2022-08-19

Солтүстік өңірлерде халық саны миллион адамға қысқаруы мүмкін

tom: 0.0001pt; text-align: justify;»>       ҚазАқпарат — Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі халық саны 2050 жылға қарай миллион адамға азаюы мүмкін. Бүгін Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова осылай айтты.

       Басқосуда Қазақстанның ішкі және сыртқы көші-қон проблемалары талқыланған болатын.

       Вице-министрдің сөзіне қарағанда, аталмыш үдеріс негізінен ішкі және сыртқы көші-қон проблемаларында қордаланған мәселелерге байланысты орын алуы мүмкін. «Республикамыздың Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан секілді облыстарында қалыптасқан демографиялық құлдырау үдерісі сақталатын болса, оның салдарынан келешекте  жұмысшы кадрлар тапшылығы орын алуы ықтимал. Ал 2050 жылға қарай осындай жағдайға сәйкес, солтүстік облыстардағы халық саны миллион адамға дейін азаятынын болжауға болады.  Бұл ретте еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі халық саны керісінше 5,2 миллион адамға артуы мүмкін», — деді М. Әбілқасымова. Оның пайымдауынша, бұндай жағымсыз үдерістің сақталуы жұмыс орындарына қатысты ұсыныстың сәйкессіздігі, өңірлік жалпы ішкі өнім өсімінің кемуі, еңбек күшінің жетіспеушілігі секілді проблемаларды тудырады. Сондықтан да, вице-министрдің ойынша, жұмыс күші жеткіліксіз өңірлерге еңбек мигранттарын көшіруді ынталандырудың тың тетіктерін іске қосу қажет.

       «Жалпы, осыған байланысты айта кетерлігі, оралмандарды орналастыру саясатында бұған дейін бірқатар қателіктер орын алды, қоныстандыру жұмысы тепе-теңдікті сақтап жүзеге аспады, ондағы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық сұраныстары ескерілмеді. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, оралмандардың 50 пайыздан астамы Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау, Жамбыл облыстарына шоғырланған. Ал аталған өңірлер әлеуметтік инфрақұрылымдар мен жұмыс орындарына қатысты онсыз да айтарлықтай демографиялық қысымға ұшырап отырған болатын», — дейді М. Әбілқасымова.

Яндекс.Метрика