жеткіншек бір жылда 70 кітап оқиды деген дерек бар. Олардың дүкендеріне бір жылда 25 мыңнан астам кітап сатуға түседі екен. Әрбір жапондыққа 11 кітаптан келеді. Күншығыс елінде бірнеше мыңнан астам баспа үйі бар, жылына шамамен 500 миллион дана кітап өнімдерін шығарып отырады. Егерде жаңа технологияның барлық түрі осы бір елде ойлап табылып, жасап шығарылып, өзге де өркениетті елдерге таратылатынын ескерсек, жапондықтардың кітапқұмарлығына сүйсінбеске шараң жоқ. Олар қолына кітап алып, оқуды мәдениеттіліктің негізгі түріне айналдырған. Қазіргі кезде әлемнің ғалымдары мен дәрігер психологтары кітапты көп оқыған адамның ойлау қабілеті, ақылы да, мәдениеті де жоғары болатынын дәлелдеп отыр. Жапонияда өсіп келе жатқан жастардың кітап оқып, білім алуына айрықша көңіл бөлінеді. Бүгінде Жапония балалардың кітап оқу белсенділігін қолдау туралы арнайы Заң шығарған жалғыз ел болып отыр. Ол жерде ауқымды ұлттық саясат жүргізіледі. Олар балалармен тікелей жұмыс істейтін кітапханаларға арнайы қолдау білдіреді. Жапаонияда балалардың кітап оқуын бақылайтын әлеуметтік институт қалыптасқан. Сол себепті мәселенің жүйелі шешімі қарастырылған. 2001 жылдан бастап Балалардың кітап оқуын қолдау туралы Заң қабылданған. Оның басты мақсаты балалардың оқу қабілетін арттыратын негізгі принциптерді жүзеге асыру. 23 сәуір Жапониядағы балалардың кітап оқу күні болып белгіленген. «Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет», деді Мемлекет басшысы. Келешекте «Балалар кітапханасы» жобасы балалар әдебиетінің дамуына жаңа серпін беріп, қазақ баспаларынан сапалы кітаптар шығады деп сенеміз. Айта кетейік, қазіргі күні еліміз бойынша мектептердегі балалар әдебиетінің қоры 40 миллионға жуық. Электрондық мемлекеттік кітапхана қорының каталогына 150 жазушының еңбегі енгізілді.
Қызмет ақпарат
2000 символ