2024-07-27

Google-дің қожайыны кім? немесе американдық ең қарапайым миллиардер

alttories/220px-sergey_brin_cropped1.jpg» width=»192″ height=»227″ />

  «Мен өзімнің жұмысымнан үлкен қанағат сезімін аламын,  бұл менің ең басты байлығым»  Сергей Брин.
     Googlе-дің иесі 1973 жылы 21 тамызда Мәскеу қаласында дүниеге келген. Ұлты еврей. Ата-анасы кеңес үкіметі тұсында қысым көргендердің бірі. Кеңестік қысымға шыдамаған Бриновтар отбасы АҚШ-қа қоныс аудару туралы шешім қабылдайды. Ол кезде Сергей 6-ға енді толған еді. Америкада оның техниканы жақсы меңгерген ата-анасына жұмыс бірден табылады. Әкесі Мэриленд штатындағы университетке оқытушы болып орналасады , шешесі NASA-ға жұмысқа тұрады.      

     Білімді отбасында өткен Сергей алғырлығының арқасында әкесі сабақ беретін университетті мерзімінен бұрын тәмамдап шығады. Және бұл еңбегі бағаланып мемлекеттік степендияның иегері атанады. Бұл оның Стэнфорд университетінде білімін жалғастыруына жағдай туғызады. Бұл оқу орны Америкадағы мықты компьютер мамандарын оқытып шығаратын ең үздік университет еді. Стэнфорд студенттерге қосымша жалақы іздеп уақытын жоғалтпас үшін ең жоғары шәкіртақы төледі, сондықтан тәлімгер тек білім алумен шұғылданатын. Студент Брин осында жүріп кейін керемет шығармашылық тандемге айналған Ларри Пэйджомен танысты.

     Екеуі аспирантурада оқып жүріп университет сайтында алғаш рет өздерінің BackRub атты арнайы жүйесі бар іздеу парақшасын жасайды. Бұл жүйенің ерекшелігі әр парақшаға ранг (PageRank) берілетін және басқа парақшалар оған сілтеме жасайтын болса, сұранысқа қарай оның орны жоғарылай түсетін. Ол уақытта іздеу жүйелерінің бәрі парақша мәтініндегі сөздердің сұралуына қарай орнын айқындайтын еді, сондықтан да аспиранттардың жүйесі пайдалануға өте ыңғайлы болып шықты. Және бұл бірер жылдан кейін ашылатын Google іздеу жүйесі жетістігінің ең басты кепілі еді. Сіздер BackRub-ке не болды дейсіздер ғой. Дұрыс сауал. Оның істен шығуына пайдаланушының шамадан тыс көбеюі себеп болды. Бұл парақша Стэнфродтың қызметтік құжаттарын кез-келген ғаламтор пайдаланушы кедергісіз көре алатындықтан, сайттың қызмет жүйесі мұндай ауыртпалықты көтере алмады.

       Енді не істеу керек? Шығармашылық тандэмнің алдында «Оқуды аяқтау керек пе, жоқ өмірлеріндегі ең басты жобаны жүзеге асыру керек пе ?» деген таңдау тұрды. Жобаның болашағына сенген олар жаңа іздеу жүйесін құруға қаржы салатын инвесторлар іздеуге шықты. Ал, инвесторлар жобаны қолдай қоймады, бірінен соң бірі беттерін қайтарды. Бірақ табанды жігіттер райынан қайтпады. Көп жоқтың соңында бір бардың айтылатынына үміттенді, үміттері ақталды. Тәжірибелі интернет-бизнесмен Энди Бехтольшайм жас жігіттерге сенді және жобаларына бірден 100 мың доллар салды. Бірақ ылғи жұмысы басынан асып асығып жүретін Энди бір қателік жіберді чекті толтырғанда «Google Inc» деп қате жазып жіберді. Алғашқыда олар компанияны «Googo»l атаймыз деп келіскен еді. Бұл 1-ден кейін жүз нөл тұратын сан. Шексіздіктің белгісі. Жігіттер бұл қателікпен де келісті: «Google, болса Google болсын. Жүз мыңдап чек жазып беріп жатқан ешкім жоқ». Бір аптадан кейін(бұл 1998 жыл болатын), олар Google Inc. компаниясын 1 млн доллар капиталмен тіркеді.

       Ұлы жетістіктерге ұқсастық та жат емес Google,-дың жұмысын Apple сияқты (Құрушылар Стив Джобс пен Стив Возняк), екі талантты жігіт гаражда бастады. Осыдан кейін бүгінде АҚШ-та: «Егер миллиардтаған табысы бар компания ашқың келсе, жұмысты гараж сатып алудан баста» деген қанатты сөз айтылып жүрсе оған таңқалуға болмайды. Біз әзілге жеңдіріп айтып отырмыз. Ал, Google әзілдеген жоқ, бірден фантастикалық жылдамдықпен ғаламторды шарлап кетті. Бір жылдың ішінде 60 млн.-нан астам парақшаны индекстеп, барлық бәсекелестерінің алдына түсті.Бұл «іздеуші» тұтынушыларын керек ақпаратты дөп тауып берумен ғана емес, жылдамдығы, жеңілдігімен арбады(бұл іздеушіде жарнама, жұлдызнама, көңілді басқа жаққа аударатын ақпараттар болған жоқ). Енді компания гараждан шығып Калифорния штатындағы Маунтин-Вью кешенді ғимаратына қоныстанды.Шығармашылықпен жұмыс істеу үшін барлық жағдайды жасады.

        2010 жылы Forbes Сергей Бриннің байлығын 15 млрд доллар деп бағалады. Ол АҚШ-тың ең бай адамдарының тізімінде 11-ші болып тұр. Сөйте тұра Сергей әлі де 3 бөлмелі пәтерде тұрады, көлігі де онша қымбат емес «Toyotе Prius». Экологиялық таза тағамдар мен бұйымдарды тұтынады. Қарапайым киінеді.

       Қазір ол өзінің бала кезгі арманына қол созып жүр. Ресейлік «Союз» кораблімен ғарышқа ұшсам деген ниетте, айтқандай бұл арманның құны 35 млн.доллар тұрады! Кім біледі ғарышқа барып келген соң ол бізді «ғарыштық» жаңа идеяларымен қуантатын шығар. Бәрі де мүмкін.

 Бейсенкүл Жақсыбекқызы

         «Қызмет»

Яндекс.Метрика