2024-07-27

КӨКСУ АУЫЛЫНДА КЕРЕМЕТ БІР ТОЙ ӨТТІ

Шардараның өз алдына аудан болып құрылғанына елу жылдан сәл асты. Дегенмен, осы аудандағы кейбір ауылдық округтердің жастары ауданнан   біршама үлкен. Мәселен, Көксу ауылдық округы 1937 жылы құрылған екен. Оған биыл 75 жыл толды. Мерейлі датаны көксулықтар лайықты атап өтуді жөн көрді.

         Кешегі апта соңында 75 жылдық торқалы тойларын ауыл тұрғындары дүркіретіп тұрып өткізді. Оған сол ауылда еңбек еткен ардагер аға-апалар мен аудан басшылары, сол ауылдан түлеп ұшқан азаматтар келді. Көршілес Қызылорда облысының Сырдария ауданында «Көксу» атты шаруашылық құрылып, бүкіл малымен, шопандарымен осында көшіріліп әкелінген екен. Ел басына күн туған 1941-1945 жылдардағы сұрапылда майдан шебіне вагонмен ет, жүн жіберіп, жеңісті жақындатуға мол үлестерін қосқан еді. Соғыстан кейінгі жылдарда да елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайын арттыру үшін ауыл еңбекккерлері  аянбай еңбек етті. Көксу ауылын небір талант иелері мен қоғам қайраткерлерін өмірге әкелген киелі мекен десе болғандай. Ауылшаруашылығы министрлігіне қарайтын Су комитетінің төрағасы Ислам Әбішев осы ауылда туған. Самбодан үш дүркін әлем чемпионы, Сидней олимпиадасына қатысушы Базарбек Дөңбай да осы ауылдың топырағын кешіп ержеткен. «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Лесбек Аманов, кәсіпқой бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Қанат Әлтаев, айтыскер ақын болған Камал Ендібаев, эстрада жұлдызы Ералхан Әбішев сынды азаматтар Көксудың керім ауасымен тыныстап, Сырдың суына шомылып өскен. Оңтүстіктен шыққан жалғыз Халық Қаhарманы Мәулен Қалмырзаев ұзақ жылдар бойына Көксу кеңшарында директорлық қызмет атқарды. Мәулен аға басшылық жасаған жылдары қой басы 30 мыңнан 70 мыңға бір-ақ артты. Соның арқасында бұл ауыл Социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесінің алтын, күміс медальдарын жеңіп алған болатын.  Мерекеде баяндама жасаған Көксу ауылдық округінің әкімі Талғат Әлімқұлов осындай тарихи жайларға жан-жақты шолу жасап, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Аудан әкімі Қамытбек Айтөреев Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ел экономикасының қарыштап дамып келе жатқанын,  мемлекет тарапынан ауылға барынша жағдай жасалынып жатқанына тоқталды. Мереке үстінде ауылда жемісті қызмет етіп жүрген бір топ азаматтар аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

         Тойға жиналған қауым алдында жерлес азаматтар Ислам Әбішевтің, облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержанның, басқа да еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген азаматтардың құттықтау хаттары оқылды.

         Көксу ауылының тойына Қызылорда облысынан келген қонақтар да сөз сөйледі. Шаруашылық құрылған кезде Қызылордадан осында қойды жаяулатып айдап әкеліп, осында ұзақ жылдар бойына мал баққан Әлтай, Алмат деген кісілердің ұрпағы Мүкарам Әбілдақызы, Есенкүл Сәтпайқызы деген аналар жүрек тебірентер лебіздерін айтты. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Оразалы Байдулла бауырымыз Көксу ауылының № 1 фермасында дүниеге келген екен. Кейіннен қайта Қызылордаға қоныс аударса да туған жерін сағынып, ауыл топырағына аунап кету үшін келгенін айтқанда жұртшылық толқып кетті.

         «Қанша үлкен сахнаға шыққанда толқымайтын жүрегім ауылға келгенде дірілдеп кетеді, себебі менің ең алғашқы сахнам осы ауылдың мектебі болатын» деген Ералхан Әбішев жерлестерін әсем әнімен сусындатты.

         Көксу ауыл әкімшілігі мен С.Ерубаев, Т.Айбергенов атындағы білім ошақтары, ауылдағы денсаулық сақтау мекемесі, Айдарқұл Қашар ауылының бастауыш мектептері әрқайсысы бір-бір киіз үйден тігіп, той сәнін арттыра түсті. Ортадаға алтыбақанда ауыл жастары тербеле ән шырқап, мерекенің шырайын кіргізді.

         Тойдың соңында ауыл сыртында мерейтойға арналған үлкен көкпар ойыны ұйымдастырылды.

  Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара ауданы.

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Яндекс.Метрика