2023-02-09

ӨРТ СӨНДІРУШІ БЕЙНЕСІ ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

Spread the love

Сегіз қырлы, бір сырлы. Шығармашылыққа өте жақын. Өлең де шығарып, әнді де тамаша орындайды. Әсіресе оның қиялынан туындаған фотоматериалдар мен бейнероликтер ерекше. Ойды дөп жеткізіп, жасаған контенттері таңқалдырып, тамсандырады. Сонымен қатар, қайсар да, батыл жан. Бұл небәрі 22 жасар өрт сөндіруші Әділет Жорабайдың бойындағы қасиеттер.

2000 жылы Келес ауданында дүниеге келген Әділет бала кезінен-ақ жан-жақты болатын. «Білсем, үйренсем» деп жүретін ол мектеп қабырғасында өлеңдер шығарып, әндерді де керемет орындап, түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып жүретін. Оның бірі 2016 жылы «Арай-2016» байқауындағы жеңісі еді. Сондай-ақ, спортты да бірге алып жүрген ол ережесіз жекпе-жектенде ауданаралық жарыстарда алдыңғы шептен көрініп жүрді. Т.Бегельдинов атындағы мектепті тәмамдағаннан соң, 2018-2019 жылдар аралығында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі «Батыр» Президенттік полкінде Отан алдындағы борышын өтейді.

Алға қойған мақсаты мығым, арманы айқын Әділет Жандарбекұлы 2020 жылы бала кезіндегі арманын қуып өрт сөндіру қызметіне қызметке орналасады. Белсенді, үлкеннен үлгі алуға әрдайым ұмтылатын ол қазіргі таңда мамандандырылған жасақта аға өрт сөндіруші болып қызмет етеді. Өрт сөндіру саласында кәсібилігі мен біліктілігін арттырып, елге абыроймен қызмет етуді алға міндет етіп қойған жас маман өзі таңдаған мамандығының-яғни өрт сөндірушілердің имиджін арттыруға да үлкен үлес қосып жүр.

Қала әкімінің және Төтенше жағдайлар департаменті бастығының алғыс хаттарымен марапатталған.
Ал бүгінде өрт сөндіру барысындағы түсірілген оның фотосы арнайы комиссияның шешімімен үздік деп танылып, «Тұлғалар мен цифрлар арқылы Қазақстанды сүю» атты республикалық көрмесіне «Профессия – спасать людей » деген атпен қойылатын болды. Шынайы сәт бейнеленген фото арқылы нағыз батыл жандардың тілсіз жауды ауыздықтағаннан кейінгі Ең үлкен жеңісін көруге болады.

А. Саипов
Қызмет бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі

Яндекс.Метрика