2024-09-20

ЖАҢА АВТОБУС МАРШРУТТАРЫ АЙНАЛМА ЕМЕС, УАҚЫТ ЖАҒЫНАН ҮНЕМДІ

Қаладағы транспорт жүйесіне қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіле бастағанын айтқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исақовтың сөзінше, жаңаратын автобус маршруттары бұрынғысына қарағанда түзулеу болады екен. Бұл – жолаушылардың діттеген жеріне жылдамдау жетуіне сеп болмақ. Мәселен, қоғамдық көліктер А пунктінен Б нүктесіне жету үшін бір сағаттан астам уақыт шығындаса, ол енді жаңарған маршрут бойынша 20-25 минуттық уақытта жеткізбек. Оған қоса, тиісінше автобусты күту интервалы да 40 минуттан 7-10 минутқа дейін қысқарады деп күтілуде. Осылайша адамдар өз уақытын аялдамаларда көліктерді көп күтіп өткізіп алмау жағы да ескерген.

— Қазір біз 14 маршрутты қысқартып, 17-сін ауыстырып және жаңа 11 маршрут ендіріп жатырмыз. Бұған дейін жолаушыларға қалада 81 автобус маршруты қызмет көрсетіп келсе, жаңа көлік сызбасы ендірілгеннен кейін оның 78-і қалатын болады, — дейді ол.

Бүгінге дейін қазіргі 81 маршрутта үзіліссіз жұмыс жүргізуге 1200 автобус (әр маршрутта автобус бұзылған сәтінде алмастыратын екі қосалқы автобусы тағы бар) қажет болса, енді 1000 автобус қажет болады, яғни 200 автобус артық. Осыған байланысты, ескі автобустарды жаңалаудың орнына қалалық маршрут жүйесі 581-ден 690 шақырымға ұлғаймақ. Ұлғайған 100-ге жуық шақырымдар есебі шалғайдағы елді мекендерге жаңа желі тартуға  бағытталады.

Яндекс.Метрика