2024-07-27

ЖАРНАМА ЖАҢА ҚЫЗМЕТ ҮШІН ӨТЕ ӨЗЕКТІ

Жасыратын несі бар, қай-қайсымыздың болмасын ой түкпірімізде мықты кәсіпкер болсам немесе табысты, бақуатты адам болсам деген ой жатады. Алайда, біріміз тірліктің көзін таппасақ енді біріміз қаражат мәселесіне келгенде жиған тергеніміз бірінші қадамға да жетпейтіндігін алға тартамыз. Не болмаса қай кәсіп түрін таңдаймыз деп бас қатырып талай уақытты бостан-босқа өткіземіз. Кәсіпті таңдап, әрекетке алаңсыз кіріскіміз келіп тұрған сәтті өзінде сол кәсіппен қаншама жанның айналысып жүргенін көріп қаламызда «менсізде ол жұмыспен айналысушылар жеткілікті» деген ой сарт ете қалады. Сондағы бізге жетіспейтіні тек табандылық. Бір сөзбен айтқанда өз мүмкіндігімізді пайдалануға ерінеміз.

Соңғы уәжді таратып көрейік. Айтыңызшы, бүгінгі таңда айналамыздағылар айналыспаған қандай кәсіптің түрі бар? Мына қоғамдағы ілуде біреуі болмаса, барлық кәсіпті игерілген деуге болады. Тіпті нарықты жаулап алды деген кәсіптің өзінің сізге пайда әкелуі әбден ықтимал. Өйткені, кәсіпке деген әркімнің көзқарасы әртүрлі. Сіздің де өзіндік көзқарасыңыз бар. Сол көзқарас, ұстанымыңыздың нарықтың көшбасшысы атануыңызға әсер етуі бек мүмкін. Осыдан кейін де басқалар да бар деп өз дегеніңнен бас тартуға бола ма?… Жалпы бизнестің қандай жаңа түрі бар?! Бұрыннан бар кәсіп түрленуі мүмкін, жаңашылдық енгізілуі мүмкін, тауардың сапасы жақсарып, арзандауы мүмкін. Велосипед ойлап тауып жатқан ешкім жоқ. Ол аса керек те емес. Велосипедті тұтынушыға ыңғайлауға болады.

Көбіміз үй жинау, кір жуу, шаң-тозаңды тазалау, айна сүрту, киім-кешекті жаңалау, көліктердің салонын тазалау деген сияқты жұмысты білімді қажет ете қоймайтын кәсіп көреміз, солай қабылдаймыз.Дипломын құшақтаған жандардың арасында ол жұмысқа мойын бұрып қарамайтындары жетіп-артылады. Сол да кәсіп пе екен?!. Осылай ойлай тұра нақ осы нарықты зерттеп көріңізші, қаншалықты дамыған, қызмет қаншалықты сапалы көрсетіледі? Зерттедіңіз, сараптадыңыз.

Егер шын мәнісінде қызығушылығыңыз болса, талайымыз пысқырып та қарамайтын осы қызмет түрлерін үлкен бизнес түріне айналдыруға болатынына иланасыз. Тіпті, қомақты қаражат табатын кәсіп түрін жасауға мүмкіндік бар. Бұл қызмет түріне «оқудың қажеті жоқ екен ғой» деп ойлап қалмаңыз. Кез-келген салада білімнің орны бөлек, ең бірінші сатыда тұрады. Сіздерге нанымды болу үшін осы қызмет түрін жолға қойған компания туралы хабардар еткенді жөн көрдік.

Шымкент қаласында «ШымКлинингСервис» атты компания бар. Директоры жиырмадан сәл ғана асқан Исрайл Айгерім Нұржанқызы. Бір мықтының қызы ғой деген ойаи ерік бермеңіз, компания идеяның жемісі. Қаламқас Сәкенқызымен Айгерімнің идеясы.Қызметті қалай түрлендіруге, бәсекеге қабілетті етуге болады, тұтынушының көңілінен қалай шығуға болады деген сұрақты негізінен Қаламқас Сәкенқызына қоюға болады.

Бұл компания біз жоғарыда атап өткендей тазалық мәселесімен айналысады. Үй жинау, кір жуу, шаң-тозаңды тазалау, айна сүрту, киім-кешекті жаңалау, көліктердің салонын тазалау қызметтерін көрсетеді. Қоңырау түсті болды жұмыстың ауыр-жеңілдігін таңдамайды. Үйіңізді тазалап, қоқысыңызға дейін тап-тұйнақтай етіп шығарып береді.. Алғашында біршама қиындықтан өткен компанияның дәл қазіргі таңда 10 шақты жұмысшылары бар.

-Кәсіпті аяғынан тұрғызуға аз күш жұмсалмады. Алғашқы күндері күндіз-түні тірлік жасауға тура келді. Жарнамаларды жазамыз қаланың түкпір-түкпірлерін аралап оны ілеміз. Тіпті көлік жүргізушілерге де ұсыныс айттық, жарнамамызды тараттық. Жарнама мәселесі де жаңа қызмет үшін өте өзекті. Жарнама жұмыс істей бастады екен,кәсіптің жолы ашылды деген сөз, енді қызметті дамытудың жолын айқындай беруге болады. Тапсырыс күн өткен сайын арта түсті де компания енді екі адаммен дамымайтынын түсіндік. Сөйттікте тағы бір-екі адамды қатарымызға қостық. Қоңыраулар жиілей түсті. Осылай 10 адамды жұмысқа алдық. Оларға қазір жұмыс жеткілікті,-дейді қыздар.

Әрине, қалада бізден де басқа біз сияқты қызмет түрлерін көрсететіндер бар. Оны біз кәсіпті зерттеу сатысында өзімізше сараптамадан өткіздік, зерттедік. Олар қандай қызмет түрлерін көрсетеді, нені қалдырып жүр, қызмет түрлеріне қойылған баға қанша, ол тұтынушыға қолжетімді ме дегендей сұрақтарға жауап іздеп, салыстырдық. Тапсырыстардың оңай түспейтінін түсіндік. Бескеге қабілетті болу үшін өзгелерге қарағанда әлдеқайда арзандау баға ұсындық. Бұл біздің табысымыздың кілті десек болады. Мысалы автокөлік жуу орталықтарында көліктің салонын шешіп алып жақсылап жуып беру 12 мыңдай болса, біз 5 мың теңгеге көрсете аламыз ол қызметті. Оған кілем жууды да қосса болады. Тағы бір сырымыз арзан бола тұра сапалы қызмет көрсетуді көздедік. Барған жеріміз қайта шақыратындай етіп қызметімізді айнадай етіп атқардық десек болады. Қызмет ақысы шамалы аздау түседі. Есесіне сұраныс көбейеді,-дейді жас кәсіпкер Айгерім Нұржанқызы.

Екі бойжеткен ашқан кәсіптің нарықтағы адымдары енді басталғанымен сенімді. Кәсіп ашуға қатысы бар мемлекеттік бағдарламалардың бәрінен хабардар. Кәсіпкерлерді оқытатын орталықтардан алған білімдерінің нәтижесін көріп жүр.Олар ізденісте, білімдерін жетілдіруді күнделікті істері санайды. Керек тәжірибеде күн өткен сайын толыса түсуде. Оларды тани бастады. Және компанияның клиенттер базасын тұрақты клиенттер құрайды. Әзірге аз бірақ бар. Олар әлі милиондардың иесі атана қойған жоқ. Әйткенмен келешекте мықты кәсіпкерлердің алдына түсуге сенімдері мол. Бізде солай боларына сеніп қайттық.

Адамзат тарихында ең бай адам Джон Рокфеллер «Егер сенде ақша аз болса, кәсіп жаса. Егер мүлдем ақша жоқ болса – дереу жаса! Дәл қазір!» дейді бір қағидасында. Иә, бүгін, ертең емес дәл қазір кірісіңіз кәсіпке. Өзгелердің жасаған әрекетін Сізде жасай аласыз. Тек қана өзіңізге деген 100 пайыз сенімділігіңіз болса жетіп жатыр.

Айтпақшы, егер «ШымКлинингСервис» компаниясының қызметін пайдаланамын десеңіз 8776 219 55 66 нөміріне хабарлассаңыз болады.

Жарылқасын ҮСЕНТАЕВ

Яндекс.Метрика