2024-09-20

ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ №2 ХҚО ЖАҢА ҒИМАРАТҚА КӨШТІ

Енді Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабының тұрғындары мемлекеттік қызмет түрлерін Қаратау ауданы, Ибраһим ата көшесі, 118/2 мекенжайынан ала алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» МК ҚЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Данабек Исабековтың айтуынша, аталған ауданның халық саны 60 мыңнан астам адамды құрайды және ХҚО-ға келетін азаматтар жүктемесінің, сонымен қатар ағымының көбеюіне байланысты жаңа ғимаратқа көшу қажеттілігі туындады.

«Біз тұрақты түрде мемлекеттік қызметтердің көрсетілу реті бойынша талдау жасап, азаматтардың ыңғайлылығы үшін ХҚО аумағын кеңейту қажет деген қорытындыға келдік. Енді бұл проблема шешіледі деп ойлаймын және ХҚО-ның көшірілуі мемлекеттік қызметтерді барынша жедел көрсетуге және олардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа ХҚО-да 19 инспектор жұмыс істейді, ал дайын құжаттарды қабылдау және беру үшін 9 жұмыс орны бар. 400 м2 аймақта орналасқан ХҚО-да, сондай-ақ 100 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус және шақыру батырмасы жұмыс істейді», — деді Исабеков.

Қаратау аудандық №2 ХҚО мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, яғни жалға алу шығынынсыз жұмыс істейді. Филиал коммуналдық қызметтердің ақысын ғана төлейтін болады.

Шымкентте барлығы 11 Халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, оның ішінде 3 мамандандырылған ХҚО және көші-қон қызметін көрсету орталығы бар. Ағымдағы жылдың басынан №2 ХҚО-да 25 мыңнан астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген.

Айта кетейік, ХҚО мекенжайы: Қаратау ауданы, Ибраһим ата көшесі, 118/2. Жұмыс кестесі: ДС-ЖМ, 9.00- ден 18.00-ге дейін үзіліссіз.

Яндекс.Метрика