2024-07-27

ДЕНІ САУ ҰЛТ

 

Газетіміздің әр санында «ДЕНІ САУ ҰЛТ» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан шаруалар жайында сөз етуді дәстүрге айналдырып келеміз. Негізгі-негізгі бағытты қамтитын ұлттық жоба көздейтін дүниелер мыналар:
1) Халықты денсаулық сақтау қызметтерімен кеңінен қамтуды қамтамасыз ету;
2) Жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту;
3) Кадрлық әлеуетті нығайту;
4) Әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттары – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілікке негізделген;
5) Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіп үшін ғылыми және кадрлық әлеуетті өсіру мен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық өндірісін дамыту;
6) Әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттары – әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік пен профилактикалық медицина аурулардың алдын алудың негізгі құралына айналдыру;
7) Дене шынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы.
Осындай 7 ұстынды тірек етіп, 4 бағытты мақсат еткен жобаның атқарылуы да көңіл көншітсе ғой, шіркін. Ел медицинасын жақсартып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруда жобалар мен бағдарламалар қаралудай-ақ қаралып жатыр. Бірақ, олардың орындалу деңгейі қаншалық?
Осы аптада Шымкентте атқарылған шаруаларды бір бағамдап көріп едік. Қазірге, әкімдік және денсаулық сақтау мекемелері берген мәліметтер жағымды хабармен сүйіншілеп тұр. Оқып көріңіз.

Денсаулық – зор байлық!
ЕМДЕЛУГЕ КВОТА ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА БЕРІЛЕДІ?

Егер, адам ауырып қалса және емдеу мен диагностиканы қажет етсе, осының барлығын тегін, мемлекет қаржысы есебінен бөлінетін квота бойынша алу мүмкіндігі бар. Квота, бұл – мемлекеттің өзінің ауырып қалған азаматына белгілі бір емдеу түрін жүргізуге бөлетін қаржы. ҚР әр азаматы медициналық көмекті тегін, мемлекет қаржысы есебінен алуға құқылы.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-238/2020 «Мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы (әрі қарай — Бұйрық) негізінде, Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан «Жоғары технологиялық медициналық қызметтерге және республикалық деңгейдегі консультациялық-диагностикалық көмек алуға жолдау комиссиясын құру туралы» бұйрығына сәйкес:
— ШЖҚ «№2 қалалық ауруханасы» МКК хирургиялық және соматикалық ауру бойынша;
— ШЖҚ «Қалалық перинаталдық орталық» МКК жүкті және экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) бойынша;
— ШЖҚ «Қалалық балалар клиникалық ауруханасы» МКК 0-18 жас аралығындағы балалар бойынша жоғары технологиялық медициналық қызмет комиссиясының оң шешімі берілген науқастарға жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алу үшін Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жолдама беріледі.
Бұйрыққа сәйкес, жоғары технологиялы медициналық қызмет комиссиясының қарауына төмендегі негізгі құжаттар ұсынылады:
1) Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) Стационарға, күндізгі стационарға емдеуге жатқызуға жолдама;
3) Емдеуші дәрігердің, бөлімше меңгерушісінің немесе бас дәрігердің емдеу-профилактика ісі жөніндегі орынбасарының қолдарымен, сондай-ақ, денсаулық сақтау ұйымының мөрімен куәландырылған клиникалық диагнозды көрсете отырып, пациенттің амбулаториялық картасынан немесе стационарлық науқастың сыртқатнамасынан алынған көшірме;
4) Клиникалық-диагностикалық (зертханалық, аспаптық және функционалдық) зерттеулердің нәтижелері, бейінді мамандардың (Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас мамандар) диагностика және емдеу бойынша клиникалық хаттамаларына сәйкес консультация қорытындысы.

Бала денсаулығы басты назарда
ЭХИНОКОКК ДИАГНОЗЫ ҚОЙЫЛҒАН БАЛАҒА ОТА ЖАСАЛДЫ

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері эхинококк диагнозы қойылған 4 жастағы балаға ашық түрде операция жасады. Ота кезінде хирургтар жеткіншектің өкпесінен 8 см эхинококк құртын алып шыққан.
Науқас бала қалалық клиникалық балалар ауруханасына ағымдағы жылдың 11-мамыр күні жедел жәрдем қызметімен жеткізілген. Дәрігерлер пациентті рентген, компьютерлік томографиялық тексеруінен өткізіп, өкпесінің оң жақ бөлігінен эхинококк кистасын анықтаған.
— Эхинакокк кистасы анықталған соң баланы отаға дайындадық. Операцияны 13 мамыр күні жасадық. Баланың өкпесіне ашық түрде ота жасалып, құртты кистамен бірге алып шықтық. Құрт баланың кеуде қуыс аймағын жайлаған. Бір сағатқа созылған операция сәтті өтті, -дейді қалалық клиникалық балалар ауруханасының хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әкім Түлкібаев.
Науқас бір күн жансақтау бөлімінде жатып, бөлімшеге ауысқан. Денсаулық жағдайы жақсарған пациентті дәрігерлер 18 мамыр күні ауруханадан шығарған.
Дәрігерлердің айтуынша, эхинококкоз ауруының қоздырғыштары ит, мысық және төрт — түліктен жұғуы мүмкін екен. Сонымен қатар, дұрыс пісірілмеген ауру малдың еті де адамға үлкен қауіп төндіреді. Сол себепті мамандар, балалардың тамақтануына үлкен мән беру керек екенін айтады.

Тәжірибе. Көмек. Жетістік.
ХИРУРГТАР ШЕБЕРЛІК ДӘРІСТЕРІН ӨТКІЗДІ

Шымкентте еліміздегі балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Ормантаевтың 85 жылдығына арналған балалар хирургтарының II форумы өтті. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шараға Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Орта Азия елдеріндегі балалар хирургиясы қоғамдастығының төрағасы қатысқан.
Форумның алғашқы күнінде білікті мамандар педиатриялық қызмет турасында түрлі тақырыпта баяндамалар оқыды. Ал, екінші күнінде қалалық клиникалық балалар ауруханасында травматологиялық, нейрохирургиялық оталар бойынша шеберлік дәрістері өткізілді. Еліміздің барлық өңірінен жиналған балалар хирургтары шеберлік сабақтарында тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды.
Форум аясында дәрігерлер «сколиоз» диагнозы қойылған 12 жастағы балаға травматологиялық операция жасады. Ота кезінде дәрігерлер науқас баланың қисайған омыртқасын хирургиялық жолмен түзеп берді. Үлкен көлемде жасалған операция сәтті өтті дейді мамандар.
Сондай-ақ, Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасында дәрігерлер жаңа туған сәбиге күрделі ота жасады. Операция жасалған кішкентай пациент перинаталдық орталықтан ауруханаға ауыстырылған. Науқас баланың өңеші бітеліп туылған. Операция бірнеше кезеңде өтетін болғандықтан, тумасынан ауыр дертке шалдыққан шақалаққа алдағы уақытта тағы ота жасалады деп күтілуде.
Ал нейрохирургиялық ота кезінде еліміздің бас балалар нейрохирургі Ғабит Өленбайдың жетекшілігімен 15 жастағы қыздың бас сүйегіне күрделі ота жасалды. Мұндай краниопластика операция қалалық клиникалық балалар ауруханасында алғаш рет жасалды.
— Шеберлік сабағы аясында эндовидеохирургия, лапароскопия, торакоскопия әдісімен оталар жасалды. Бұл операциялар тіліксіз жасалғандықтан, науқастың сауығып кетуіне зор мүмкіндік береді — дейді қалалық клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев.

Медициналық құрылғылар жайы қалай?
1,1 МЛРД ТЕҢГЕГЕ 10 МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖАБДЫҚ САТЫП АЛЫНАДЫ

Осы жылдың бірінші тоқсанында қаладағы бірқатар медицина мекемелері денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында жаңа қызметпен және жаңа құрал-жабдықпен толыққан. Бұл жөнінде Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Тілеуов қала әкімі алдында берген есебінде айтты.
Жауапты маманның айтуынша, есепті кезеңде қалалық балалар ауруханасында онкогематология, кардиохирургия, нейрохирургия бөлімшелері ашылғанын, сонымен бірге №2 қалалық аурухананың базасында амбулаторлық коронароангиография қызметі көрсетіліп, стендттеу жоспарланып жатыр. Бұдан бөлек, қалада жыл басынан бері 2 жаңа медициналық орталық ашылып, қалалық балалар ауруханасында ангиограф құрылғысы орнатылған. Алдағы уақытта 1,1 млрд теңгеге 10 медициналық жабдық сатып алу жоспарланып отыр.
Сала жетекшісі мамандардың біліктілігін арттыру жайын баяндай келе, бірінші тоқсанда 259 медициналық қызметкер біліктілігін арттырғанын және №1 қалалық клиникалық аурухана базасында Ресей мемлекеті мамандарымен травмотология бойынша мастер-класс өткізілгенін жеткізді.
— Әр аурухананың кемі 5 жылдық даму жоспары, оған сәйкес кезеңдік индикаторлары болуы тиіс. Жүйелі жұмыс пен нақтыланған мақсат болған кезде ғана медицина саласында қарқынды дамуға қол жеткізу мүмкін. Статистиканы қолдана отырып, қай жағынан болсын өсім динамикасына алдын-ала дайын болуымыз қажет. Бұл бағытта денсаулық сақтау мекемелерінің бас дәрігерлері тікелей жауапты — деді қала басшысы.
Сонымен бірге, денсаулық сақтау саласын дамыту және көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Жедел жәрдем қызметі
СИМУЛЯЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Шымкентте медициналық жедел жәрдем стансасында орталықтандырылған симуляциялық орталық ашылды. Бұл жаңалық меицина қызметкерлері күніне орайластырылған. Ашылу салтанатына қала әкімі М.Әйтенов те қатысты.
Қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнәр Құрманбекова ашылған орталықтың жұмысымен таныстырып өтті. Жаңа орталықта медицина мамандарымен қатар, апатты шақыртуларға алғашқы болып баратын төтенше жағдай қызметiнiң мамандары мен полицейлер де заманауи шұғыл көмек көрсетудің әдic-тәсiлдерiн меңгеріп, кәсіби біліктіліктерін шыңдай алады.
Симуляциялық орталық соңғы үлгідегі құрал- жабдықтармен қамтылған. Оқытуға арналған құрылғылар автоматты түрде жұмыс істейдi. Әрi практикалық тұрғыда жедел көмек көрсететiн маманның ic-әрекетiн бағалап, бағыт-бағдар бередi.
Орталықта оқыту-үйрету жұмыстарына жауаптылар 2022 жылғы 12 мамыр мен 5 маусым аралығында АҚШ-тың кардиологиялық қауымдастығында тәжірибе жинақтап келген. Айта кетейiк, бүгінде халықаралық стандарттар бойынша шұғыл көмек көрсету әдістерiн жетiк меңгерген 3 нұсқаушы жергілікті мамандарға практикалық дәрістер өткізуге дайын.

Назар аударыңыз!
ДӘРІГЕРЛЕР ДАБЫЛ ҚАҒАДЫ: КҮЙІК ШАЛҒАН БАЛАЛАР КӨБЕЙДІ

Шымкент қаласында балалар арасында түрлі жағдайда күйік шалу жағдайы көбейген. Күйік шалған балалардың басым бөлігі – ата-анасының қарауынсыз қалған ойын балалары екен.
Жыл басынан бері Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасына күйік жарақатымен 119 бала келіп түскен. Олардың ішінде ауыр жарақат алып, күрделі ота жасалғандар да жетерлік. Күйік шалған екі науқас баланың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр дейді мамандар.
— Ауруханаға түсетін науқастар ыстық су, уксус, ыдыс жуатын химиялық улы сұйықтық ішіп, термиялық күйік шалып түсетін балалар көп. Бұған қоса, электр тоғына күйіп қалған балаларда көп. Ата аналар балаларын қараусыз қалдырмаса, мұндай жағдайды алдын алуға болады,-дейді аурухананың дәрігер-комбустиологы Нұрпейіс Шірінбекұлы

 

Бетті әзірлеген С.Дүйсебайұлы

Яндекс.Метрика