2024-07-27

ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

tories/3192.jpg» border=»0″ width=»322″ height=»192″ align=»left» />     Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде ел спорты ауыз толтырып айтарлықтай ерен жетістіктерге қол жеткізді. Еліміз 1992 жылдан бастап халықаралық дүбірлі додаларға егеменді ел ретінде қатыса бастаған еді. Ел спортшыларының үлкен байрақты дода­лар­дағы жеңістері мен жетістіктерінің арқасында Қазақстан бүкіл шартарапқа таныла түсті. Қазақ спортының даңқының бұлай арта түсуі, әрине, мемлекетіміздің беделінің артуына да зор ықпалын тигізіп келеді. Ең бастысы, үлкен спорт – әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірден-бір көрсеткіші, патриотизм мен халық бірлігінің нышаны деп түсінгеніміз абзал.

       20 жыл ішінде Қазақстан Жазғы Олимпиада ойындарына бірнеше рет қатысты. Еліміз егеменді ел ретінде алғаш рет 1996 жылғы Атлантадан бастағаны белгілі. Одан кейін жеңісті жолдар Сиднейде, Афиныда, Пекинде жалғасын тапты.
2010 жылы Сингапурда тұңғыш рет жасөспірімдер арасындағы жазғы Олим­пиа­да ойындары өтіп, бұл сынға еліміздің түлектері қатысқан болатын. Сол жолғы сында біздің жеткіншектеріміз екі алтын, екі күміс, екі қола медаль еншіледі. Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында елімізде төрт жылда бір рет Қазақстан Республикасының жазғы және қысқы Спартакиадасы, сондай-ақ, жастар ойындары жүйелі түрде өтіп келеді. Мұның өзі еліміздің спорт саласындағы қол жеткізген нәтижелі табыстарының бірі. Сонымен бірге, олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында елімізде төрт жылда бір рет Қазақстан Республикасының жазғы және қысқы Спартакиадасы, сондай-ақ, жастар ойындары жүйелі түрде өткізіліп келеді.
      Мұның бәрі — еліміздің 20 жылда қол жеткізген табыстары. Жас Қазақстан үшін бұлардың бәрі аз жетістік емес. Спортшыларымыздың спортта қол жеткізген айту­лы табыстары Қазақстанның әлемдегі беделін арттыра түскендей. Азия Олимпиадалық кеңесіндегі мәртебеміз өсіп, үлкен спорт­тағы осындай сүбелі жетістіктеріміздің арқасында Астана және Алматы қалаларында VІІ қысқы Азия ойындарын өткіздік. Қазақ жерінде тұңғыш рет қысқы Азия ойындарының биік деңгейде ұйымдастырылуы қазақ мемлекетінің саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан тұрақты дамып келе жатқандығының жарқын көрінісі. Сондай-ақ, елімізде соңғы жылдары салынып жатқан спорттық нысан­дар мен ғимараттардың өзі ел спортының қарышты дамып келе жатқанына куә бола алады. Ақ Азиаданың ұйымдастырылу деңгейіне тәнті болған Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге мырза «Қазақстан 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге үміткер бола алады», – деген екен.
   Ал, үстіміздегі жыл қазақ спорты үшін ерекше жыл болды. ХХХ жазғы Лондон Олимпиадасы қазақстандықтар үшін өте табысты Олимпиада болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Биылғы жылы Азия олимпиада комитеті сары құрлықтың ең үздік 20 спортшысының тізімін жариялаған еді. 20 спортшының қатарында Қазақстанның үш спортшысының есімі ілінуі – бұл қазақ спортының әлемдік беделін көрсетсе керек. Олардың қатарында Ольга Рыпакова, Илья Ильин және Зүлфия Чиншанло бар.
      Жазғы ХХХ Олимпиаданың тарихын еске алғанда, алғашқы алтынның еске түсері кәміл. Байрақты бәсекенің алғашқы күні Қазақстанның қоржынына Александр Винокуров алғашқы алтынды салған болатын. Одан кейінгі жеңісті жолды тау көтерген толағайлар жалғағаны белгілі. Зілтемірші қазақстандық спортшылар бірінен кейін бірі алтынды жаудырғаны да әлі есте. Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин сияқты зілтеміршілердің жарқын жеңісі – қазақ спортының тарихында мәңгі есте қалары даусыз. Жұмыр жұдырықтың иесі Серік Сәпиев еншілеген алтын алқа – қазақ боксының мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдегендей. Бұл ұлт намысын ту еткен спортшыларымыздың қайтпас рухы мен бұлқынған намысы, мұқалмас ерік-жігері мен еңбегінің жемісі! Ұлттық құрама спортшыларының Лондон Олимпиадасындағы жетістіктері Қазақ елінің халықаралық аренадағы абыройын онан сайын арттырған еді.
        Қазақ спортының жай-күйі ха­қында қай кезде де айтсақ та маңызды. Өйткені бүгінгі күн талабын­да­ғы спорт дегеніміз, ол мемлекеттің бүгінгі беделін де көрсетеді. Спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі орасан зор ма­ңы­зын айтпағанның өзінде, жас мемлекет­тің дамуына қосар үлесінің салмағы қан­ша­лықты екенін әркім-ақ бағамдай жатар. Илья Ильин, Серік Сәпиев жеткен жеңістер қаншама қазақ баласының көкірегіне от құйып, жүрегіне шуақ сыйлағаны сөзсіз. Жас жеткіншектердің көбінің спортқа деген құмарлығы артты. Жастар спорт үйірмелеріне жазылып, бокспен, зілтемірмен, күреспен, велоспортпен шұғылдануға көшті. Олардың көкірегінде жеңіске деген сенім ұшқыны пайда болды. Әлем көз тіккен Олимпиада көгінде қазақтың көк туын желбіретіп, әнұранын айтқызсам деген арман – әр жеткіншектің санасына мықтап сіңгені де рас.
        Рас, спорт – бұл мемлекеттің беделін арттыратын маңызды шаралардың бірі. Еліміздің ХХХ Жазғы Лондон Олимпиадасындағы табысы мұны тағы бір рет дәлелдеп өткендей. Қазақ спорты құлашын кеңге жайып, қарқынды дамып келеді. Осыған орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Әрбір елді мекенде, соның ішінде ауылдық жерлерде, сондай-ақ әрбір мекеме мен кәсіпорында белсенді демалысты, дене тәрбиесі мен бұқаралық спортты дамыту үшін бірте-бірте жағдай жасау жөн» деуі де тегін емес. Қазақ спортын дамыту үшін әлі де атқарылар шаралар аз емес. Лондон Олимпиадасында бірқатар спорт түрлерінде қазақ баласының топ жарып, көзге түспеуі көңілге кірбің ұялатқан еді. Тіпті суда жүзу, жеңіл атлетиканың кейбір салаларында қазақстандық спортшылардың көрінбегені де жанымызды жабырқатып тастаған. Ол үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінде спорт үйірмелері тегін жұмыс істегені жөн. Бұл спортты дамытудың алғышарттары болғанымен, екіншіден, жас жеткіншектердің саламатты өмір салтын құруына негіз болар еді.
        Дені сау ұрпақ – келешектің кепілі. Келешегіміз дұрыс болсын десек, қазақ баласының спортпен шұғылданғаны абзал. Атқа шауып, көкпар тартқан қазақ баласына ұлттық спортпен бірге, әлемдік спорт түрлерін үйренген артық емес. Қазақстанның экономикасы мен саяси өмірін арттыруда ұлт спортының да тигізер пайдасы зор. Әлем қазақ спортына көз тігіп отыр. Соңғы Олимпиададағы жеңістер Қазақстанның атын шартарапқа тағы бір дәлелдеп өтті. Қазақстандық спортшылардың жеңісі жөнінде әлеуметтік желілерде жиі талқылаулардың болуы да осының куәсі. Ғаламтор беттерінде Қазақстан туралы, қазақ спорты туралы қызу пікірталастар өрбіді. Әсіресе, Зүлфия қыздың ғаламат жеңісі түрлі алып-қашпа әңгімелерге алып келді. Сайт беттерінде Зүлфия туралы алуан пікірлер айтылды. Сондай-ақ Илья Ильиннің толағай табысы туралы да жарыса жазғандар болды. Қазақстандық зілтемірші жігіттің күш-қуатының мықтылығының түбі қайда жатқанын айтып, даурығысқандар да жоқ емес. Жылқының қазысы мен қартасын жеп, қымызын ішіп өскендіктен Илья мықты болып отыр дескендер де болды. Мұның бәрі жел сөз, құр даурықпа әңгімелер екені белгілі, ең бастысы, қазақ спорты құлашын кеңге жайып келеді. Белгілі қоғам қайраткері Амалбек Тшан өзінің бір сөзінде: «Әр қазақтың жігіті мықты болу керек, ол үшін ең бастысы спортпен айналысу қажет» деген екен. Махамбетше жырласақ, «Еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алған» қазақтың мықты болмасқа шарасы да жоқ. Батыр Бауыржан шыққан елдің ұландары да осал болуға тиіс емес. Қазақтың балуандары мен батыр оғландары қазақ спортының қандай биікке жеткенін сөзсіз дәлелдейтін болады. 20 жылда осындай толағай табыстарға қол жеткізіп жатсақ, бұл біздің елдігіміздің берік белгісі емес пе?
Алайда біздің ел спортының төрінен қазақ күресі, тоғызқұмалақ, көкпар, бәйге секілді ұлттық спорт түрлерін де көргіміз келетіні жасырын емес. Шыны керек, ұлттық спорт түрлерін қанша жандандыруға тырыссақ та, әлі күнге еш нәтиже шығара алар емеспіз. Биыл ғана қазақ күресінен «Қазақстан барысын» өткізіп, ұлттық күрестің қандай болатынын тағы бір мәрте дәлелдедік. Қазақтың кең сахарасында талай Қажымұқандардың бар екенін бұл спорт түрі нақтылап бергендей болды. Батырлар мен мықтыларды дүниеге әкелген алаш жерінен әлемдік аренаның талай рингтерін бағындыратын алыптар шығары белгілі. Қазақтың алтын құрсақты аналары аман болса, талай батырлар мен оғландар туа­ты­ны да сөзсіз. Халық барда ұлт спорты кенжелеп қалмайды деген сенімдеміз.

      Г.Бектасова,

«Қызмет» ақпарат.

Яндекс.Метрика