2024-07-27

Санаңызды күл-қоқыстан арылтуға дайынсыз ба? немесе күл-қоқыс көшеде емес санамызда жатыр

tories/ica6l0c5i.jpg» width=»255″ height=»161″ />Көшеде шашылып жатқан күл-қоқыстың саясатқа ешқандай қатысы жоқ. Жасыратыны жоқ, бәріміз солай ойлаймыз, ал атқарушы билік мұны коммуналдық шаруашылықтың  міндеті санайды. Олай дейтініміз,  күл-қоқысқа қатысты сауал жолдасаңыз, бірден сол мекемеге бағыт сілтеп жібереді. Әр кеңседе жұмыс стөлдерінде жабыстырылып тұрған сағыздар да үлкен мәселе емес, майда-шүйде көріп көз салмай өте шығамыз. Бұл шын мәнінде солай ма? Егер солай болса  көктем шыға Астананы дамыту мәселесі бойынша өткен мәжілісте Елбасы неге мұны үлкен мәселе етіп көтерді?Жаяу жүргіншілер жолында сағыздың тасталуы мен жапсырылуына байланысты неге қатаң сын айтылды? «Саусақтардың таңбасын алып, хаттама жазуды тоқтату керек, айыппұл төлетіп, үш тәулікке қамау керек! Сонда ғана тәртіп болады!». Бұл Елбасының сөзі!

            Негізі мәдениетсіз  адамы көп қоғамда өмір сүру қиындай түседі. Оның экономикалық тиімділіктің төмендеуіне де айтарлықтай әсері бар. Бұл әлемдік тәжірибеде дәлелденген жәйт. Сондықтан да «ел болам» деген мемлекеттерде бұл мәселеге майда-шүйде немесе жеке адамның мәселесі деп қарамайды. Мысалы, Пекинде көшеде түкіргендер, ұсақ-түйек қоқыс тастағандар итін
«саңғытып» қойғандар $6 айыппұл төлейді. Қытай астанасы басшылығының түкіру проблемасын шешумен айналыса бастағанына  биыл алты жылдан асып барады. Мұндағылар  басқа адамдардың көзінше түкіруді жұртшылықты құрметтемеушілік, деп санайды.

          Ал, Сингапурде сағыз шайнамақ тұрмақ, оны сатуға, сақтауға, бір-біріне
таратуға тыйым салынған. Тыйым салуды заңдастырған аталған елдің сол кездегі көшбасшысын, батыс пен Американың баспасөзі « аула сыпырушы» президент деп келемеждеген де кездері болған. Бірақ басшы айтқанынан қайтпады, сөйтті де басқарып отырған елін ең таза мемлекеттердің қатарынан көрінетіндей дәрежеге жеткізді.

Біздің дүкендерде  емін-еркін сатылып, қауіпсіз саналатын зат есірткімен теңестірілген, және бұл үшін салынатын айыппұлдың мөлшері де үлкен. 1000 ДОЛЛАР. Арнайы орынға тасталмаған қоқыс үшін $500 – ден $1000-ға дейін айыппұл салынады. Бұл мемлекетте далада тамақтануға да рұқсат жоқ — $1000
төлейсіз. Жолды ұқсат етілмеген жерден кесіп өтсеңіз — $100, түкірсеңіз -$1000, жеделсатыда шылым шексеңіз — 1000 долларыңыздан заңды түрде қағыласыз. Ал егер есірткі тұтынғанда өлім жазасына кесіледі. Баста экономикалық тиімділікке кері әсерін туралы айтқанбыз, енді осыны таратайық. Бір ғана мысал.

    Сағыз тазалау үшін жыл сайын €5,5 млн бөлінеді

Итальяндық зерттеушілердің есептеуінше, күнделікті Римдегі сәулет және өнер ескерткіштерін тамашалап келушілер 15 мың сағыз тастайды екен. Оны тазалау үшін жыл сайын €5,5 млн бөлінеді. Көп ақша. Кіріс шығысты әбден салыстырған итальяндықтар экономикалық тиімділікке келгенде көп ұтылатындарын бағамдайды. Сөйтеді де, қала әкімшілігі сағызды арнайы қоқыс салатын сауытқа салмайтындармен күрес жүргізуге шешім қабылдайды. Енді қылмыс орнында ұсталған құқық бұзушының €50 көлемінде айыппұл төлеуіне тура келеді.

           Ал малайлықтар бұл мәселені еңбектің қадірімен қабыстыра шешкен. Бұл елде асфальтқа тасталған сағыз үшін 1 ай қоғамдық жұмыс және $500 көлемінде айыппұл салынады. Айыппұлдың мөлшері Тайландта $600 , голландтық Гаага қаласында — €95, Ұлыбританияда — £90 .

           Бұл мәселеге орай британ билігі тіпті қатты кеткен. Біздің елдің кей азаматы   айналасын ластағанын ескерткені үшін тәртіп сақшысының жағасын алып жатса, ағылшындар қылмыс үстінде ұсталған адам өзінің аты-жөнін, мекен-жайын айтудан бас тартса, айыппұлды $2 дейін өсіріп  жіберуге құқылы. Олардың бұлай етпеске амалы қалмаған. Бұл мемлекет жыл сайын қала көшелерін сағыздан тазалау үшін $1 млрд жұмсайды екен. Тиімділік дегенде сатудан түсетін пайданың да есепке алынатыны белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде ағылшындар қаланы сағыздан тазартуға елде сатылатын сағыз бағасынан екі есе артық құн төлейтін болып шыққан.

            Бельгияның француз тілді аймағы – Валлонияда қоршаған ортаны ластағандары үшін қатаң айыппұл жүйесі 2009 жылы іске қосылды. Жерге тасталған темекі тұқылы, қаңылтыр банка, сағыз және қағаз үшін айыппұл сомасы €50 құрайды. Ал егер бұл қоғамдық орында орын алса айыппұл €150-ге дейін өседі. Айыппұлдың қалтаны қағатындай мөлшерде тағайындалуының да өз себебі бар : жыл сайын валлондық көшелерден 6 мың тонна қоқыс алынады екен. Коммуналдық мекемелер аумақтарды тазалау, қоқыстарды шығару үшін жалпы алғанда €100 млн жұмсайды.

           Қатаң ережелер Чехияда да бар. Ел астанасы Прагада да сағыз немесе басқа да қоқысты арнайы орынға тастамасаңыз, мәдени-тарихи орындарда спирттік ішімдіктер ішілсе $2 көлемінде айыппұл салынады. Тазалыққа құштарлық Араб елдерінде де қанат жая бастады. Әбу-дабиде (БАӘ) көшеде тасталған сағыз үшін $137, темекі тұқылы үшін — $55, көшеде түкіргеніңіз үшін — $27 айыппұл төлейді. Біз мұның бәрін санаға сәуле түсіру үшін айтып отырмыз.

   Ал, біздің елде ше…

            Біздің елдің ерекшелігі біздер азаматтар мойындау керек, заңға немқұрайды қарайтынымыз жасырын емес. Заң бізге тек қана өз құқымызды қорғау үшін керек құрал сияқты, ал оны орындауға келгенде кең адымға саламыз. Жолды ыңғайымыз келіп тұрған жерден кесіп өтеміз. Күл-қоқыс тастау, түкіру, сағызды тәттісі кеткенде болмаса жағымыз талғанда кез-келген жерге жапсыра салу, тастай салу қалыпты жағдай. Біреу ескертіп жатса мұның заңға қандай қатысы бар деп таң қаламыз. Таң қалатындар қараша халықтың да, қымбат көлік мініп, қымбат үйлерде тұратындардың ішінен де табылады. Заңдар басқа елдерде оларды сақтау үшін шығарылған. Ал, біздің елде көбіне оған деген қажеттілік басқа іс түскенде ғана туады. Сондықтан да көпшілік кәмелетке толмағандарға арақ-шарап, темекі сата береді. Сондықтан да алкогольді ішімдіктерді қоғамдық демалыс орындарында іше береді. Санада мұның заңға не қатысы бар деген сауал тұр. Сағыз, күл-қоқыс туралы да солай. Бізде тауарды сату мен оның қалдығын жинаудың экономикалық тиімді, тиімсіздігін зерттеп жатқан ешкім жоқ және жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі туралы да ешкім айтпайды. Бұл ауқымды жұмысты атқарудың жүйесі де жасалмаған. Санадағы «күл-қоқыстың» әсері президент бұл мәселені Астанаға ғана қатысты көтергендей әсер бар. Басқаларға қатысы жоқ. Сондықтан да Елбасы аузынан шыққан ұтымды ұсыныстың іске асатынына күмән бар. Біздің полиция егер мұны үлкен мәселе көрсе бүгінге дейін қанша адамға айыппұл салғанын баспасөзде жариялар еді. Насихаттың да, жұмыстың да басы осы.

           Бізде заңдық күші бар ережелер болғанымен олардың орындалу жүйесі жетілдірілмеген. Заң десе құқық қорғаушылар мен тәртіп сақшыларына сілтейміз, болды. Басқа елде жүйе де жетілген, мемлекет те қызығушылық танытқан. Мынаған қараңыз, Прагада қоғамдық орындарда тазалық сақтау, айыппұлдарды өндірумен аймақтық және коммуналдық басшылық жалдаған1,3 мың агент айналысады екен. Ал олардың жұмыстары үшін жыл сайын €2 млн астам қаржы бөлінеді. Чехия астанасында айыппұл төлеуден бас тартқандардың ісі сотқа беріледі, санкция сомасы екі есе ұлғаяды. Бельгияның Валлония аймағында айыппұлдарды коммуналдық басшылықпен арнайы жалданған 1
мыңнан астам агент өндіреді.

           Өркениетті елдерде айыппұл адам таңдамайды. Біз қалалардың тазалығымен де мақтана алмаймыз. Әсем қала Алматы — дүние жүзінің ең лас қаласы рейтингісінде 9 орында тұр. Тізімде бізден жоғары тұрған қала — таяуда соғыс болған Ирак елінің астанасы – Бағдад та төмен тұрған тұрғын қала «тазалық» сөзін білмейтін конголезстік Браззавиль. Мұндай елдермен тізімде көршілес болудың өзі жағымсыз әсер қалдырады.

          Ал, біздің Шымкенттің жайы мынадай. Газеттің 1-ші бетінде  жарияланып отырған суреттерді біз Шымқаланың көшелерінен, бала-бақша маңдарынан түсіріп алдық.Мойындау керек, қоқыс біздің көшелерімізде шашылып жатқан жоқ, ол біздің санамызда жатыр, сондықтан да күл-қоқыс тұрып жатқан елдімекеніміздің кез-келген жерінде шашылып жата береді, сондықтан да біз оған үлкен мәселе деп қарамаймыз. Сондықтан да оны тазалаумен тиісті мекеме айналысу керек деп есептейміз, бізге қатысы қанша? Ойда осы сұрақ тұрады. Шашылған қоқыс үшін тастаған өзімізді, көршімізді, бауырымызды емес әкімді жазғырамыз, неге тазаламайды деп. Жоғары лауазымы бар адам келсе, әкім келсе, басқа келсе көше сыпырып, сырлап, әрлеп шала бүлінеміз, кілем төсейміз. Кеткен соң бәрі баяғы баз қалпына келеді. Жоқ деп көріңіз…

   Бейсенкүл     Жақсыбекқызы

  «Қызмет» ақпарат

{jcomments on}

Яндекс.Метрика