2024-07-27

«ЫНТА» ҚОЛӨНЕР КӨРМЕСІ ӨТКІЗІЛДІ

        Шардарада мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуымен «Ынта» деп аталатын қолөнер көрмесі өткізілді. Алғаш рет өткізіліп отырған іс-шараның ұйымдастырушысы аудандық жастар орталығы. «Абай» Мәдениет сарайында ұйымдастырылған қолөнер шеберлерінің көрмесіне көптеген мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатысты. Көрмеге келуші қонақтар олардың қолдарынан шыққан бұйымдарды тамашалады. Әсіресе, Көксу ауылынан келген Нұргүл Жұртбаеваның киізден дайындаған байпақтарына көптің назары ауды. Шымкент қаласындағы Бейісбековтердің шеберханасында тәжірибе жинап келген Нұргүл қазіргі күнде сол жақтан арнайы қалып әкеліп, өз үйінде дайындап жатқанын айтады. Ақ меринос қойдың жүнінен дайындалған байпақтар мен бас киімдер, сәндік бұйымдар мен киіз ойыншықтар базардағы құны қымбат тауарларыңнан бір де кем түспейді. Көрмеге қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Шомпиев кішкентай бүлдіршіндерге арналған екі киіз байпақты 6 мың теңгеге сауда жасап, аукцион арқылы сатып алды. Сондай-ақ, «Шарайна» газетінің бас редакторы Нұрмахан Қары мырза да шебер қолдан шыққан картинаны аукцион арқылы жоғары бағаға сатып алды.
        Аудандық мүгедектер қоғамы жанынан ашылған тігін цехының тігіншілері де өздері дайындаған жастық, жайма, киім-кешек бұйымдарын көрмеге шығарды. Шымкент қаласында өткен байқауда ІІІ орынды иеленген Ұзын ата ауылынан келген 11 жастағы Арыстан Өтеген өзінің періште даусымен ән шырқап, келушілердің көңілдерін толқытты.
        — Біздің ауданда бүгін алғаш мәрте мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында қолөнер көрмесі өткізіліп жатыр. Шебер жасалған дүниелерді Шымкент қаласындағы көрмеге апарып қоятын боламыз. Елдің елдігін танытатын оның салт-дәстүрі, ою-өрнегі екені белгілі. Осындай қазақтың ою-өрнегі арқылы киізден әртүрлі бұйым тігіп отырған Нұргүл қарындастың ынта-жігеріне ризалығымды айтқым келеді, — деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Шомпиев.
        Көрмеге қатысушыларға деген ыстық лебіздерді қалалық еңбек ардагерлері қауымдастығының төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Қуаныш Ерназаров та жеткізді.
Әділ ӘБДІРАМАНОВ.
Шардара қаласы.
Яндекс.Метрика