2024-09-20

САУДА ОРЫНДАРЫНДАҒЫ КӨЛІК ТҰРАҚТАРЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛЕДІ

Шымкент қаласындағы сауда орындарының айналасындағы көлік тұрақтарды ретке келтіру бойынша жиын өтті. Кездесуге қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылары, қалалық полиция департаментінің өкілдері, тасымалдаушы компания жетекшілері мен сауда орындарының басшылары қатысты.
Жұмыс тобының мақсаты – қала көшелеріндегі көлік кептелісін азайту мақсатында жол қозғалысы қауіпсіздігін оңтайландыру, сауда орындарының алдына көлікке арналған тұрақ ұйымдастыру. Бұған қоса тиісті жол белгілері мен бейнебақылау камераларын орнату да маңызды болып тұр. Жауапты мамандар сауда орталықтарының өкілдерінің осы мәселе бойынша ұсыныстарын тыңдады. Алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылмақ.
Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы нақты жол саласына қатысты 8 бағытта жұмыс атқарады. Соның бірі — қала аумағындағы жол көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған орай, жол белгілері, жасанды жол кедергілері орнатылып, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жол таңбалары сызылады.
Салаға жауапты мамандар күнделікті қала көшелерінде зерделеу жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді.
Бүгінде шағын аудандар мен тұрғын алаптардың әлеуметтік маңызы бар орындарында жол жүрісі қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында ҚР Жол жүрісі қағидаларының 1.16.1 (жасанды бұдырлық), 5.16.1-5.16.2 (жаяу жүргінші өткелі) жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, жасанды жол кедергілері әлеуметтік маңызы жоғары емхана, мектеп, балабақша секілді мекемелердің аумағына орнатылады.
Шымкентте жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол апаттарының алдын алу мақсатында қала көшелерінде жол таңбалары жаңартылды. Мұндай жаңарту жұмыстары қолданыстағы стандарттарға сәйкес тұрақты түрде атқарылады.

Шаһардағы асфальт жолдың жалпы ұзындығы – 2055,7 шақырымды құрайды. Ағымдағы жылы қалада көліктердің жол қозғалысын реттеу, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 420 шақырымға жуық жол таңбалары сызылды.

Жаяу жүргіншілер өткелі бойынша қаламызда 465 орын белгіленген. Оның ішінде ағымдағы жылы 420 жаяу жүргіншілер өткелі қайта сызылып жаңартылды. Бұл жұмыстар көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін түнгі уақытта атқарылды.

Сонымен қатар, қала тұрғындары тарапынан жаяу жүргіншілер өткелін жаңарту туралы өтініштер жиі түседі. Алайда, аталған жаяу жүргіншілер өткелі ескірмеген, тек ауа-райы мен көлік ағынының жоғары болуына байланысты жол таңбалары кірленгені анықталады. Бұл ретте аудан әкімдіктері тарапынан тазалау жұмыстары жүргізілетінін мәлімдейміз

Яндекс.Метрика