2024-07-27

«АҚШАНЫ ҚОЛДЫҢ КІРІ ДЕП ЕМЕС, ЕТКЕН ЕҢБЕГІМНІҢ ЖЕМІСІ ДЕП ҚҰРМЕТТЕГЕН ЖӨН»

20 жасар кәсіпкер

 

«Ақшаны қолдың кірі деп емес, еткен еңбегімнің жемісі деп құрметтеген жөн»

tories/3CsXdbtTpTY.jpg» width=»448″ height=»273″ alt=»3CsXdbtTpTY» style=»vertical-align: middle;» />

 Адамның білімі өз кемеліне жеткен уақытта табыстың құпиясы ашылатыны осы кезге дейін талай мәрте дәлелденген нәрсе. Әлемде мойындалған миллионерлердің өмір тарихы осыны айтады. Тағы бір ескеретін жәйт табыстылардың бақуатты болашаққа ұмтылысы бала кездегі арман-тілегінен бастау алады. Немесе сол бала кездегі тұрмыстың төмендігінен, өмірде көрген қиыншылығының да жемісі болатын сәттер аз емес. Бірқатар замандастарымыз әлемдік милионерлердің өмірін ертегі, ойдан шығарылған деп қабылдайтын болғандықтан біз өзіміздің жанымызда жүрген табыстылардың өмірдерегіне үңіліп жүргенімізге біршама уақыт болды.

Сол үрдіспен біз бүгін әлемнің мықты кәсіпкерлері туралы емес, өзіміздің Оңтүстіктен шыққан жас кәсіпкер туралы айтамыз. Оның да болашақтағы жарқын өмірге деген ниеті бала кезден бастау алған.

Асан Әбдәлі – Төлеби ауданы, Қаратөбе-3 ауылының тұрғыны. Жасы жиырманы енді ғана алқымдаған жас кәсіпкер.

Жастығына қарамастан бүгінде Асан сауда әлеміне әбден сіңісіп алған. Қыр-сырын біркісідей меңгерген. Бұл да жалпыға бұйырмаған екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Ол мектепте оқып жүргенде басқа құрдастарындай жоғарғы оқу орнында оқып белгілі бір маман болуды көздемепті. Оған арланған да емес. Оны табысты кәсіптің көзін тапсам деген ой мазалайтын. Байқампаз кейіпкердің сөзіне сенсек бала кезден байлықтың кілтін іздеген. Көре жүріп, оқи жүріп, іздене жүріп. Біздің әңгімемізден қазір базардың бір саудагері туралы айтатын шығар деп отырған боларсыз. Олай емес.

Біздің табысты кейіпкеріміз көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Асан көшет өсіріп сатумен айналысатын жас кәсіпкер. Негізгі өсіретін көшеті шыршаның түрлері.

Негізі бұл кәсіп әкемнің бастамасы. Мектеп табалдырығында жүргенімде тұрмыс тапшылығын көп тарттық. Әкем бізді қатардан кем қылмай өсіремін деп қолынан келген жұмысының барлығын жасай беретін. Құрылыста да, сауда да, қысқасы кез-келген ақша табылатын тірлік болса болды жасай беретін. Ол кезде мен 5-сыныптамын-ау. Көктем бастала әкем ауладағы жаңадан шыға бастаған көшеттерді қазып алып базарға сатуға шығатын. Сол көшеттерді сатып жүріп бір күні үйге шыршаның көшетін алып келіп екеуміз отырғыздық. Әкем: — балам, мына шыршаны көптеп өсіруіміз керек. Шыршаға сұраныс көп екен. Осы өсімдікті көптеп өсірсек тұрмысымыз едеуір түзелетініне көзім жетіп отыр. Бағасы да жақсы, алушылар да көп екен,-деді. Біз қазіргі табысты кәсібімізді осылай бастадық. Мен әкеме сендім. Әкемнің қолқанатына айналдым. Көшетті бірге отырғызамыз, базарға да бірге барып сатамыз. Расында да әкем айтқандай шыршаларды базарға алып барғанда сұраныстың көп екені байқалды. Бір жылда еккен 200-дей шыршамыз 1 аптада таусылды да қалды. Сондағы түскен қаражат бес жүз мыңдай. Ондай ақшаның бір аптада қолға түсерін кім білген. Оның үстіне қазіргі кездегідей емес, бес жүз мың деген қыруар ақша ол жылдары. Әкемнің өзі де мұндай сауданы күтпесе керек, қуанғанын да, таңқалғанын да көрсете алмады. Үнсіз жүрді де «балам, шырша өсіруді көбейту керек, ақылдасайық» деді. Сөйтіп біз шырша өсіруді мықтап қолға алдық. Жұмысызды жоспарлай бастадық. Шығыны, кірісі есепке алынды. Жыл сайын енді мың данадай көшет сатуды жоспарладық. Әрине, одан да артық өсіруге болар еді. Бірақ қаражаттың басы енді ғана құрала бастаған мезгіл ғой.

Бала кәсіпкердің кәсібіне әкесі Байбосын 11-сыныпты бітіргенше демеу береді. Ал 11-сыныпты аяқтай салысымен Асан бар уақытысын осы шырша кәсібін өркендетуге арнайды. Сыныптастары ҰБТ-ның әлегімен жүргенде мұның бас қатырғаны көшеттің ертерек жетілуі еді. Мектеп бітірген Асан енді шыршаның үш мыңнан аса данасын отырғызуды көздейді. Алғашында әкесі берген қаражаттан Ташкент қаласынан 1000 дана майда шыршаны алып келеді. Көктем мезгілінде аулаға отырғызады. Келесі көктемге дейін шыршаны жақсылап баптап, бақылайды. Көктем шыға көшеттерді айтарлықтай бой көтермесе де базарға алып шығып сатуға кіріседі. Осы нарықты жаулап алуды мақсат еткен жас жігітке сұраныс бұрынғыдан да көбейе түседі. Тіпті, қызмет көрсету аясы да кеңея түседі. Көшетті сатып алған енді оны үйінің ауласына отырғызып беруін сұрана бастайды. Қосымша табысты уысынан шығарғысы келмеген Асан ондай жұмыстарды қасында кәсібінің сырынан хабары бар жолдастарына ұсынады. Бала кезде басталған кәсіп осылай Асандай бозбаланы үлкен бизнес әлеміне жетелей бастайды. Бүгінде Асан жылына бес мың дана шырша өсіруді жолға қойған. Сорты да әртүрлі, бойы да, көрінісі де әртүрлі. Сапасына қарай әрқайсысының бағасы да әртүрлі. Үш мыңнан жүз мыңға дейінгі аралықтағы бағада өрбиді.

Айтуға оңай болғанымен әрине, бұл оңай шаруа емес, тынымсыз тірлік, ізденіс, еңбек. Екі маусымда сатылымға шығатын ауаны көп бөлетін мәңгі жасыл өсімдікті баптаудың да өзіндік ерекшелігі, құпиясы, сырлары бар. Ал, оның саудасын жүргізу бұл бөлек әңгіме.

Шырша өсіру біраз уақытты талап етеді. Оның ұрығын немесе енді шыққан көшетін сатып алып отырғызғаннан кейін бойы биіктеп, бағасы жоғары болуы үшін 2-3 жылдай уақыт кетеді. Одан да көп мерзімді күттіретін арша ағаштары да бар. Сол себептен жыл сайын шығарып тұру үшін алдын-ала әр жылдың жоспарын түзу қажет. Онсыз тірлігің бір тиын болады. Оның күтіміне де жақсылап назар салмасаң қуратып аласың. Ішетін суын, түбіндегі топырағын, күзде қырқуды қажет ететін артық бұтақтарын қырқып тұрмаса сәндік қалпынан айниды. Сәні болмаса тұтынушы бұрылып қарамайды көшетіңе,-дейді ол.

Асанның айтуы бойынша шыршаның барлық түрі күн көзін жақсы көреді. Сұрыпты түрлері жеңіл топырақты, ық жерлерде жақсы өседі. Жыл сайын сынған, майысқан бұтақтарын кесіп, реттеп отыру керек. Егер шырша тұқымы арқылы көбейтілсе, пайдасы көп екен.

Жас кәсіпкер бүгінде мектеп, ауруханалардан сұраныс қабылдайды. Мектеп ауласын көгалдандыру үшін биіктігі 1 м деңгейіндегі дайын көшетін отырғызған дұрыс. Өсе келе жан-жағына жайыла түсетіндіктен, олардың бір-бірінен немесе өзге ағаштардан арақашықтығы кемінде 5-6 метр болғаны жақсы. Оның өскендегі сәні мен орналасуы көз тартуы керек. Шыршаны ауа тазартатын ерекше қасиетіне қарай, ауруханашипажайлардың маңына егуге көптеп сұраныс түседі,дейді ол.

Шырша көшетін табыс көзіне айналдыра білген жас жігіт бүгінде жұмысын жеңілдетудің жолдарын қарастырып жүр. Кәсібін одан әрі ұлғайта түскісі келеді. Жұмыс істеген сайын түрлі ойлар келеді, көресің, басқадан көргеніңді жүзеге асырғың келеді. Тапсырыс берушілер көп солардың көңілінен шыққың келеді. Бұл туралы да ойланасың, ізденесің, менің бір күнім екінші күніме ұқсамайды,-дейді жас кәсіпкер. Қазір жанында біршама көмекшілері бар. Бірін сатуға, бірін көгалдандыру жұмыстарына, бірін тапсырыс іздеуге, бірін сұранысқа сай шыршаны қазып тасымалдауға қояды. Біз одан алдағы жоспары жайлы сұрадық.

-Орындалатын жоспарымда бірінші болып жеміс ағаштарының көшеттерін егу тұр. Ал, мақсатыма келер болсам тұтынушылардың осы мен жүрген нарықтағы кез-келген сұранысын қанағаттандыру міндеті тұр. Тұтынушыға қандай көшет керек ол менің бауымнан табылу керек,-дейді бағбан жігіт. Асанның ақшаға да көзқарасы басқаша.

 «Үнемі ақшам көп болсын десең ақшаны жақсы көру керек. Ақшаны жақсы көруді дүниеқоңыздықпен шатастырмау қажет меніңше. Келген ақшаға қарай еңбектің нәтижесін көруге болады. Оны қолдың кірі деп емес, еткен еңбегімнің жемісі деп құрметтеген жөн. Сен әр дүниеге қандай көзқараспен қарап, қалай қабылдасаң, оларда саған солай келеді. Тек жақсы нәрсе ойлау керек». Асанның пікірі осындай.

Дағдарыс жағадан алған тұста сұраныстың шамалы бәсеңдегенін жасырмайды жас кәсіпкер. Бірақ, алдағы уақытта жұмыстың жетілуі мен өркендеуі үшін барын салатындығын айтады. Ол өзін табысқа жетелеген кәсібінің милиондарды түсіретініне сенімді. Кәсіпке құштар жігіт бүгінде шырша өсіріп тапқан табысынан түскен миллиондарын ірі қара малдың басын көбейтпекке жұмсамақ ниетте екен. Өзі ауылдың қара домалақ жігіті болғандықтан екі кәсіпті бірге сүйреу ешқандайда ауырға соқпайтындығын, қолыңнан іс келіп тұрса неге сүйремеске дейді ол.

-Бала кезімде өскенде дәл осылай қызмет жасаймын деп армандаушы едім. Отбасындағы таршылықты көріп жігерім жетпейтін шығар деген де ой болды. Бірақ, соны әкем еткен еңбекті көріп жеңдім. Әкем мені бала деп емес, қатарындай көрді, ақылдасты, сенді. Сол сенім мені алға жетелей берді. Сол сенімнің арқасында қазір адам талпынса тамыры терең талды да қопарып алатынына көзім жетті. Бала күнгі арман орындалады. Мен оны білемін. Армандай білу керек. Және жүрегің қалайтын іспен айналысу керек. Ер адам ақшаны көп табуы керек меніңше. Мұны Асан нық сеніммен айтты.

Ол қазір көшеттерін Оңтүстік емес, Қазақстанның басқа қалаларына, Қырғызстан мемлекетіне экспорт жасауды көздеп отыр. Алғашқы қадамдары басталып та қойған. Біз бүгін бар болғаны жиырмаға енді толған жігіттің кәсібі мен жетістігі туралы айттық. Оның жетістігі айтуға, үлгі етуге тұрарлықтай. Ол еңбек етудің үлгісін көрсетіп жүр. Ол нағыз ебек адамы. Ол Қазақстанның беделді кәсіпкерлерінің қатарынан көрінгісі келеді. Біз тілекшісіміз. Және солай болатынына сенеміз.

Жарылқасын Үсентаев

Яндекс.Метрика