Мейраш Тастемирова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, суретші-иллюстратор, педагог: «Балаға бірден әлем мәдениетін емес, әуелі айналаны, қоршаған ортаны, табиғатты таныту керек»

ЕҢБЕК АДАМЫ

 

Қоғамның болашағын қалыптастыратын басты тұлғалардың бірі – мұғалім. Педагог арқылы жас ұрпақ ұлы құндылықтарды бойына сіңіреді. Мұғалім – әр адамның алғашқы бағыттаушысы, болашақтың іргесін қалаушы тұлға. Ол әрқашан өзінің біліктілігі, білімділігімен құрметті әрі ардақты. Сондай аяулы ұстаздардың бірі біздің де арамызда жүр. Ол – еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі, «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, «TURAN» дизайнерлер одағының президенті, суретші-иллюстратор, көркем еңбек пәнінің мұғалімі Тастемирова Мейраш Мырзабекқызы. Біз ұстазбен заманауи педагогика жайында әңгіме өрбіткен едік.

– Мейраш ханым, еңбек жолын қашан, қалай бастадыңыз? Суретшілік өнерге қалай келдіңіз?

Менің әкем де, шешем де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері еді. «СССР-ге еңбегі сіңген ағартушы» деген төсбелгілері бар. Ол кезде ондай атақ алу өте қиын болатын. Адамдар марапатты өздерінің адал еңбегімен ғана ала алатын. Оған қоса әкемнің суретшілік қабілеті де бар еді. Сол ата-анамнан сіңген қабілет болар, мен де суретші әрі педагог болдым.

1990 жылы Ә.Қастеев атындағы көркем сурет колледжіне оқуға түстім. Ол кезде ол училище болатын. Сол оқу орнын бітірген соң №44 мектепке суретші-безендіруші болып жұмысқа кірдім. Алғашқы жұмыс орным осы жер. Кейіннен сол кездегі халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Шымкент бөліміне, яғни, қазіргі Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан Педагогикалық Университетіне графикалық дизайн мамандығы бойынша  оқуға тапсырып, күндізгі бөлімге грантқа түстім. Оқу мен жұмысты қатар алып жүру мүмкін болмағандықтан жұмыстан шықтым да, бірден оқуға ден қойдым. Диплом алғаннан кейін 1998 жылы Шымкент қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №39 жалпы орта мектепке суретші-педагог болып жұмысқа орналастым. Міне, содан бері жұмыс орнымды ауыстырған жоқпын, биыл аталған білім ордасына қызмет етіп жүргеніме 26 жыл толды.

Анам әңгімемнің басында айта кеттім, өз заманының алдыңғы қатарлы мұғалімдерінің бірі еді. Сабақ берген кезде көрнекі құралдарды көп қолданатын. Ол уақытта сабақта суретпен безендірілген көрнекі құралдарды пайдалану өзінше бір жетістік болатын. Сол көрнекі құралдарға қажетті суреттердің барлығын анам маған  салдыратын. 5-6 сыныптан бастап қылқаламды осылай серік ете бастадым.

Бір қызық айтайын, 7-8 сыныпта оқып жүргенімде анам Біржан мен Сараның айтысы туралы ашық сабақ өтетін болды. Сараның қолына домбыра ұстап, күліп тұрған суреті бар. Соны анам мақтап-мақтап отырып, маған  салдырады ғой. «Ой, сен суретті керемет саласың, сен күшті суретшісің», – деп қанаттандырып қояды сурет салып отырған мені. Сол күні «Тақтаға іліп қойдым, бәрі мақтады, ашық сабағым да ойдағыдай өтті», – деп келді. Осы әңгімесін біразға дейін айтып та жүрді. Осындай мақтау сөздерден кейін мен: «Суретті расында да керемет салады екенмін», – деп өзіме сеніп, шіреніп қалғанмын ғой. Өзімді тамаша суретші сезінемін. Біржан мен Сарадан кейін Махамбеттің суретін салдым.

Жоғары оқу орнын бітірген соң сол суреттерді іздедім. Салған суреттерім анамның көрнекі құралдарының арасында сақталып тұр екен. Суреттерді қолыма алып қарасам, Сараның тісі ақсиып тұр. Қасқырдың тісі сияқты. Күліп тұрған Сараға мүлдем ұқсамайды. Қателіктері көп енді. Содан анама: «Ұят-ай, мына суретті осылай пайдаландыңыз ба? Не деген сұмдық? Мынаны тастаңыз, басқасын әдемілеп салып беремін», – деп шала бүліндім. Бірақ, анам оқушы кезде салған суретті тастатқызбады. Менің суретші болуыма анамның сол бір мақтау сөздері көп әсер еткенін есейгенде түсіндім. Көркем сурет колледжіне түсуіме де анам ықпал еткен еді.

Қастеевте оқып жүргенде алғашқы ұстазым Нұрлан Шилібайұлы мені әуесқой суретшіден кәсіби суретшіге айналдырып, тәрбиелеп, баптады. Ол кісіден басқа да қанша ұстаздарым менің кәсіби суретші болуыма үлес қосты. Сол кісілердің арқасында суретші атанып, талай кітапқа иллюстрациялық суреттер салып бердім.

– Жалпы, қандай жанрда сурет саласыз? Қазір де тапсырысқа сурет саласыз ба?

– Негізі графика жанрында сурет саламын. Мектептен қол үзіп, бала күтімімен үйде отырған сонау 2017 жылдары Әмзе Қалмырзаев деген үлкен ақын ағамыз: «Мейраш, бірнеше шығармаларымды оқып, мазмұны бойынша сурет салып берші», – деп ұсыныс білдірді. Сол ағаның шығармаларына сурет салып берген уақыттан бастап шығармашылыққа қайта ден қоя бастадым.

Иә, бұрын да суреттер салып жүрдім. Бірақ, олардың ешбірін жинақтамай, салынған суреттерімнің әрқайсысы әр жерде қалатын. Суретшілік қабілетімді дамытпадым, шыңдамадым, өз қаламымнан шыққан туындыларыма мән беріп қарамадым, біразы қоқысқа кетті. Ағаның сол ұсынысынан кейін сурет өнеріне жаңаша көзқараспен қарап, іздене бастадым.

-Суретшілік пен  бала оқытуды қатар алып жүру қиын емес пе?

Екі саланы бірге алып жүру өте қиын. Өйткені, баланы өнерге баулимын, қайткенде соларды білімді етемін, қалай сауатты сурет салуға, бояу үндестіктерін меңгеруге үйретемін, академиялық білімін қалыптастырып, дарынын шыңдаймын деп жүргенде  шығармашылығың, суретшілігің шетке ысырылып қала береді. Бұрын тапсырыстар қабылдайтын едім, уақыт табатынмын. Қазір сол уақыт тапшы. Тапсырысты алып қойып, уақытында аяқтай алмасам, ұят болады деген шешімге келіп, тапсырыс қабылдауды доғардым. Егер тапсырыстар түсіп жатса, басқа әріптестеріме жіберемін. Бұрын қабырғаға суреттер де, портреттер де салатынмын. Қазір оған мүмкіндік жоқ.

Ұстаздар жаңашылдықты баладан бұрын меңгеріп алуы тиіс

– Әңгімеңізге қарағанда мұғалімнің жұмысы көбейіп кеткен сияқты ғой. 26 жылдан бері педагогсыз. Сіздіңше, қазіргі күннің педагогы қандай болу керек? Заманауи педагог деген кім?

– «Біз балаларды кешегідей оқытсақ, ертеңінен айырамыз» деген XX ғасырдың педагог- философы Джон Дьюидің сөзі бар. Ал Кеңес одағының физигі Петр Капица: «Ең бастысы білімге оқыту емес, ең бастысы не болып жатқандығын оқыту», – дейді. Кейбір адамдар «Осы синус, косинус деген нәрселердің өмірде еш пайдасы жоқ, мектепте сонша бас қатырып оқып едік», не болмаса «Физиканың заңдылықтарын жата-жастана жаттадық, не пайда берді?» деп айтып жатады. Бірақ, мұның бәрі мектепте бекер оқытылмайды. Оның бәрі енді өсіп-дамып келе жатқан тұлғаның зейінін шоғырландыруға, ойлау қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Меніңше, бүгінгінің ұстаздары заманмен бірге дамып, заманмен бірге білімін шыңдап отыруы керек. Өйткені, қазіргі балалар өте ақылды. Олай дейтінім, үлкен апайлар телефонды, компьютерді дұрыс қолдана алмай жатады. Ал бүгінгі өскелең ұрпақ компьютерді де, смартфонды да жетік біледі, түрлі бағдарламалармен жұмыс істей алады. Осындай жағдайда педагогтардың өздері түк білмей тұрса, тағы болмайды. Ондай мұғалім балаға не бере алады? Олай болса, бүгінгінің бала оқытушысының алдында заманнан қалыспай, жаңашылдықтарды баладан бұрын меңгеріп алу міндеті тұр. Сонда ғана ол заманауи ұстаз бола алады.

– Жасанды интеллект туралы айта кетіңізші. Өткенде осы тақырыпта шеберлік сабағын да өткіздіңіз. Жалпы, педагогикада жасанды интеллектті пайдалану қаншалықты қажет?

– Қазір цифровизация заманы. Жасанды интеллектті қолдану жұмысымызды оңтайландырып, оңайландырады. Бұл жаңалықты баланың материалды тез игеруіне көмектесетін, пәнге деген қызығушылығын арттыратын көмекші құрал, әдіс-тәсілдерді байытуға бағытталған зор мүмкіндік деп қабылдап отырмын.

Сабақтарды тез құрылымдауға, тест сұрақтарын жасап, баланың білім деңгейін тексеруде де пайдасы зор. Бір жақсысы, жасанды интеллект сіз апталап-айлап уақыт жұмсайтын нәрсені аз уақытта істеп бере алады. Қажетті дүниені тез арада оңтайландырып беретін әдістеме. Ашық сабақ өткізуде де, жаңа сабақ түсіндіруде де жасанды интеллекттің пайдасы зор. Сабағыңызды жұп-жұмыр қылып, 45 минутқа сыйымды қылып, жоспарлап та бере алады.

Бірақ кейде кейбір ұстаздар мұны түсінбей жатады. «Барлығын жасанды интеллектке сала беретін болсақ, бәрін роботтар орындайтын болса, мұғалімдік шығармашылық қайда қалады?» деп жатады. «Бұлай кете берсе, болашақта мұғалімдердің керегі болмайтын шығар?» дейтіндер де бар.  Жоқ, олай емес, жасанды интеллект деп өзі айтып тұрғандай, ол бәрібір жасанды. Оған кәсіби біліктілігі, білімі бар адам нұсқау беріп отырғанда да ғана қажетті дүниелерді жасайды. Жасанды интеллект тек айтқанды жасап қана береді, одан артық нәрселерді істеп бере алмайды. Ал мұғалім – сол нұсқауды беріп отырушы адам. Жасанды интеллект сол мұғалім айтқан нәрсені дамытып, түрлендіріп береді. Ол адам емес робот. Кейбір дүниелерге келгенде тапсырманы жұтаң орындауы мүмкін.

Осы тұста мынаны айта кетейін. Жасанды интеллектті «Сендер де пайдаланыңдар» деп, оқушылардың қолданысына беріп қоюдың қажеті жоқ. Оқушы – енді ғана дамып келе жатқан тұлға, сондықтан олар білімге келгенде көп нәрсені ой қабілеті, күшімен меңгеріп шығуы тиіс.  Жасанды интеллект оқушылар үшін емес, қалыптасқан тұлға – мұғалімдер үшін өте қажетті көмекші құрал болып табылады. Мұғалім заман көшінен қалмай жаңалықтарды, әртүрлі әдіс-тәсілдерді дер кезінде меңгеріп, қолдана білгені дұрыс. Өйткені заман талабы солай болып тұр.

Біртұтас тәрбие – өте тиімді бағдарлама

– Қазіргі мектептердегі енгізіліп отырған Біртұтас тәрбие бағдарламасы туралы не айтасыз? Қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

Бұл – өте керек бағдарлама. Біртұтас тәрбиенің мақсаты – адамзаттық, азаматтық, ұлттық құндылықтарымызды бала бойына сіңіру, ар, ұят, еңбекті, адалдықты насихаттай отырып, саналы, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Міндеті сәйкесінше, баланы ата-ананың өсиетін тыңдауға, отбасының татулығы мен берекесін қадірлеуге, перзенттік парызын өтеуге үндеу. Осының барлығы орындалып жатса, өте жақсы емес пе? Қазір байқасаңыз, көп ата-ана «Қайтсек ақша табамыз? Қайтсек байимыз? Қайтсек бала-шағаны асыраймыз?» деп жүр. Нәтижесінде бала тәрбиесі назардан тыс қалып қойып жатыр. Әрине, балаға жақсы өмір сыйлау үшін де барлығы ақшаға келіп тіреледі. Сөйтіп ата-ана амалсыздан ақшаның соңынан кетіп қалады. Ал бала оны түсіне бермейді. «Ата-анам бізді асырау үшін күндіз-түні жанталасып жүр ғой» деп ойламайды. Олар «Ата-анам осы нәрсенің соңында жүр, демек ақша деген бір құнды нәрсе шығар» деп түсінеді, нәтижесінде тәрбие жағы ақсап жатады. Осындай бір қарапайым дүниелерде балаға терең түсінік қалыптастыруда аталған бағдарламаның маңызы зор. Ол баланың бойына қажетті ұлттық құндылықтарымызды, әдет-ғұрпымызды, салт-санамызды сіңіруде өте тиімді  деп ойлаймын.

– Балаларға ұлттық құндылықтарды қалай дәріптеу керек деп ойлайсыз? Ол үшін не істеу керек?

– Бүгінде ұлттық құндылықтарды жас өренге жаңа ғана жоғарыда айтып кеткен Біртұтас тәрбие бағдарламасы арқылы енгізуге атсалысып жатырмыз. Мен өзімнің сабағымнан бір мысал келтірейінші. Мысалы, 9 сыныптың оқулығында кілем тоқу өнеріне үш-ақ сабақ берілген. Бірінші 45 минутта тарихына тоқталамыз, екінші 45 минутта кілем тоқудың әдіс-тәсілін көрсетеміз. Үшінші 45 минутта тақырыпты қорытындылаймыз. Бұл аптасына бір-ақ рет болатын әрі оқушыларға баға қойылмайтын пән болғандықтан балалар кейде сабақты селқос тыңдап отырады. Оның үстіне, қазір балалардың ойы сан-сақта. Кесірінен оқушы тақырыпты бірден ұғына қоймайды. Сол үшін біз мұғалімдер ұлттық дүниемізді баланың бойына барынша сіңіруге атсалысып жатамыз. Осы мақсатта кілем тоқу сабағын өткен кезде  балаларды мұражайға алып бару туралы ойландым. Шымкент қаласындағы «Кілемдер әлеміне» апардым. Бұл жерден тоқылуына 7 жыл уақыт жұмсалған кілемдерді де кездестіруге болады. Балалар соның бәрін көрсінші дедім.

«Кілемдер әлемінің» иесі Қазақстанның түкпір-түкпірінен кілемдерді жинақтап, ескі жәдігерлерді де алдырып, оны алдымен үйінде жинап, үйіне сыймаған соң сол өзі тұратын көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесін сұрап алып, сол жерден кішігірім мұражай ашып отырған жан – ұлтқа жанашыр Дана деген апайымыз. Көңілге кірбің салағаны, жертөледе орналасқан мұражайда кілемдердің барлығын бірдей жайып көрсетуге мүмкіндік жоқ. Аралап жүріп, кілемдерді кең залға неге жайғастырмасқа деген ой келеді. Егер көрме ретінде жайып тұрып іліп қойса, әр кілемнің тарихын, кімнің үйінде қай уақытта ілініп тұрғанын, қай ғасыр, қай жыл, қай дәуірде тоқылғанын, кімдер тоқып, қай өлкенің кілемі екенін түсіндіріп берсе, керемет емес пе? Кілемдер әр өңірдің салт-дәстүріне қарай жіктеліп, Керей кілемі, Қоңырат кілемі, Дулат кілемі деп түр-түстеріне дейін айтылса қандай тамаша?! Бір аула, көпқабатты тұрғын үйдің бір жертөлесін мұражайға айналдырып отырған Дана апайға кішкене қолдау болса, арнайы ғимарат берілсе деймін. Ол кісі ерлікке тән дүние істеп отыр. Жертөледе өткен ғасырлардан жеткен сандық, кебежелер де тұр. Мұның бәрі жәдігер емес пе?

Қазір Дана апай сияқты ұлттық құндылықтар үшін жанын беріп, күресіп жүретін адамдар санаулы ғана. Осы жолда кішкене жоғары тараптан қаражат бөлініп, қолдау жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Әйтпесе жалғыз адам не істей алады? Әзірге ол кісінің күресіп жүріп алған жері жертөле мен өз үйінің ауласы болып тұр. Көне дүниелерді көзінің қарашығындай сақтап, келген адамдарға оның мифологиясын, мән-мағынасын мейлінше терең түсіндіріп отырған тарих жанашыры қандай құрметке болсын лайық.

Сол саяхатымыздан бейнеролик жасап, көрсеткенімде: «Бұл қай жер, Алматы ма?» – деп кейбір әріптестерім аң-таң қалып жатты. «Жоқ, өзіміздің Шымқала, Ғ.Иляев көшесі, 40 үй», – деп түсіндіріп жатырмын. Ол жерді табу қиын емес. Көшемен кетіп бара жатқан кезде үйдің қабырғасына, ауласына кілемнің суреті салынған. Сол арқылы оп-оңай тауып алуға болады.

Жалпы, кілем тоқу деген дүниенің астарында көп нәрсе жатыр. Сол замандағы аналардың қайғысы, мұңы, шері, бала-шағасына деген ықыласы, өмірге деген махаббаты – барлығын осы қолөнерден көруге болады. Қолмен тоқылған кілемде энергия бар. Осы нәрселердің барлығын ұлттық құндылық ретінде балаларға көрсетіп, түсіндіріп, насихаттай беруіміз керек. Ол үшін әр адамда ұлтқа деген жанашырлық болу қажет. Тағы қайталап айтамын бүгінгінің баласы ақылды, өте қабілетті. Не көрсетсеңіз, соны қағып алады.

– Демек, «Оқымайтын бала жоқ, оқыта алмайтын мұғалім бар» деген сөздің рас болып тұрғаны ғой…

– Иә, оқымайтын бала жоқ. Егер тілін тауып, оқытып жатса, барлық бала оқиды. Баланы оқуға, ғылымға құштар ету оны оқытушыға тікелей байланысты. Ол үшін  мұғалімге үлкен күш-жігер, кәсіби білім, қажымас қажыр-қайрат керек.

Ұрпақ тәрбиесін мұғалімнің ғана мойнына артып қоюға болмайды

– Мейраш апай, білімді, саналы, сауатты ұрпақты қалай тәрбиелейміз?

– Егер ұрпақ тәрбиесін жалғыз мұғалімнің ғана мойнына артып қоятын болсақ, жағдайымыз қиындаған үстіне қиындай береді. Білімді, саналы ұрпақты ең алдымен отбасы, кейін қоғам болып тәрбиелеуіміз керек. Ол үшін білім саласына қайта-қайта өзгеріс енгізе берудің қажеті жоқ. Мысалы, мектепке өзін- өзі тану деген пән енгізілген кезде, бейнелеу пәні мүлдем бағдарламадан алып тасталынды. Қарап тұрсақ, адамзат ықылым заманда сөйлемей тұрып сурет салған екен. Тіпті, кішкентай балалар да әріп танымай тұрып, бірінші сурет салады емес пе? Меніңше, баланы шығармашылық дамуға алып келетін бірден бір пән – бейнелеу пәні. Егер сол пән мектеп бағдарламасында болмаса бала тоқырайды, шығармашылығы дамымайды.

Жалпы, бейнелеу өнерінің балаға пайдасы зор. Қарапайым ғана мысал балаға «Үйдің және талдың суретін салшы», – десеңіз, бала бірден ойлана бастайды. «Оны қағаздың мына тұсына саламын, тал үйден биік болады, мынаны мына түспен, ананы ана түспен бояу керек» дегендей шешімге келіп, баланың пропорциялық ойлау қабілеті қалыптасады. Қолдың қимылы арқылы да түрлі жүйке талшықтары жұмыс істей бастайды. Содан баланың қабілеті  арта бастайды. Бір кезде сол пәнді мүлдем бағдарламадан алып тастап, біз амалсыздан көркем еңбек пәнінен сабақ беруге көштік. Жоғары жаққа қайта-қайта хат жаздық, мәселе түрлі жиналыстарда көтерілді. Осыдан 3-4 жыл бұрын бейнелеу пәні оқу бағдарламасына қайта енгізілді. Бейнелеу пәнін қайтарып алдық деп қуанғанымызбен кемшін тұстары да жоқ емес. Бірінші сыныптың бейнелеу пәні бойынша оқулығын ашып қарасаңыз, мектеп табалдырығын кеше ғана аттаған балаға бірден әлем мәдениетін түсіндіреді. Меніңше, балаларға бірден әлем мәдениетін емес, әуелі айналаны, қоршаған ортаны, табиғатты таныту керек. Соған қарамастан, балаға тақырыпты мейлінше оңайлатылған тәсілмен түсіндіруге тырысып жүрміз. Осы тұста бала  бұл жаста нені білуге қабілетті, не ойлайды, неге икемі бар, осыған қарап жұмыс істеуге басымдық береміз. Оқулықтар да соған сай жазылса екен деймін.

– «TURAN» дизайнерлер одағының Президенті екенсіз. Бұл одақтың жұмысы не? Немен айналысады?

– Бұрын мектептерде сызу деген пән болатын. Қазір ол мүлдем оқытылмайды. Кейбір мектептерде ғана таңдау пәні ретінде оқытылып жүр. Одан бөлек, орта сыныптарда еңбек пәні мен бейнелеу пәнін қосып жіберген. Біз, бейнелеу пәнінің мұғалімдері қосымша білім алып жүріп, еңбек пәнінің негіздерін меңгеріп алдық. Ал енді бұрыннан еңбек пәнінен беретін мұғалімдерге көркем суретті игеру қиындау түсіп жатыр. Көркем сурет деген дүние еңбекқорлықты ғана талап етіп қоймайды, сурет салуға деген қабілет-қарымды да қажет етеді. Сол жағынан келгенде еңбек пәнінің ұстаздарына қиындау болып тұр. Осы мақсатта одақ ашып, онда әлгіндей мұғалімдерге пайдамызды тигізуге тырысып жатырмыз. Қазір сол еңбек пәнінің мұғалімдерін көркем суретке үйрететін курстар жүргізіп жатырмын. Іссапармен Қырғызстанға да барып келдік. Бәрін көріп, өзара тәжірибе алмасып қайтқан жайымыз бар. Одан бөлек бізде мынадай бір мәселе бар. Мысалы, қазақ тілі, әдебиет, орыс тілі, математика пәндерінде «Алтын самұрық», «Кенгуру» секілді олимпиадалар өте көп. Сонымен қатар, Абай оқулары, Міржақып оқулары, Мағжан оқулары сияқты түрлі байқаулар жүріп жатады. Ал бейнелеу пәнінде  республика бойынша екі-ақ байқау бар, біреуі – «Дарын» орталығы өткізетін «Шебер қолдар», екіншісі – «Бояулар құпиясы». Сол екі байқауға республика бойынша қаншама мектеп, қаншама ұстаз қатысады. Бүкіл республика бойынша мұғалімдер қатысатындықтан орын алатын ұстаздар аз болады. Сәйкесінше көркем еңбек, бейнелеу пәндерінің мұғалімдері жетістікке де аз жетеді. Нәтижесінде Алғыс хаттары да, мадақтамалары аз болады да, портфолио толмайды. Содан мұғалім не шебер, не сарапшы, не зерттеуші санатына өте алмайды. Осы бағытта да «TURAN» одағы жұмыс жүргізіп жатыр десе де болады. Бейнелеу пәнінің мұғалімдері үшін көбірек конкурс ұйымдастыру, оны қалалық білім басқармасымен, білім ұйымдарымен біріге отырып ұйымдастыру мәселелерін көтеріп жатырмыз. Небәрі екі байқауға бүкіл Қазақстан болып қарап отыру дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан басқа да конкурстар ұйымдастыруға  шығармашыл топпен бірлесіп жұмыс істеудеміз.        Тұрақты түрде шеберлік сабақтарын да өткізіп тұрамыз. Былтыр №65 мектепте халықаралық семинар-практикум өткіздік. Сол жерде жергілікті ұстаздар өздерінің шеберлік сабақтарын көрсетіп, Қырғызстаннан келген шеберлермен сынға түсіп жатты. Ол да бір ұстаздардың еңбегін бағалау, оқушыларды өнерге баулудағы жолдарын жеңілдетуге жәрдем ету бағытындағы жұмыстар деп білемін. Болашақта осы бағытта жұмыс істей береміз.

Жалпы, мұғалім шығармашыл болуы тиіс. Ұстаздық етіп жүрген 26 жылымда ойыма түйгенім – шығармашылықпен айналыспайтын ұстаз, ұстаз емес. Мұғалім де үнемі өз саласына ден қойып, зерттеп-зерделеп, даму, іздену үстінде болуы керек. Шығармашыл мұғалім ғана шығармашыл азаматтарды тәрбиелей алады. Ал шығармашыл азаматтың қолынан көп нәрсе келеді.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

М.ЫБЫРАЙ

 

 

 

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика